Басты ақпаратМәселе

Отбасындағы ойран – қасірет

Астана қаласы политехника колледжінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы өткен онлайн-дөңгелек үстел мәжілісінде осы бағытта бүгінде қордаланып қалған көптеген түйінді түйткіл ортаға салынды. Құқық қорғау қызметкерлері психолог мамандар және тәжірибелі ұстаздармен бірлесе отырып, осы өзекті тақырыптың жай-жапсарына үңілді.

Жүгенсіз «жуан жұдырық»

Статистика мәліметіне сү­йенсек, жыл сайын елімізде отбасындағы «жуан жұдырықтардың» қолынан 400-дей әйел көз жұмады екен. Ал бұған қоса бейкүнә сәбилердің де психикалық, моральдық тұрғыда орасан зардап шегетіні тағы бар.

Рас, кейінгі кезде Қазақстанда әйелі мен бала-шағасына зорлық-зомбылық көрсететіндерге заң біраз қатайды. Ендігі жерде жәбірленуші шағым түсірмесе де, учаскелік инспектор болған оқиғаның мән-жайын анықтап, хаттама толтырып, сотқа өткізе алады. Бірақ бұдан осы келеңсіздіктің азаятын түрі көрінбей тұр.

Елорда тұрғыны Ерден ­Жанасов көрші пәтерде тұратын ерлі-зайыптының өміріне ағайын-жегжат, көрші-көлем араласқаннан кейін ғана үйін­де аз да болса тыныштық орнағанын айтады.

«Көршім – 40-ты алқымдап қалған жігіт. Өзі осындағы бір құрылыс компаниясында жобалаушы болып жұмыс істейді. 5-6 жыл бұрын ауылдан келген үйелмелі-сүйелмелі жас отбасының 3-4 баласы бар. Басында «үй іші болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма?»» деп мән бермей жүргенбіз. Келе-келе ол кеште ащы суға сылқия тойып алып, әйелін шырылдатып сабайтынды шығарды. Арамызды бөліп тұрған бір қабырға, бәрі естіліп жатады. Бір күні осындай ұрыс-жанжал қатты шыққан соң, амал жоқ, есігін қағуға тура келді. Сөйтсек, балаларын бір бұрышқа тығып қойып, әйелін көк ала қойдай ғып сабап жатыр. «Не істесем де өз әйелім, шаруаларың болмасын» деп дөңайбат көрсетеді. Полиция шақырттық, 5 тәулікке қамауға алынды. Алайда балалар мен әйелінің жүрегіне жара салған адамның тәртіп пен тәрбиеге көне қоюы екіталай-ау» дейді қала тұрғыны.

Кейінгі екі жылдың өзінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 тарта әйел

көз жұмған

Осындай тұрмыстық зорлық-зомбылық кейінгі кезде 30 бен 40 жас арасындағы өмірдің ащы-тұщысын татып, енді ақыл тоқтата бастаған отбасылардың ортасында да орын алып отырса не дерсіз?! Екібастұздағы оқиға көптің жағасын ұстатты. Өзін күнде қамшының астына алатын дүлейден қалай құтыларын білмеген екіқабат келіншек ашу қысып, көзі қарауытып, қолына ас үй пышағын алып, күйеуі күзетші болып жұмыс істейтін мекемеге келеді. ­Әйелін жұмыс орнында көрген ол дүрсе қоя береді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, итеріп шығарып жібермекші болып жақындағанда, әйелі жүрек тұсынан қолындағы пышақпен бір-ақ ұрады. Бар-жоғы жалғыз соққы еңгезердей ер адамды сұлатып түсіреді. Жергілікті емханада травматолог-дәрігер болып қызмет істейтін әйелге сот 5 жыл жаза кесті. Оның орындалуын баласы жетілгенше 5 жылға кейінге қалдырды.

Үмітті үрлеген «Үміт»

Астана қаласы, Қарасай батыр көшесі, 11-үйде орналасқан «Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылы ашылыпты. Қазір мұнда 98 әйел өзінің кәмелетке толмаған балаларымен бірге тұрып жатыр. Бәрі де отбасында зорлық-зомбылық көріп, барар жері, басар тауы болмаған соң амалсыз осында келгендер екен.

Орталықтың заңгері Серікгүл Есмағамбетованың айтуынша, жыл сайын бұл жерге 18 бен 60 жас аралығындағы 2 мыңға тарта нәзік жанды түсетін көрінеді. Тұрақтау мерзімі: 1 айдан 6 айға дейін. Одан кейін олардың арнаулы комиссия мәселелерін қарап, одан арғы өміріне қатыс­ты нақты шешім қабылдайды.

– Жасыратыны жоқ, қазір сәл нәрсеге ашуланса болды, ыза-кегін үйіндегі әйел, ­бала-шағасынан алатын дүмше еркектер көбейіп кетті. Ең қорқыныштысы, олар тым қатыгез болып келеді. Өзінің ішінен шыққан баласын да аямайды.

Жақында бізге Жанна есімді 35 жастағы бір келіншек 3 баласымен қабылданды. Үйіндегі болған оқиғаны тыңдасаңыз, жағаңызды ұстайсыз.

Құрылыста тас қалаушы болып істейтін күйеуі жұмыста бастығымен сөзге келіп қалып, жұмыстан босап қалғаны үшін ашуын басу үшін арақ ішіпті. Сол ащы суға сылқия тойған ол мас күйі үйіне келіп, бір сөзге келместен әйелін сабаған. Күздің қара суығында 6 және 4 жасар екі кішкентай сәбиін сыртқа шығарып жіберген. Жан дауысы шығып, әкелеп жылаған бүлдіршіндердің дауысын естіп, көршілері полиция шақыртқан. Келген жедел жәрдем дәрігерлері әйелдің үстінен 12 дене жарақатын көріп, көзі атыздай болыпты. Маскүнем әке сот шешімімен 10 күн қамауға алынып, әйелі, бала-шағасы 3 айға осы мекенжайға жіберілді, – дейді заңгер.

Тек биылдың өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық тұрғысында полицияға 115000 арыз-шағым түсіп отыр

Айта берсе, осы «Үміт» дағ­дарыс орталығына түскен әр әйелдің өзіндік тағдыры бар. Серікгүл Бакесқызының айтуынша, күйеуі ұрып, күн бермегендіктен осында келіп жатқандардың көбі – қазақ әйелі.

«Біз олардың қорғанысын қамтамасыз ету туралы ұйғарым шығарамыз. Шынында, күш көрсететін дүлейлердің көбі маскүнем немесе нашақор болып келеді. Бұдан бөлек, арақ ішпесе де, шекпесе де үйге ақшасын әкелмей, құмар ойынға салынғандар да бар. Ал тағы бірі сектаға кіріп кеткен. Әйел, бала-шағасының бетін бүркеп, өзі сенген дін жолын бұлжытпай ұстауын талап етеді. Міне, осылардың бәрі отбасына ойран салып, өзінің қатаң тәртібін орнатқысы келеді. Сәл нәрсе көңілінен шықпаса, ұрып-соғады. Мұндай еркектермен қазір полиция дендеп айналысып жатыр. Ал қысымшылыққа түскен әйелдер дағдарыс орталығында оңтайландыруда» дейді ол.

Арыз-шағым көп, бірақ…

Статистикаға жүгінсек, ке­йінгі 2 жылдың өзінде еліміз бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400-ге тарта әйел көз жұмған. Медицина мекемесіне ауыр дене жарақатын алған 878, орташа түрдегі дене жарақатымен 808 әйел тіркеліпті. Сондай-ақ осы негізде 37000-нан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тек биылдың өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылық тұрғысында полицияға 115000 арыз-шағым түсіп отыр.

Психолог Мария Маратованың пікірінше, заңды қанша қатайтқанмен, 2 миллионға жуық тұрғыны бар елорданың өзінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы барынша жұмыс жүргізіліп жатқанмен, нәтиже ойдағыдай болмай отыр. Неге десеңіз, әйелдердің көбі мұндай келеңсіздікке бойы үйреніп кеткен. Күйеуі ұрып-соғады, кейін кешірім сұрайды. Сонымен жабулы қазан жабулы күйінде қалып қояды. Өйткені оларда дәрменсіздік бар. Өзіне сенімсіз. Тиран күйеуінсіз өз бетінше өмір сүруді көзіне елестете алмайды. Міне, осындай психологиядан көп әйел өмірмен қоштасып жатыр.

«Тағы бір жайды айтайын, өткен айда «Үміт» дағдарыс орталығына күйеуі оңдырмай ұрып, денесіне ауыр жарақат салған бір әйел түсті. Қасында 7-8 жасар қызы бар. Әкесі қызын да аямапты. Денесінде сау-тамтық жер жоқ. Белбеудің ізі. Өз қызына мұндай қатыгездік танытқан әкені бірінші рет кездестіріп тұрмын. Алайда 3 күннен кейін әлгі қыз әкесін іздеп, шырылдап жылады. «Папамды сағындым» деп түнімен ұйықтамайды. Психолог дәрігер мен педиатр бірігіп, бір жұма жұмыс жүргізіп, сәбиді сабасына әрең түсірді. Оның ойынша, әкесінің осыншама ұрып-соққаны қалыпты нәрседей көрініп тұр. Өйткені оның көзін ашқалы көріп келе жатқаны – осы көрініс. Баланың бұған еті үйренген. Сонымен психологқа бұл қыз баламен 1-2 айдай жеке жұмыс істеуіне тура келді.

Отбасы – шағын мемлекет. Міне, мемлекеттің абыройын асырып, мәртебесін биіктететін ер-азаматтың әйелі мен баласына қол көтеруі – асқан қасірет. Бұл – әрі-беріден кейін тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер. Онымен күресу – құқық қорғау органдары қызметкерінің ғана емес, барша азаматтың ортақ борышы. Отағасынан зорлық-зомбылық көрген ананың қасіреті, бұл – баланың қасіреті. Бұл – бүлінген тағдырлар. Сондықтан оған жол бермей, тәрбиені бесіктен бастап, қызды қылықты, ұлды намысты қылып өсірсек, отбасының берекесі кіріп, шаңырақта тату-тәтті өмір салтанат құрар ма еді деген сенімдеміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button