Таным

Өткен күн даңқы – өрендерге өсиет

Жас шыбық үлкен дарақ болып, көкке бой түзеп өскенге дейін қаншама уақыт кетеді. Дәл сол сияқты Отанын сүйетін намысты ұрпақты жасынан тәрбиелеу керек. Өмірдің дүлей дауылдарына қарсы тұра алатын биік мұратты азамат болғанға дейін отбасы, ортасында шыңдалуы қажет.

Меніңше, құрғақ айтыс пен қызыл сөзден бас тартып, нақты іспен айналысатын кез келді. Ежелгі заманнан бастап бүгінгі күннің батырларын ұлықтайтын, ерлігін марапаттайтын оқулықтар мен кітаптарымызды көптеп басып шығаруымыз керек. Ұлтымыздың
жа­сампаздығын жүйелі зерттелген дерек­көздері арқылы зерделеуге мүмкіндік беру керек. Жас ұрпақтың көкірегінде өнегелі өмірдің дәні осылайша егіледі.

Егер тарихымызға үңілсек, отанына еңбек етіп, тарихта аты қалған ата-бабаларымыз көп. Томирис патшайым, Күлтегін, Сұлтан Бейбарыс, Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай, Кенесары хандар, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Малайсары, Олжабай, Бауыржан, Рахымжан батырлар, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жамбыл ақындар, алдыңғы және кейінгі толқын ұлт зиялылары – Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Смағұл Сәдуақасов, Асылбек Сеитов, Темірболат Телжанов және тағы басқалары. Бүгінгі батырларымыз – Сағадат Нұрмағанбетов, Талғат Бигелдинов, Бақытжан Ертаев арамызда жүр. Солардың өмірін неге үлгі тұтпасқа?!

Жастардың бойында өр мінез бен намыс­қойлық қасиет қалыптастыратын шараларды ұйым­дастырудың қажеттігі зор. Оларды фольклорлық, тарихи-этнографиялық, архео­логиялық экспедицияларға кеңінен тартуды қолға алу керек. Тарих пен мәдениетімізді білетін жас өз отанын құрметтейді, оның тағдырына бей-жай қарамайтын болады. Бұл ретте Еуразия ұлттық университетінің археологтары Астана қаласының шетіндегі Бозоқ қалашығына қазба жұмыстарын жүргізгенін айтуға болады. «Археология және этнография», «Тарих» мамандықтарында оқитын ондаған студенттер мен магистранттар осы­лай сынақтан өтеді. Әр ауылдың тарихын, шежіресін жинау, тарихи тұлғалардың өмір­баянына, өскен жерінің тарихына бойлау, ашаршылық құрбандары мен қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын, майдангерлер естелігін және халық фольклорын жинау да – аса маңызды іс. Оның нәтижесі рухани, мәдени құндылықтарымыздың қорын толтырар еді.

Әрбір аймақтағы тағзым ететін қасиетті орындарға жастарды көбірек апару керек. Халық қолөнері, ұлттық салт-дәстүрлер, ат спорты мерекелік шаралардың шеңберінде қалып қоймай, оны жастар тәрбиесінің бір түріне айналдырсақ дұрыс болар еді.

Қаһармандықтың, ұлы құрбандықтың майданы болған Ұлы Отан соғысының тари­хының бір шеті қазақ елімен ұштасып жатыр. Оны терең зерделеу – жастардың міндеті. Астанада профессор Майдан Құсайынов жетекшілік ететін студенттердің «Мемориалды аймақ» іздестіру тобы бар. Оның сайыпқырандары жыл сайын Ленинград түбіндегі Синявский маңында іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жерлерде 1941 жылы Ақмолада жасақталған 310-дивизия шайқасқан еді.

2012 жылдан бастап Харьков маңында іздестіру жұмыстары басталды. Бұл маңда соғыс жылдары Ақмолада жасақталған 106-қазақ ұлттық кавалериялық дивизиясы жан алысып, жан беріскен еді.

Жастардың патриоттық бастамасы «Ешкім де ұмтылмайды!» деген ұранмен өтеді.

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде іздестіру тобының мүшелері 100-ден астам соғыс құрбанының сүйегін қайта жерледі.

Өмірінде бір рет майдан даласында болған студент ұлы құрбандықтың құнын түсінеді. Нағыз патриот осылайша қалыптасады.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
т.ғ.д., «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button