Жаңалықтар

ОТАНЫМЫЗДА ОҚЫҒАНДАРДЫҢ БІЛІМІ ОЛҚЫ МА?

Білім қуған кімге қызықсыз? Бәріміздің де оқығымыз, әрі қарай жетіліп, алға жылжығымыз келеді. Әрине, тіршілік мойын бұрғызса. Алайда, осы ай басындағы кейбір әңгі­мелерден кейін оқысаң, тек шетелде оқу керек деген ой мазалай бастаған сықылды. Көп­шілігімізді. Оған себеп те жоқ емес.

Сәуір айының басында Қазақстан Респуб­ли­касының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Динара Жаненова журналистермен кездескен еді. Сол жолғы мәлімдемесінде ол мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік қызметкерлерге магистратура дәрежесін немесе шетелдегі білімді міндеттеу жүктелетінін айтқан. Сөзбе-сөз келтірсек: «Қазір мемлекеттік қызметкерлер шетелдік әріптестерімен, шетелдік мемлекеттік органдармен көп жұмыс істейді. Сондықтан, әртүрлі келіссөздер барысында, қандай да бір шешім қабылданарда, құжаттарды дайын­дағанда біздің мемлекеттік қызметкерлердің білімі бәсекеге қабілетті болу керек. Сондықтан, біз лауазымдардың жекелеген түрлері үшін талапты күшейтпекпіз» деген еді Д.Жаненова.

Осылайша мемлекеттік қызметтің А және Б корпусына қызметке өткісі келетіндерден магис­тратура, соның ішінде шетелдік магистратура
дипломы талап етілетіні жәймен ғана құлаққа құйыла бастады. Мұның арасында, жалпы мем­лекеттік қызметтен үміткердің толықтай шетелде білім алуы міндеттелетіні айтылды…

Көбіміздің бір дестен еліміздегі ЖОО-ларға менсінбей қарауға мәжбүр болғанымыз да сондықтан.

Иә, мемлекеттік қызметке тұруға жарамды диплом бере алмайтын жоғары оқу орнында не қадір қалсын? Шама келсе, көпшілік шекара асуға мұқтаж болады. Кім де болса, қазыққа бай­лан­бағанды, байланса да, арқаны ұзын болғанын қалайды.

Десек те, бұл ниетіміз еліміздегі 126 оқу ор­нының 41 мыңдай профессор-оқытушысының құқын таптау емес пе? Қарапайым сөзбен айт­қанда, «сендер оқытқан шәкірттер мемлекеттік қызметкер болуға жарамайды» деу сан жылдық тәжірибесі бар қазақстандық ұстаздар қауымының көңілін қалдырмас па?..

Ал сантарапты дипломатиялық қатынас орнатып, шет елдермен тығыз байланыста жұмыс істеуге шетелде оқыған азаматтар ғана жарамды деген сөз қисынды ма? Сонда ықылым заманнан күні бүгінге дейін қазақ ешқандай елмен аралас­пай өмір сүріп келіп пе? Бүгін 550 жылдығы той­ланғалы отырған Қазақ хандығы шетелде оқы­ған азаматтары болмағандықтан, айнала елмен қарым-қатынас жасауға, заманнан қалмай өмір сүруге икемсіз болып па? Ал Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, «елге, жұртқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» екені рас болса, бізге шетелде алған білімнің қандай қажеттілігі бар? Мемлекеттік басқаруды дамытып, Отанға адал қызмет ету үшін дипломының шетелдік қағаздан болғаны емес, жалпы білімі, саналылығы, ең бас­тысы, отаншылдық мінезі ғана маңызды емес пе?

Отандық оқу орындарын менсінбейтін елде қандай отаншылдық туралы сөз болуы мүмкін?..

«Болашақ» қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратовтың айтуынша, жағдайы мүлдем бөлек Сингапурда ғана мемлекеттік қызметтен үміткерден шетелдік диплом талап етіледі екен. Ал көптеген елдерде шет елде оқыған азамат, керісінше, ең жоғары санаттағы мемлекеттік қызметке жіберілмейді. Оның себебі түсінікті.

Ендеше, бізге не керек? Елге адал, білімді мемлекеттік қызмкеткер ме, әлде шетелдік диплом ба?..

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button