Отбасы бағы бой көтерді
Асыл дінімізде тал отырғызу, жеміс ағаштарын егу – сауапты амал. Осындай сауапты іске атсалысып, қала маңын жасыл желекке айналдыру мақсатында елордалық Ботаникалық бақта «Отбасылық ағаш» атты ағаш отырғызу іс-шарасы өтті.
Халықаралық отбасы күні аясында ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен игілікті шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдерімен бірге қала әкімінің орынбасарлары, әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, сонымен бірге қоғам қайраткерлері, отбасылық саясат саласындағы сарапшылар, танымал журналистер мен блогерлер қатысты.
– Халықаралық отбасы күні аясында ағаш отырғыздық. Ағаш отырғызуға «Мерейлі отбасы-2022» байқауының жеңімпаздары да қатысты. Жалпы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы жанданып келеді, бұл іс-шара – соның айқын айғағы. Біз бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаймыз. Бүгін біз 20-ға жуық ағаш отырғызамыз. Жыл сайын бұл аллея кеңейе түседі деп ойлаймын, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов.
Адами құндылықтарды, соның ішінде отбасы мен некенің маңыздылығын насихаттауға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған игі іске өткен жылғы «Мерейлі отбасы-2021» байқауының жеңімпаздары – Самарбаевтар отбасы да белсене атсалысты. Отбасы бұл саябақта жиі уақыт өткізетіндіктерін және осындағы жасыл желектерді күтуге көбірек көңіл бөлетінін атап өтті.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ