Басты ақпарат

Отандық туризмді қалай түлетеміз?

Жаз – демалыс маусымы. Жұрттың көпшілігі отбасымен бірге демалатын жер іздейді. Әсіресе табиғаты сұлу аймақтарға ағыла бастайды. Биыл да отандық туризмді дамытуға үлес қосып, ел аумағында демалуды жөн көрдік. Қазақстанда туризм әлі жақсы дамымағанын мойындауымыз керек. Десек те отбасымен демалатын аймақтар бар. Солардың бірі – Зеренді көлінің жағасындағы шипажай. Елордадан тура 320 шақырым жерде тұр. Тақтайдай теп-тегіс жолмен 2,5-3 сағатта жетесің.

[smartslider3 slider=3535]

«Zeren» шипажай-сауықтыру кешенінде әріптестеріммен екі күн демалып едік. Өзіме ұнаған соң, отбасыммен бірге тағы бірнеше күнге бардық. Жан-жағынан қарағайлы орман мен үлкен көл қоршап жатқан демалыс аймағының табиғаты ғажайып, сұлу. Туристерді таңғалдыратын Швейцария, Түркия, БАӘ-нің шипажайларынан бірде кем емес. Төрт күн бойы ауа райы да тамаша болып тұрды. Зеренді көліне шомылып, бірнеше күн ауылда күннің ыстығынан «қызған» денемізді салқындаттық. Көлде ескекті қайықпен жүзіп, айналадағы әсемдікті тамашаладық.

Тұмса табиғаттың бір ұтымды тұсы: мұнда қалың жынысты орман да, суы жұмсақ көл де бар. Әсіресе жаяу серуендеуге өте қолайлы жер көп. Саф ауа, мүлгіген тыныштық. Зерендінің орманында ағаштардың, өсімдіктердің біз бұрын көрмеген түрі көп екен. Дәмі тіл үйіретін орман бүлдіргенін теріп жедік. Итмұрын да пісіп тұр. Әттең, жаңбырдан кейінгі желсіз ауада масаның көптігі мазамызды қашырды. Сонда да тәтті бүлдіргенді уыс-уыс қылып жинап алдық.

Еліміздегі туризмнің артық­шылығы да, кемшілігі де бар. Әуелі жақсы жағына назар аударғым келеді.

Біріншісі – Алла Тағала жарат­қан тамаша табиғат. Демалатын адам ең алдымен табиғаты әсем, ауасы таза, шомылатын өзені, көлі, теңізі бар жер іздейді. Зерендідегі қарағайлы орман мұндай демалысқа өте қолайлы. Өйткені ыңғайлы, ықшам киіммен таңертең немесе кешкілік орманды жаяу аралауға тамаша мүмкіндік бар. Орман «Zeren» шипажай-сауықтыру кешенінен небәрі 500 метр жерде тұр. Қолыңа таяқ ұстап алып, жалғыз аяқ жолмен жоғары қарай өрмелей бересің. Ғаламат тыныштық патшалығына қалай тез тап болғаныңды байқамай қаласың. Орманды біраз аралаған соң, шағын төбелер мен тастар кездеседі. Соның біріне шыққанда, көз ұшындағы Зеренді көлі, оның арғы жағындағы тауы, биік жердегі басқа шипажайлар анық көрінеді. Ормандағы саф ауаны тоймай жұта бересің, жұта бересің. Орманнан шипажайға қайтар жолдағы жүрісің жеңілдейді, өйткені ылдидан төмен жүресің.

Екінші мәселе – кейбір демалыс аймағындағы инфра­құрылымның толық жетілгені. «Zeren» шипажай-сауықтыру кешені жылдың кез келген мезгілінде демалушыларды қабылдай алады. Жазда көлде қайықпен, катамаранмен жүзуге болады. Ал қыстыгүні шанаға жегілген иттердің көмегімен аппақ қарға оранған ормандағы жолмен жүйткисің. Шипажайдағы қонақ үйдің құнына кешенді үш мезгіл тамақтану, емдік-сауықтыру ем-шаралары (дәрігердің қабылдауы мен кеңесі, ингаляция, тубус-кварц кіреді), үлкен бассейн мен тренажер залына кіру, балалардың ойын алаңдары мен бөлмелеріне бару, автокөлікті тұраққа қою, көлге шомылу кіреді. Жағалаудағы ескекті қайықты жарты сағатына – 1000 теңге, бір сағатына 2000 теңге төлеп жалға алып, көлде жүзе аласыз. Салыстырып көрсек, біз Бурабайда жарты сағатқа қайықпен жүзудің құны 8000 теңге екенін естігенде қалтақағарлардың «ашқарақтығына» қатты таңғалдық!

Демалатын жер іздеген адам­дарды ең бірінші қызықтыратыны – қонақ үйдегі жатын орынның, жейтін тамағының бағасы. Одан кейінгісі – қызмет көрсету деңгейі. Басқа жерлерден бір өзгешелігі, «Zeren»-де үш кісілік бір нөмірді 12000 теңгеге алуға болады. Бір тәулігі 36000, 51000 теңгенің нөмірлері де, 60 мың теңгенің жеке особняк үйлері де бар. Екі жатын бөлмесі бар, жартылай люкс коттедж үйді жалға алу құны – 90000 теңге. Үй мен қонақ үйден бөлек, даладағы палатканы да таңдай аласыз. Жалдау ақысы бөлек.

Үшіншісі – туристерге қызмет көрсететін персоналдың ішкі әдебі. Демалатын адамдардың ең бірінші назар аударатыны – осы. Үш жыл бұрын отбасымыз­бен бірге Түркияның Аланья қаласында демалдық. Әрине, ол жақтағы қызмет көрсету деңгейі бізден өте жоғары. Өйт­кені туризмнен қыруар табыс табатын түріктер Қазақстаннан ұшатын ұшақтан бастап, әр қаладағы туристерді қарсы алатын қызметкерлердің ішкі әдебіне, халықпен қарым-қатынасына ерекше көңіл бөледі. Тіпті бізді әуежайға апаратын көлік кешіккенде, бөлек нөмір ұсынып, сусынды алдымызға қойды. Міне, осындай қызмет көрсету Зерендіде бар. Шипажайға кірген күннен бастап бірде-бір қызметкердің қабақ шытқанын көрмедік. Ресепшн­дегі Ботакөз атты қызметкер мен бірнеше күн бұрын броньдап қойған нөмірлерімді ұсынды. Бір байқағаным, орыстілді және қазақтілді персонал кім-кімге болса да қажетті ақпаратын асықпай түсіндіріп, жылы жүзбен қарсы алып жатты. Асханадағы әкімші мен даяшылар, жағалаудағы қайық қызметін ұсынушылар, қонақ үйдегі қызметкерлер мен кіреберістегі күзетшілер де ізеттілігімен ерекшеленді. Бізге керегі – осы мәдениет.

Төртіншісі – турис­тердің денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігі. Бір айта кетерлік жайт, өткен жылы Щучинск қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы «Жұлдызды орман» глэмпингінде (сән-салтанаты жарасқан лагерь деген мағынаны білдіреді) демалып едік. Ол жер қаланың у-шуынан алыс, тірі табиғатпен тілдесуге өте қолайлы орын екен. Алайда Еуропада жақсы дамыған жаңа үлгідегі демалыстың бұл түріне біз әлі дайын еместігімізге көзім жетті. Тамылжыған табиғаттың аясында қауіпсіз, қолайлы тынығуға жағдай жасай алмағанымызды көріп қатты қынжылдым. Демалысымыздың үшінші күні таңға дейін отбасымызбен көз ілмей, далаға шыға алмай, үреймен жаттық. Себебі көрші палатканы жалға алған қазекеңдер (6-7 ер адам) түнімен ішіп, бір-бірін боқтап, таңға дейін «разборка» жасады. Айдалада сені біреу ұрып-соғып кетсе де араша түсетін жан баласы жоқ. Ертеңіне түнде болған оқиғаны глэмпингтің қожайындарына айтып едім, ешқандай эмоцияны байқамадым. «Әр адам өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді» деді шімірікпей. Бұл – демалушылардың денсаулығы мен жеке басының қауіпсіздігіне деген жауапсыздық пен надандық.

Енді Зерендідегі шипажай мен «Жұлдызды ормандағы» глэмпингті салыс­тырайық. Зерендідегі демалушыларға берілетін картада тыныштықты сақтауға қатысты заңдық ережені қара түсті әріптермен былайша баттитып жазып қойыпты. «Кешкі сағат 23.00-ден таңғы сағат 10.00-ге дейін қонақтардың тыныштығын бұзған адамдарға, Әкімшілік кодекстің 437-бабына («Адамдардың тыныштығын бұзу») сәйкес, 5 АЕК көлемінде – 15313 теңге айыппұл салынады». Үлкен қонақ үйде тәулік бойы демалушылардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жауапты бір қызметкер отырады. Бұл – әлемдік туризмде бар дәстүр. Осы үрдісті заңнамамызға енгізіп, туристік қызметті ұсынатын жекелеген кәсіпкерлерге әр адамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне жауаптылығын заңмен міндеттеу керек. Қазақстандағы туризмнің артықшылығына жыл сайын демалушылар санының өсуін, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы ортаны жатқызуға болады.

Еліміздегі туризмнің кемшілігі көп. Туризм саласындағы кадр тапшылығы, туристік аймақтардағы азық-түлік, жатын орын, т. б. бағасының шамадан тыс қымбаттығы, туризмді дамытқан өркениетті елдерден үйренетін озық тәжірибені үлгі еткіміз келмейтіні деп тізбектеле береді. Бұл – басқа мақаланың тақырыбы.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button