Отандық өндірісті қолдау – басым бағыт

Астанада елорданың жетекші жиһаз өндірушілерінің бірі «Астана-Жиһаз фабрикасы» базасында жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров, мемлекеттік органдардың өкілдері және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары қатысты. Қатысушылар фабриканың өндірістік процесімен танысып, автоматтандыру деңгейін және қолданылатын технологияларды бағалады.
«Астана-Жиһаз фабрикасы» – қазақстандық инвестициялар негізінде жұмыс істейтін отандық кәсіпорын болғандықтан, елдегі жиһаз өндірісі нарығының маңызды қатысушыларының бірі. Кәсіпорынның директоры Нұрлан Исқалиев жиһаз өндірісі саласындағы қазіргі жағдай туралы айтып, фабриканың алдында тұрған негізгі қиындықтармен бөлісті.
Елорданың Кәсіпкерлер палатасы мен Respublica партиясы бұл мәселелерді шешуге көмектесуге дайын екенін білдіріп, бизнесті қолдауға және отандық өндірісті дамытуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Кеңес барысында инвестициялық ахуалды жақсарту, ішкі нарықты күшейту және қазақстандық өнімге сұранысты арттыру жолдары талқыланды.
Кездесу барысында жастар елімізде бизнес жүргізу, отандық өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету механизмдері және жиһаз өнеркәсібінің ерекшеліктері туралы қызықтырған сұрақтарын қойды.
Кездесу қорытындысы бойынша бизнестің, билік өкілдерінің және қоғамның отандық өндірісті дамыту үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екені тағы бір мәрте расталды. Қатысушылар кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара диалогтың маңыздылығын атап өтіп, саланы тұрақты дамыту үшін жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігін айтты.