Қоғам

Өте өзекті бастама

Астана қалалық мәслихатының депутаттары Қазақстан Президентінің Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында ұсынған бес әлеуметтік бастамасын зор қуанышпен қабылдады.

Баспананы қалай алуға болады, оған жеңілдікпен қол жеткізудің жолы бар ма? Елорда тұрғындары мен бас шаһарға көшіп келген адамдар көтеретін мәселелердің бірі осы туралы болып отыр. Астанада жыл сайын бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 18 мыңға жуық пәтер тапсырылып жатса да, бұдан тыс ескі, апатты тұрғын үйлерді ысыру қанатқақты жобасы жүзеге асып жатса да, баспанаға ие болу мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Оған жауап табылды деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өз үндеуінде бес бастамасының бірін айтып: «Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады» деді. Бұл бастаманы баспанаға зар болып жүрген әр адам қуана қабылдайтынына сенімдіміз.
Астанаға газ тарту туралы Елбасы бірнеше мәрте айтты, бүгінгі үндеуінде де бес бастаманың бірі ретінде астын сызып тұрып атап көрсетті. Астаналық депутаттар да қалаға газ тарту ісі бүгінгі күннің ең басты да маңызды, қала тұрғындарын толғандыратын мәселе деп санайды. Соңғы уақыттарда жеке секторда жағылатын пеш пен қаладағы ЖЭО қалдықтары салдарынан шаһар түтіннің құрсауында қалып жүр. Жергілікті атқарушы органдар бұдан арылу үшін алғашқы қадамды жасады. Ауаны ластайтын қалдықтарды азайту мақсатында инвесторды тартып, жеке сектор мен автономды қазандықтарды баламалы отынға (газ) көшіруді бастады. «Тұран» атты табиғи газ стансасының құрылысы аяқталып, сұйытылған газ алғашқы тұтынушы «Назарбаев Университет» ДББҰ-ға берілуде. Бұл жүйеге Қазақстан Республикасы Ғарыш орталығы мен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі академиясын қосу жұмыс­тары жалғасуда. Астананы газдандыру жалпы алғанда қаладағы экология­лық жағдайды шешуге жәрдемдеседі.
Біз, астаналық мәслихат депутаттары, Елбасының жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салу ұсынысын қолдаймыз. «Нәтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, бұл 2 миллионнан астам адам, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейетін болады» деп атап өтті Президент.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күрделі кезеңде мемлекет халқын қолдауға дайын екендігін тағы атап өтті. Әр мемлекеттік орган, әр ұйым Елбасы алдымызға қойған міндеттердің орындалуына атсалысып, Елбасы бізден күткен оң нәтижелерге қол жеткізуге тиіспіз.

Жанат НҰРПЕЙІСОВ,
Астана қалалық
мәслихатының хатшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button