Әлеумет

Отбасыңа ие бол, отбасыңа!

Кеше Астанаға еліміздің әр өңірінен келген ер азаматтар республикалық «Әкелер форумына» қатысты. Бірінші рет өткізіліп отырған форум Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясындағы «25 пайдалы іс» акциясы аясында ұйымдастырылды.

akeler

Астана қаласы әкімдігі мен Қа­зақстан Республикасы Прези­денті жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комиссия «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін дәріптеуді, отбасы институтын күшейтуді мақсат тұтқан.
– Халқымызда «Отан, отбасы, отағасы» деген – бір-бірінен ажырамайтын ұғым­дар. Бұл шара Мемлекеттік хатшы, Әйелдер істері жөнін­дегі комиссияның төрағасы Гүл­шара Әбдіхалықованың тап­сырмасымен өтіп отыр. Қазіргі таңда Қазақстандағы отбасы саясатының басты бағы­тының бірі – ер азаматтар мен әкелер абыройын сақтау, оны биіктету, яғни қазақ хал­қының «әке – асқар тау, ана – етегіндегі бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дәстүрін жалғастыру, – дейді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия төрағасының орын­басары Ләззат Сүлеймен.
Алғашқы форумға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті орган басшылары, қоғам қайраткерлері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығы қатысты.
– Қазақ «тұяқ – тұлпарды, тұлпар – ерді, ер елді сақтайды» дейді. Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы қарсаңында біз тек жақсы нәрсені сөз етуіміз керек. Бірақ үндемей қалуға болмайтын өкінішті жағдайлар да жоқ емес. Бүгінде елімізде 5,5 миллион бала бар. Бәрінің бірдей әке-шешесі бар деп айта алмаймыз. Тіпті, бар болғанның өзінде де биік үлгіні көрсете бермейді. Республика бойынша 370 мың бала бүгінде алимент алмайды. Балалардың 23 пайызына ғана тұрақты алимент төленеді. Қалған әкелер қайда? Ер азаматтар әйелдерге неге қол көтереді, балаларды неге қорлайды? Сіздер тек өз ортаңызда ғана емес, еліміздегі барлық ерлерге үлгі болуға міндеттісіздер, – деген Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева залдағыларды жетімдерді жебеуге шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанда 8 мың бала ата-ана қамқор­лығына мұқтаж.
– Жолдасым екеуміз үш балаға құшағымызды аштық. Тағы бесеуін бауырымызға тартып, отбасы үлгісіндегі балалар үйін құрғымыз келеді, – деді Зағипа Балиева сөзін жалғап.
Алқалы жиында, сондай-ақ, әр аймақтан келген үлгілі әкелер дипломдармен марапатталды. Солардың бірі – Орал қаласының тұрғыны, жалғызбасты әке Мырзағали Дүйсембеев бүгінде үш баласын бағып-қағып отыр. Ол өзінің бір бүйрегін қиып, туған қызының өмірін аман алып қалған. Форумда Мырзағали Дүйсембеевке салтанатты түрде «Әкелер одағының» куәлігі мен марапаттау қағазы табысталды.
Бүгінде «Әкелер одағына» 300-дей ер азамат мүше екен. «Әкелер одағының» әлеуметтік желідегі парақшаларына тір­келіп, ұйымға кіруге болады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button