Қоғам

Отаннан қымбат ештеңе жоқ

– Бұл дүниеде адамзат баласы үшін Отаннан қымбат ештеңе жоқ. Әрине, Отанды сүю адамдардың қызметіне немесе дәрежесіне қарай бөлінбейді. Оны кез келген адам өз жүрегінің қалауымен сүюі керек.

Оның ұлылығы да сонда. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайда 25 қазанды еліміздің басты мерекесі ретінде атап өту жөнінде бастама көтеріп, тиісті заңға қол қойған күннен бастап осы айтулы мереке тойланып келеді. Әрине, Тәуелсіздік күні мен Республика күнін бір мереке ретінде көріп жүрген жандар аз емес. Алайда бұл екеуі мүлдем екі басқа дүние. Олай дейтініміз Республика күні – Егемендік декларациясын қабылдаған күн. Бұл – егемендігіміздің есігін аштық деген сөз, бөлек ел болдық дегенді білдіретін символдық мәнге ие күн. Ал Тәуелсіздік күні – егемендігімізді айқындап берген, жеке дара ел екенімізді білдіретін күн. Сондықтан екеуін шатас­тырудың қажеті жоқ. Осы орайда тағы бір айта кете­йін дегенім, Отанға қызмет ету – кез келген перзенттің, осында туып өскен адамның борышы. Мейлі ол дәрігер болсын, мейлі мұғалім, әскери салада қызмет істейтін немесе қарапайым шаруа болсын – бәрі бір. Бастысы – Отан жалғыз. Сондықтан әркім өз жұмысын адал атқару арқылы да Отанына қызмет ете алады деп ойлаймын. Ал өзім медицина саласының маманы болғандықтан, барынша білгенімізді халықтың игілігі үшін жұмсасақ деп ойлаймын. Себебі қай ұлттың дәрігері болмасын, оның басты мақсаты – науқастардың денсаулығын сақтау және жақсарту. Сондықтан өз мамандығымыз арқылы халықтың қажетіне жарап жатсақ, ол – біздің Отанымызға, республикамызға қосып жатқан үлесіміз. Осыншама кең жері, береке-бірлігі жарасқан елі бар республикамыздың болашағы күннен-күнге нұрлана беретініне, жылдан-жылға алға жылжып дами беретініне, бара-бара әлемнің алпауыт елдерінің қатарында республикамыз жарқырап көрінеді деп сенемін.

Динара БАЙСЕРКИНА,

№6 қалалық емхана ­директоры,

Астана қаласы ­мәслихатының депутаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button