Жаңалықтар

ӨТКЕЛЕКТЕРДІҢ БІР ӨЗЕГІ

Төл әдебиеті жоқ халық, сірә, табылмайтын шығар. Бірақ сол әдебиеттің түпқайнары, түрленуі және дамуы қандай өткелектерден өткені, тап қазір қай тұста тұрғаны түгелденіп болмағаны және рас. Бұл ретте, әрідегі кей құнды жәдігерлерді айтпай тұра тұрғанда, жаппай жазба мәдениетіне кешірек бас қойған біздің жұртымыздың енді іздеп тауып жатқаны көп-ақ.

Мысалы, бұған дейін қалың оқырманның көңіліне дәстүрлі ментальдік туралы ұғым онша сіңісті бола қойған жоқ. Сіңісті болмайтын себебі, күні бүгінге шейін қазақтың әдебиеттану ғылымында сол дәстүрлі ментальдік туралы мәселе, айталық, арнайы зерттеу нысаны болған да жоқ.
Ал болуға тиіс пе еді? Әрине. Бұған қатысты зерттеу объектісі бес ғасырлық қазақ әдебиетінің кез келген сөзі мен сөйлемінен табыла кетеді. Тым әрідегі Асан Қайғы немесе берідегі Дулат Бабатайұлы мен Мұрат Мөңкеұлы, кешегі Жүсіпбек Аймауытұлы мен Бейімбет Майлин… Қайталап айтайық, өте жеткілікті. Біз тек қалам ұшына іліккен кей есімдерді ғана атап отырмыз.
Ал Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріп ұсынған «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» деп аталатын монография осы тұрғыда («Arna-b», Алматы, 2013) бұдан әрі қарайлауды, күте беруді мақұл санамайтын тағы бір қажеттіліктің орнын толтырыпты.
Монография ең алдымен мынаны түсіндіреді:
«Ментальдік – белгілі бір мәдени ортада өмір сүретін, дүниені өзінше қабылдайтын, дара ойлау жүйесі бар, өмірлік құндылықтары қалыптасқан, тұрмыстық және әлеуметтік мінез-құлқы орныққан адамдардың жиынтық сипаттамасы».
Яғни, ментальдік, дастарқан басында оңай түсіндіріле салатын қарапайым тілге сайсақ, сіз бен біздің сипаттамамыз екен. Одан гөрі тереңге сүңги бастасақ, алдымыздан шығатын сауал: біздің сипаттамамыз қандай?
Біздің сипаттамамыздың, әрине, шегі жоқ: түркілік түпнегіз, қазақ хандығы, жыраулық поэзия дәуірі, жоңғар-қалмақ шапқыншылығы, ресейлік отарлық, Алаш идеялары, кеңестік кезеңдегі ұлттық геноцид, мәдени экспансия, ассимиляциялық саясат, қайта оралған тәуелсіздік…
Тым қысқартып айтқанда, шамамен осылай болып келеді. Осылай болып келетін түпбейнеміз бен тыңбейнемізді қалай танимыз?
Ең әуелі, әрине, тарихи деректер арқылы нықтаймыз. Негізінен, тасқа басылған, сосын ауызша таралған сөз-деректер негізінде көсілеміз. Бірақ, бір қасіреттісі (өкініштісі деуге тіпті де сыймайды), мысалы, жоқ ақынның жоқ сөзін бар болған ақынның бар сөзі сияқтандырып (расында сияқтандыра да алмай) ұсынып, газет-журнал, кітап сөзіне сенетін адал оқырманды әбден адастырып жүрміз. Бұл, бірақ, біріншіден, басқа әңгіменің еншісі, екіншіден, біз оқып шыққан кітаптың пайдаланылған әдебиеттер тізімінде ондай «елес авторлар» жоқ екен. Соған қуанып қалдық һәм монография иелерінің талғамына риза болдық. Ал кімдер бар дегенге келсек, нағыз асылдар: Бұқар, Махамбет, Шортанбай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып, Шәкәрім, Қасым, Әбділда, Жұмекен, Мұқағали…
192 беттік моно­графияның барлық қыр-сырын тәптіштеп зерттеу осыған ұқсас тағы бір еңбек жазумен пара-пар болатындықтан (ондай зерттеу еңбек артықтық та етпестігін білсек те), әзірге оқырманды білікті кітаппен таныс ету мақсатында кей тақырыптарды қаузап қана, аз-мұз сөз қозғауды жөн көрдік.
Мысалы, бір тарау «Абай: Бейуақ тұстың бағыты» деп аталады. Ұлы ақынның «Күңгірт көңілім сырласар Сұрғылт тартқан бейуаққа» деген жолдары бар атақты өлеңдерінің бірін талдай келе Амантай Шәріп: «Абайдың «бейуағы» – қазақ қоғамының қалт-құлт етіп тұрған әрі-сәрі күйінің де суреті. Бейуақта жердің жүзін көлеңке билейді – алыстағыны айырудан қаласың; қоғамның беймезгіл шағында адамдардың мұрат-мақсаты күңгірттенеді – болашақты болжаудан қиналасың» дей отырып, одан әрі елдің басындағы заман мен ұлттық мінездің бір-біріне еріксіз таңылатындығының себептері мен салдарларын немесе ұлттық мінез бен дәстүрлі ментальдіктің күрделі ара қатынастарын терең зерделей түседі. Ал «Жыраулық жерұйықнама» тарауында бұл тақырып Асан Қайғы сөздері арқылы келісті ашып көрсетіледі. Ең ұтымдысы, осы екі тарау арқылы бастапқы тараудағы – «Әдеби-тарихи үдеріс және дәстүрлі ментальдік» деп айдарланған тараудағы теориялық нақтамаларды егжейлі-тегжейлі зерделеуге болады-ақ екен.
Қысқаша айтқанда, ғалым қазақ әдебиетіндегі ұлттық ментальдіктің генезисі, эволюциясы және трансформациясы шамамен алты кезеңдік рухани көріністерден белгі беретіндігін тұспалдап, сол кезеңдердің ая-астарын ұғымды деректермен, ұтымды айтылған әр ел ғалымдарының пікірлерін сараптау арқылы саралап береді.
Ал Бауыржан Омарұлы зар заман поэзиясын көп жылдардан бері тиянақты зерттеп келе жатқаны әуелден белгілі. Сол себепті де оның қолынан шыққан «Зар заман поэзия­сы және ұлт ментальдігінің трансформациясы» атты тұтас бөлімді қамтыған тараулардың атауларының өзі-ақ тақырып қаншалықты жан-жақты қамтылғандығынан алдын ала хабардар етіп тұрады: «Бұғаулы жырлар болжалы», «Екіге жарылған» ел бейнесі», «Көшпелілік пен отырықшылық: ментальді қарама-қайшылық», «Отарланған санадағы ортақ сарындар».
Осы кезеңде дүниеге келген шығармаларға ғалым ден қоярлық баға береді: «Зар заман сипатындағы құбылыс – өлең мен өнердегі дағдарыс пен тоқыраудың белгісі емес, керісінше, тірліктен теперіш көріп, тұйыққа тірелудің шығармашылық арқылы бейнеленуі. Түптеп келгенде, бұл – рухани дүниелеріміздің ұлт тағдырымен тамырластығын танытатын ұғым».
Осыған байланысты келтірілген мысалдар да назар аударарлық. Біздің зар заман ақындарының туындыларына үндес шығармалар француз, ағылшын отарлаушыларынан соншама зардап шеккен Африка, Үндістан халықтарының тілінен де талай ащы зар болып төгілген екен. Ал қырғыз Қалығұл Байұлының «Аяк баш болар, Баш таш болар» деп келетін «Ақырзаман» өлеңі біздің әйгілі Мөңке биіміздің толғауларын еске түсіреді.
Міне, осындай көптеген дүниелермен таныстыра келе Б.Омарұлының: «Зар заман – отаршылдық қысымын көрген елдің әдебиетінде рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті өткен өмірден іздеп, халықтың салт-дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден ұлттық танымына, көшпелілік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге наразылық білдіруден туған ағым» деуі – зар заманның халық аспанын қандай бұлт болып торлағанын айқындап айтқан бір түйін.
Кітаптың Дихан Қамзабекұлы жазған үшінші бөлімінің «Түркі ментальдігі және қазақ ағартушылығы» деген атауын «Қазақ жәдитшілдігі», «Білім бағдары, Батысқа бетбұрыс», «Милләт және милләтшілдік. Көшбасшы бейнесі», «Елшіл әдебиет еңсесі» тәрізді тараулар тармақтап түсіндіреді екен.
Жәдитшілдік туралы бұрын тиіп-қашып айтудың ғана мүмкіндігі бар еді, ал оның толық ажар-келбетін ашу соңғы кездері ғана қолға алына бастағаны мәлім. Жәдитшілдік, ғалым қысқаша түсіндіріп өткендей, «жаңару», «елдікті сақтау үшін жаңа бағыт ұстау» дегенге саяды. Ресей империясының бұғауында отырған халықтың сол ел арқылы келетін ілім-білімді пайдаланып, бірақ ұлттық сипаттан айрылмайтын жәдитшілдік бағыт ұстағаннан басқа оңтайлы жолы да жоқ еді. Ал милләт – қазақтың ұлт сөзінің баламасы.
Кеңестік кезеңде бұл екі атау да қапаста ұсталды, сол себепті бұл тақырыптың тамыры қандай бұлақтан су ішіп, жапырағын қандай дауыл шулатқанын саралап берудің сәті түспеген болатын. Монография, міне, осы олқылықты толтырудың тағы бір құтты қадамын жасағаны қуантады.
Мысалы, Д.Қамзабекұлы қазақ­тың негізгі ағартушылығының іргетасы – жәдитшіліктің бастапқы кезеңі ерекшелігін, оның жалпы өмір мен әдебиеттегі көрінісін зерделей келе, алты сипатты санамалап, нақты тұжырымдап береді. Немесе ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы мәдени-рухани бірлікті әдеби-тарихи үдеріс тұрғысынан қарастыра отырып, үш ерекшелікті бөлектеп көрсетеді. Ғылыми негізделмеген, тұғыры тым аласа, құйма құлақтардың обалына қала беретін жалпылама пікір айтушылар жалықтырып бара жатқан мына шақта кешегі аласапыран кезеңнің алды-артындағы халық өмірі мен әдебиетін дәмді пікірлермен байланыстыра зерттеген, тиянақты тұжырым ұсынған мұндай ізденісті ілгерілеулер әбден керек-ақ еді.
Сөзіміздің басында айт­қанымыздай, дәстүрлі ментальдік бұған дейін арнайы зерттеліп, жекелей пайымдала қойған жоқ еді. Монография авторлары осы кемшілігіміздің орнын талғамсыз таңдайларда тақ-тақ ететін таптаурын анықтамалармен, желе жортқан жылусыз сұлу сөйлемдермен емес, тараулардың атауларының өзінен-ақ байқалып тұрғандай, лингвистикалық, психологиялық, әлеуметтік тұғырлы ғылыми талдаулармен толықтырыпты. Біздің сөз зерттейтін зергерлерімізге (әрине, зергер еместерімізге де) жеткіліксіз қасиеттің бірі осы таза білікті ғылымилық еді. Сол себепті бұл кітап әдебиеттану саласы мамандарына, филолог-студенттерге қаншалықты қажет болса, ұлт руханияты жанашырларына да соншалықты керек туынды болып шығыпты.
Және бір ерекшелігі, әркім өзі жамылған көрпені жеке тартқыламай, ортақ тақырыпты тәртіпті хронологиялық жүйеге түсіріп, қол-аяғы балғадай тұтас дүние жасап шығарыпты. Авторлар әңгімелерін шамамен ХVІІІ ғасырдың соңғы тұсымен бастап, ХХ ғасырдың бастапқы кезеңіне дейін жетелеп әкеледі.
Тағы бір ескерерлігі, үш бөлімді үш бөлек автордың жазғаны көзге ұрып тұрмайтындығы, бөлімдердің ұдайы бірін-бірі жоғалтпайтын үндестігі белгілі бір тақырыптарды ұжымдаса зерттеуге тиіс ғалымдардың осындай ынтымақтас топтары біздің жұртымызға да қажет екендігін аңғартады.
Жаңа кітапты оқып шыққан соң жедел түйген пайымдарымыздың бір сұлбасы – осы.

Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button