Қоғам

Отбасы саясатын берік ететін комиссия

Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдығы – сәтті жүргізілген отбасы саясаты. Бүгінде Астана қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демография саясаты жөніндегі комиссия осы бағытта жұмыс жүргізеді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен төрағалық ететін комиссия мүшелері 2024 жылға бекітілген жұмыс жоспарын жүзеге асыру үшін қаланың дағдарыс орталықтары базасында кездесулер мен көшпелі отырыстар, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында азаматтарды қабылдау және басқа да кең ауқымды іс-шараларды тұрақты өткізеді.

Бүгінде аталған комиссия құрамы жаңарып, 33 адамнан тұрады. Олардың қатарында қалалық мәслихат депутаттары, қалалық басқарма басшылары, ҚР мәдениет қайраткерлері, үкіметтік емес сектор, түрлі қоғамдық және жеке қор өкілдері, әйелдер кәсіпорындары мен дағдарыс орталықтарының директорлары, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, журналистер бар. Комиссия құрамында осындай тұлғалардың кең ауқымының қамтылуы әйелдер құқығы мен мүмкіндіктерін қорғау, отбасы-демография саясатын нығайту саласындағы көптеген мәселені кеңінен қамтуға септік етеді.

– Елордадағы халықтың 52,3 пайызын әйелдер құрайды, бүгінде қалада 1472027 тұрғын болса, соның ішінде 772434 адам – әйел, 14-35 жас аралығындағы жас әйелдер саны – 250507 адам. Елордалық әйел­дер қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өмірін дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Оның үстіне, елорда табысының көбі әйелдермен тығыз байланысты. Бүгінгі таңда қалада мемлекеттік қызметте жалпы әйелдердің 50 пайызы еңбек етеді, қалалық мәслихаттағы әйелдердің үлесі – 24 пайыз. Мәслихаттағы 34 депутаттың 8-і – әйел. Ал қоғамдық кеңес­тегі қызметкерлердің 20 па­йызы – нәзік жандар. Экономикалық қызметтегі белсенді әйелдер үлесі – 51 пайыз немесе 353 мың адам, соның ішінде 100 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіп­орындарында істесе, 90 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысандарын әйелдер басқарады. Елордада 75 мың әйел медицина және өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында қызмет етеді. Сонымен қатар елорданың мемлекеттік басқару органдарында әйелдердің де үлесі бар, атап айт­қанда, бір басқарма басшысы, аудан әкімдерінің екі орынбасары, 18 басшының орынбасарлары – әйел азаматтар, – дейді аталған комиссия төрағасының орынбасары Наз­гүл Мақжан.

Комиссия үкіметтік емес ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, әлеуметтік-экономикалық блок бойынша бағдарламалар мен тұжырымдар әзірлеуге белсенді қатысып, өз бастамалары мен ұсыныстарын дайындайды, отбасы мүддесін қорғау мәселесінде азаматтардың өтінімдерін назардан тыс қалдырмайды. Мәселелерді тереңірек зерттеу үшін комиссия жанынан үш жұмыс тобы құрылған. Бұл топтарда әйел­дер көшбасшылығы, отбасы құндылықтары бойынша мәселелер қаралады. Топтардың басшылары тағайындалып, жұмыс чаты ашылған, Instagram және Facebook әлеуметтік желісінде жұмыс­тар есебі жарияланып отырады (aielder_otbasy_komissiasy_ast, 3833-тен астам адам жазылған, 800-ден астам материал жарияланған), 50-ге жуық іс-шара жүзеге асқан.

– Біздің тарапымыздан отбасы мәртебесін арттыру, неке институтын нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, жұмыс орны мен отбасында зорлық-зомбылықтың жолын кесу, халықтың денсаулығын сақтау және нығайту бойынша ұсыныстар беру, халықтың өмір сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар кешені жүргізіледі. Елордалық комиссия ақпараттық және бағдарламалық сюжеттерге белсенді қатысып, ҚР заңдары саласындағы мәселелерді қарауда сарапшылық етеді. Қалалық басқармалар, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ-пен қатар ынтымақтаса жұмыс жүргізе отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған және көпбалалы отбасыларға психологиялық, заңды түрде, әлеуметтік көмек көрсетеміз, оларды дағдарыс орталықтары және «Жанұя» орталығында қабылдаймыз, – дейді комиссия хатшысы Қарлығаш Саркенова.

Қанатқақты жобаға 5 мектеп енді, олар – №6, 16, 24, 72, 79 мектептер. Комиссия ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөледі. Қаланың 5 ауданында, атап айтқанда, Қалалық әдістемілік орталықта, «Ұстаздар үйінде», №22, 54, 88 мектептер базасында тегін психологиялық-консультативтік көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Биыл 1 қыркүйектен бастап мектептердегі психологтар саны 200-ге артады. Қазіргі таңда 228 психолог бар, әзірге 1000-1500 балаға 1 психологтан келеді.

Оқушылар, студенттер, педагогтардың және ата-аналардың кәмелет жасқа толмағандар арасында құқық бұзу мәселелері бойынша педагогикалық және құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында және «Қауіпсіздік сағаты» қалалық жобасы шеңберінде Білім беру басқармасы мен осы комиссия бірлесе 38 мектепте және 8 колледжде 46 іс-шара өткізді, оған 25 мың адам қатысты. Ата-­аналар жиналысында отбасындағы тәрбие мәселелері, отбасының рөлі, кәмелет жасқа жетпегендер арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы, жастар арасындағы есірткі профилактикасы, жасөспірімдер заң бұзушылықтарының кейбір түрлері бойынша ата-аналардың жауапкершілігі мәселелері көтерілді.

Осы жылдың өткен кезеңінде 45-тен астам әйелге құқықтық сипаттағы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетілді, 3 әйелге тегін адвокат көмегі беріліп, 5 әйел отбасында агрессияға тап болуына орай дағдарыс орталығына шұғыл оқшау­ландырылып, орналастырылды. «Хабар» телеарнасындағы ток-шоу­да жүргізушілер абьюзер күйеуімен татуластырғысы келген 6 баланың анасы Гүлмира Смайловаға комиссия мүшелерінің мұрындық болуымен қайырымды азаматтардың арқасында қаржы жиналып, ол үш бөлмелі пәтерге ие болды. «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 балаға мектепке қажет оқу құралдары берілді. «Үміт», «Қорғау-­Астана», «Бақытты отбасы», «Аналар үйі», «Жанұя» дағдарыс орталықтарында әлеуметтік жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту, балабақшадан орын беру, отбасылар мен балаларға психологиялық және заң тұрғысынан қолдау көрсету мәселелері бойынша консультациялық кездесулер өткізілді.

Ағымдағы кезеңде тоқсан сайын комиссия отырыстарында кәмелет жасына толмаған балалар арасындағы суицидтің алдын алу, әкелер институтын нығайту, бала тәрбиесінде әкелер рөлін күшейту, балалар мен жасөспірімдер үшін шығармашылық үйірмелері мен спорт секцияларының қолжетімділігі, жасөспірім қыздарға медициналық қызмет көрсету, фертильді жастағы әйелдерге акушерлік-гинекологиялық қызмет жұмыстары бойынша мемлекеттік органдары өкілдерінің пікірі тыңдалды. Жаңа оқу жылының басынан бері қаланың білім беру ұйымдарында кәмелет жасқа толмаған балалар арасында жыныстық қарым-қатынас туралы тәрбие беру бойынша 3000-нан астам түсіндіру іс-шаралары өткізілді. «ODARA» жүйесі бойынша тұрмыстағы зорлық-зомбылық тәуекелін бағалау­дың халық­аралық тетігі пилоттық тәртіпте енгізілді. Жалпы алғанда, комиссия қызметінің 2024 жылға арналған кешенді жоспары көптеген міндет-мақсаттан тұрады және олар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button