Отбасы және гендерлік саясат: биылғы негізгі жетістіктер
Мәдениет және ақпарат министрлігі 2024 жыл қорытындыларын шығаруда. Бүгін назарларыңызға отбасы және гендерлік саясат саласындағы қызмет нәтижелерін ұсынамыз, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
2024 жылдың ең маңызды оқиғаларының бірі – «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы» Заңның қабылдануы. Жаңа редакция әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдатып, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтарды криминализациялады.
Министрлік ІІМ, ЕХӘҚМ, ДСМ және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Өңірлерде қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау бойынша мобильді топтар құрылды.
Сонымен қатар, жаңа заң аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі отбасын қолдау орталықтарының қызметін үйлестіріп, әдістемелік басшылық жасауда. Қазіргі таңда елде 43 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді және қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау үшін мобильді қосымша сынақтан өткізілуде.
Министрлік қазақстандықтардың арасында адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жұмысын жалғастыруда. 2025-2027 жылдарға арналған отбасын және некені сақтау мен нығайту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, қабылданды. Бұл жоспар ажырасудың алдын алуға және отбасылық өмірге саналы дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.
Жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі. 11 жыл ішінде оған Қазақстанның барлық өңірлерінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты.
2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтті. Оның аясында 2 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 300 мыңнан астам адам қамтылды.
2024 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы саналы ата-ана болудың маңыздылығын атап өтіп, балалар тәрбиесіне ерекше назар аударуға шақырды. Осыған байланысты, министрлік және «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Тәрбие – тал бесіктен» IX Республикалық әкелер форумын өткізді. Форумға 200-ден астам қатысушы – сарапшылар, үлгілі әкелер, белсенді азаматтар, педагогтер және білім беру мекемелерінің басшылары жиналды.
Министрлік «Балалар мен жастарды тәрбиелеу: мемлекет, қоғам және отбасы бірлесе әрекет етуде» атты халықаралық конференция ұйымдастырды. Конференция қорытындысы бойынша резолюция қабылданды.
Гендерлік саясатты іске асыру аясында гендерлік теңдікті нығайту және әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою бойынша жұмыс жалғасуда.
Әйелдер мен қыздардың көшбасшылық әлеуетін және саяси белсенділігін арттыру мақсатында «Томирис» ақпараттық-білім беру бағдарламасы бойынша оқыту жалғасуда. Биыл шамамен 500 әйел қамтылды.
Халықаралық гендерлік күн тәртібін іске асыру аясында ауқымды жұмыс атқарылуда. Биыл БҰҰ-ның 1325-резолюцияларын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың ұлттық жоспары жаңартылды. Бұл жоспарға 34 іс-шара енгізілді және ол сарапшылар мен дипломатиялық корпус тарапынан жоғары бағаланды.
Сондай-ақ, елдің 19 өңірінде азаматтық қоғам, сарапшылар және бизнес қауымдастығы өкілдерінің арасынан әкімдердің штаттан тыс гендерлік теңдік жөніндегі кеңесшілері тағайындалды.
Бұдан бөлек, биыл Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз ету жөніндегі ҚР Үкіметінің іс-қимыл жоспары қабылданды.