Қоғам

Отандық өнімге күш салған парк

Қазір елордада екі арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Бірі – «Астана – жаңа қала» деп аталса, екіншісі «Астана-Технополис» экономикалық аймағы. Осы АЭА-тың басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы. Бүгінде орталыққа қарасты №1 Индустриялық паркте заманға сай түрлі өнім шығаратын көптеген кәсіпорын бар. Әрі отандық және шетелдік инвесторлар қаржы құйған зауыт пен өндіріс орындары жыл сайын ашылып жатыр.

«Бүгінгі таңда АЭА-тағы өнеркәсіптік объектілерінің инвестициялық портфелі 130 жобадан құралған. Оның ішінде бүгінге дейін 5 700-ден астам тұрақты жұмыс орнын қамтитын 70 жоба пайдалануға берілді. Ал алдағы 3 жыл ішінде 3 200 жұмыс орнын құратын 60 жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ осы №1 Индустриялық паркте локомотивтер, электровоздар шығаратын, арнайы киімдер тігетін, оптикалық құрылғылар, құрылыс материалдарын шығаратын үлкен зауыттар жұмыс істеп тұр. Аталған барлық кәсіпорында инженер-механик, слесарь, дәнекерлеуші, электрик, сандық бағдарламалық басқару операторлары, өндіріс менеджерлері сияқты өз саласына жетік мамандар жұмыс істейді» дейді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының АЭА, өнеркәсіп және экспортты ілгерілету бөлімінің басшысы Айдын Қиылымбеков.

Бөлім басшысының сөзінше, былтыр мұнда 770-тен астам жұмыс орнын құруға қауқарлы 13 жоба пайдалануға берілген. Ал осы жылы 1300-ден астам жұмыс орнынан тұратын 21 жобаны іске қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, №1 Индус­триялық парк республикалық көрсеткіштер бойынша елдегі барлық парктер арасында елде көшбасшы болып отыр. Жұмыс істеу кезеңінде бұл парк 8,1 трлн теңге өндіріс көлеміне жетті. Сондай-ақ аталған парктің табыс­ты тәжірибесі №2 Индустрия­лық паркті іске қосуды да жеделдететіні анық.

Ержан ҚОЖАС

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button