Басты ақпарат

Отбасы күнінде отау тікті

Халықаралық отбасы күні аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бастамасымен және Есіл ауданы әкімдігінің қолдауымен, бес бірдей астаналық жұпқа неке куәлігін табыс­тау рәсімі салтанатты түрде өтті. Неке қиюға өтініш білдірген жастар әртүрлі салада еңбек етеді. Арасында мұғалім, дәрігер, кәсіпкерлер бар.

[smartslider3 slider=2958]

Олар өздерінің отбасылық өмірінің алғашқы қадамын Есілдің сол жағалауындағы «Бәйтеректің» биігінде жасауын жақсылыққа балап, маңызды сәт екенін айтты. Қазақы ұғымымызда жайқалған бәйтеректей жапырақ жайып, орманға айналсын деген ұғым жұбайлардың бүгінгі арман-тілегімен ұштасып жатты.

Жастардың қуанышымен бөлісіп, жас жұбайлардың өміріндегі алғашқы  маңыз­ды сәттің куәсі болуға келген туған-туыстарымен бірге Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, Есіл ауданы әкімі Асылбек Есенбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының хатшысы Қарлығаш Саркенова да келіп, құттықтады.

Вице-министр Серік ­Егізбаев атап өткендей, статистикаға сәйкес, Қазақстанда некелердің ең көбі көктемде тіркеледі екен.

– «Махаббаттың құдірет күші әлдилдеп, табыстырған екі жастың жүрегін» деген өлең жолдарындай сіздер бұл өмірде бір-бірлеріңізді тауып, өмірге бірге қадам басып жатырсыздар! Осындай қуанышты күні біріншіден, ата-аналарыңызды құттықтаймын. Әрбір ата-ана үшін үлкен бақыт – өздерінің балаларының бақытын көру. Бүгінгі құрып жатқан шаңырақтарыңыз биік болсын, керегелері кең болып, қазандарыңыз қаспақты, балаларыңыз он шақты болсын» деген жарасымды лебізімен жастардың толқыған жүздеріне әсем күлкісін үйіріп, жиылған жұртты бір серпілтті.

Жастармен әңгімелесу барысында өмірге маңызды қадам басқалы тұрған жұбайлардың отбасы құндылықтары, алдағы өмірі туралы ойы тоқтаған, қазақы дәстүрлердің алға апарушы міндеттерін түсінетіні қуантты.

Есіл аудандық АХАЖ бөлі­мінің басшысы Раушан ­Зарирова: «ұлттық салт-дәстүрді сақтап, бала тәрбие­сінде адамзаттық ұлттық құндылықтарға негізделсе, отбасының іргесі мықты болады. Әлеуметтік орта да жас жұбайларға ықпалдасып, олардың  өнегелі отбасы болуына мүдделі. Біз қоғамымызда ажырасудың аз болғанын қалаймыз, сондықтан отбасы институтын кеңінен насихаттауға тырысамыз» деді.

Бұл салтанатты рәсім Отбасы күніне орай елордада өтетін іс-шаралардың шымылдығын түрді. Мұндай мағыналы шаралар отбасы мәртебесін көтеріп, ортақ құндылықтарды дәріптеуде орны ерекше болмақ.

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button