Елорда тынысы

Отбасы бағы бой көтерді

Асыл дінімізде тал отырғызу, жеміс ағаштарын егу – сауапты амал. Осындай сауапты іске атсалысып, қала маңын жасыл желекке айналдыру мақсатында елордалық Ботаникалық бақта «Отбасылық ағаш» атты ағаш отырғызу іс-шарасы өтті.

[smartslider3 slider=2985]

Халықаралық отбасы күні аясында ұйымдастырылған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бастамасымен және Есіл ауданы әкімдігінің қол­дауымен игілікті шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдерімен бірге қала әкімінің орынбасарлары, әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшелері, сонымен бірге қоғам қайраткерлері, отбасылық саясат саласындағы сарапшылар, танымал журналистер мен блогерлер қатысты.

– Халықаралық отбасы күні аясында ағаш отырғыздық. Ағаш отырғызуға «Мерейлі отбасы-2022» байқауының жеңімпаздары да қатысты. Жалпы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жұмысы жанданып келеді, бұл іс-шара – соның айқын айғағы. Біз бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаймыз. Бүгін біз 20-ға жуық ағаш отырғызамыз. Жыл сайын бұл аллея кеңейе түседі деп ойлаймын, – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов.

Адами құндылықтарды, соның ішінде отбасы мен некенің маңыздылығын насихаттауға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған игі іске өткен жылғы «Мерейлі отбасы-2021» байқауының жеңімпаздары – Самарбаевтар отбасы да белсене атсалысты. Отбасы бұл саябақта жиі уақыт өткізетіндіктерін және осындағы жасыл желектерді күтуге көбірек көңіл бөлетінін атап өтті.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button