Басты ақпарат

Отанға оралған қазақ көші

Қазақ халқы тарихтан бері небір алмағайып күндерді бастан кешті. Десе де, халқымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгідей бақытты, бейбіт күнді ешқашан көрмеген болар. Бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен, ақ сойылдың күшімен қорғаған байтақ даласы бізге қалай мирас болса, осы ел мен жердің тәлейіне туған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алыстағы ағайынды отан құшағына оралтып, қазақ тарихында алтын парақтар ашты.

[smartslider3 slider=1457]

КСРО толықтай тарамаған, Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған 1991 жылдың қыркүйек айында егемен Қазақстан Республикасының ­Президенті ретінде Нұрсұлтан ­Назарбаев Түркияға ресми сапармен барған еді. Сапар аясында Ыстамбұл қаласында қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде берді. Сол кездесуде қазақ диаспорасының өкілдері Елбасынан «алғашқы кезекте жедел түрде Ауғанстаннан ауып барып Пәкістанда, Иранда, Сауд Арабиясында және Түркияда босқын ретінде тұрып жатқан қазақтарды елге қайтаруға қол ұшын беруді» өтінген болатын. Президент бұл өтінішті бірден қабыл алып, тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта Қазақстаннан арнайы әуе көліктерін аттандырып, аталған мемлекеттерде босқын болып жүрген бауырларымызды атамекенге жеткізді.

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы өзінің тәуел­сіздігін жариялады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылдың 31 желтоқсанында радиодан сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады.

Аталған хат «Егемен Қазақстанның» 1992 жылғы 1 қаңтардағы санында жарық көрді. Онда мынадай жолдар бар еді:

«Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар!

Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына ұлы өзгерістер алып келген, барлығымыз үшін үлкен сын болған 1991 қой жылы тарихта қалып, үміт пен күдігі мол жаңа – 1992 жыл келді. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, жер бетіне тарыдай шашырап кеткен отандастар, қандас бауырлар, Сіздерді Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтай отырып, әрқайсыңыз­дың отбастарыңызға мол бақыт, қуаныш тілеймін! Аспанымыз әрқашан ашық болсын! Сіздермен атамекенде табысатын, емін-еркін қауышатын күнге тезірек жетейік!…

Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныс­тандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!»

1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі ел астанасы Алматы қаласында Елбасының тікелей тапсыр­масымен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы шақырылды. Әлем қазақтары ыстық сағынышпен, толқыған көңілмен бас қосып, атажұртқа аңсары ауды.

Осы толқында алғашқылардың бірі болып отан құшағына оралған әйгілі тұлға, көрнекті қайраткер Халифа Алтай Ғақыпұлы болды. Сол атамыздың 80 жасқа толған торқалы тойында арнайы құттықтау білдірген Елбасымыз:

«…Өзімен кеткір кешегі зобалаң заманда Отанымыздан еріксіз айырылып, алыс жерде жүргенмен, бүкіл саналы өміріңіз бойы – қайран елім, жерім, халқым деп қабырғаңыз қайы­сып, армандап-аңсаған тілегіңізге жетіп, туған Қазақстанымыздың егеменді ел, тәуелсіз мемлекет екені әлемге әйгілі болғанда, Алатау бөктеріндегі әсем Алматыға асыға жетіп, қасиетті қара топырағымызды тізе бүге құшақтап, емірене сүйіп, жүрегіңіз қобалжып, көзіңізге жас алғаныңыз, алыстан қайтып оралған ағайындарымыздың арасында бірінші болып Қазақ Республикасының азаматы атағына иегер болғаныңыз есімізде» – деп толқыған, толғамды ойларын білдірген болатын.

Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастауымен айдай әлемге жарқын жүзімен жария болған жаңа Қазақ елі өмірінде уақыт күттірмей шешуді қажет ететін «көші-қон» атты жаңа өрлеу пайда болған еді.

ҚР Министрлер Кеңесі 1991 жылғы 18 қарашада «Азаматтық құжаттандыру туралы» № 711 қаулысын қабылдады. Аталған қаулыдағы «Басқа республикалардан және шет елдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ Рес­публикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» деген бап талай қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздырды.

Алғашқы көшті Моңғолиядағы ағайындар екі елдің «Еңбек келісімшарты» негізінде қозғады. Сөйтіп, 1991-1993 жылдары Моңғолия­дан Қазақстанға 10461 түтін қоныс аударып үлгерді. Дереккөздері ұсынған осы ресми мәліметтен тысқары өз күшімен үнсіз көшіп келіп жатқан ағайынның да аяғы үзілмеді. Өткен ғасырдың соңғы жылдарына дейін, ондағы ағайыннан шамамен 14 мың отбасы тарихи отанына оралды.

Осыдан кейін жұмыс, еңбек, оқу және туысқандық шарттармен келушілердің саны қауырт көбейді. Әсіресе, алдыңғы лекте Моңғолиядағы ағайындардың еңбек келісімшартымен түп қотарылуы ерекше дүмпу тудырды. Көш тасқыны ағытылғаннан кейін алыс-жуық елдердегі ағайындар мен Қытайдағы қазақтар да әртүрлі жолдармен келе бастады.

ҚР Министрлер Кеңесінің «Көші-қон туралы» 1992 жылы қабылдаған қаулысы бойынша ҚР Еңбек министрлігінің жанынан Көші-қон басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарма шама-шарқысының жетісінше алыс­тағы ағайынға ыстық құшақ ашты. ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы қыркүйектің 23-інде қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпшілігі үй-жай және басқалай жеңілдіктерге қол жеткізді.

Осымен бірге олардың құқықтық мәртебесі де ерекше ескеріліп, ҚР Министрлер Кеңесінің жоғарыда аталған №711 қаулысын және ҚР Жоғарғы Кеңесі 1992 жылғы 26 мамырда «Көші-қон туралы» заңын қабылдап, көптеген жауапсыз сұрақтарға шешім тауып еді. Аталған заң «Шет елдерде тұратын қазақтар үшін тарихи отанына емін-еркін оралуға» мүмкіндік берді, әрі ҚР Конституциясының ІІ бабы бойынша «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға» кепілдік беретіндігін де ашық білдірді. Бұған жалғас ҚР ­Президентінің Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мемлекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыттары» туралы қуатты құжаттар жасалды.

  ҚР Министрлер Кеңесі 1991 жылғы 18 қарашада «Азаматтық құжаттандыру туралы» № 711 қаулысын қабылдады. Аталған қаулыдағы «Басқа республикалардан және шет елдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ Рес­публикасына қоныс­тандыру тәртібі мен шарттары туралы» деген бап талай қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздырды

Аталған құжаттар қазақ көшінің кедергісіз жүруіне құқықтық мүмкіндіктер берді. «Халықтың көші-қон туралы» заңы ресми түрде бекумен бірге мемлекеттік мекеме – Көші-қон агенттігі құрылды. Қордаланған мәселелер шешімін тапты. Көші-қонға бөлінетін қаржының көлемі артып, оралмандарды баспанамен қамту мәселесі де бір қадам алға жылжыды.

2007 жылғы 28 тамыздағы ҚР Президентінің №399 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасы жасалды. 2011 жылы 22 шілдеде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы өзгертулер мен толықтырулар арқылы қайта қабылданды. Елбасының тікелей қадағалуымен жыл сайынғы этникалық көші-қон квотасының саны 20 мың отбасына дейін көбейіп, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы алғашқы қадамда сәтті жүзеге асырылды. Кейінгі кездері көші-қон жұмысы саябырсығанымен, аз да болса шеттен оралған қандастардың аяғы үзілген жоқ.

Соңғы көш басталғалы жер бетінде бақандай 30 жыл өтті. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық. БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің ішінен тек қана төрт мемлекет репатрианттардың тарихи отанына оралуымен мемлекеттік деңгейде айналысса, Қазақстан соның бірі және бірегейі болып, Германия, Израиль жəне Ресей Федерациясымен үзеңгілес жұмыс атқарды.

Құзіретті органдардың мәліметін толықтырып айтар болсақ, 1991 жылдан қазірге дейін тарихи отанына шамамен 240 мың отбасы немесе 1 миллион 300 мың этникалық қазақ оралған. Қазіргі үрім-бұтағымен қосқанда үш миллионға миллионға жақын қандасымыз Республикамыздың демографиялық жыртығын жамап қана қалмастан рухани бостығын толтыруға да айрықша үлес қосты. Дін, діл, ұлттық салт-дәстүр жағынан шоғымызды үрлеп, жоғымызды таптық. Империя бұғауынан босаған халықтың өз тегіне бет бұруына шеттен оралған қандастардың ықпалы да аз болмады. Солардың ішінде қазақстандық кез келген жұмыс саласында үнсіз қызмет атқарып осы ел мен жерге деген қарызын адалдықпен өтеп жатқан қаншама азаматтар бар!

Әрине, әрқандай елдің даму, өсу барысы толқынды кезеңдерді бастан кешеді. Қазақ көшінің басынан да осындай бірде биік, бірде төмен дегендей өзгерісшеңдікке толы күндер өтті. Соңғы жылдары көш саябырсығанмен, алыстағы ағайынның атажұртқа деген ыстық махаббаты еш суынбады. «Баласы атқа мінсе, атасы тақымын қысады» демекші, қазақ елінің дамуын ақпарат құралдарынан әр күні бақылап отырған алыстағы ағайын тілектес, ниеттес көңілмен дұға жасаудан жаңылған емес. Демек, қазақ баласы елдерге шашылғанмен, рухани бірлігінен айрылған жоқ. Елбасының алыстағы ағайын үшін, қазақ үшін айтқан әрбір жылы сөзінің өзі оларды қанаттандырып, желпіндіріп отырады.

Қалай дегенменде 1991-1992 жылдардан басталған қазақ көші осы жылдарға дейін бірде ашылып, бірде жабылып, әйтеуір жалғасып келеді. Жалғаса береді де. «Елге ел қосылса – құт» дегенді қазекем осындайға қаратып айтса керек.

Елбасының сарабдал саясатына үміт, сенім артқан алыстағы ағайын қашанда атамекен – Қазақстанды өздеріне арқа тірек санап, кеудесіне отан орденін таққандай марқайып жүреді. Н.Ә.Назарбаевтың «Ең басты жол – Отанға бастайтын жол» деген сөзі олардың санасында шамдай жарқырайды. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, өздерінің ерте ме, кеш пе осы топыраққа оралатынына да кәміл сенеді. Ылайым, солай болғай!

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button