Жаңалықтар

ӨТКЕН УАҚЫТ ӨРНЕКТЕРІ ӨШПЕЙДІ

20150702172244

ҚР Ұлттық академиялық кітап­ханасында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Нұр Медиа» холдингінің бас директоры Жанай Омаровтың «Өзек­тен өткізілген уақыт» («Время, которое живет в нас») атты кітабының тұсаукесері өтті. Айтулы шараға елімізге танымал зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Жаңа кітапқа қарымды қаламгердің таң­даулы мақалалары мен сұхбаттары, деректі фильм сценарийлері және естелік жазбалары топтастырылған. Дәлірек айтқанда, азаттық алғаннан кейінгі уақыттағы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық, саяси даму кезеңі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіз мемлекеттің қалыптасуы жолындағы тарихи рөлі мазмұндалған. Ұзақ жылдар бойы бұқаралық ақпарат құралдары саласында жауапты қызметтер атқарып жүрсе де, қаламын қолынан тастамай, қоғамдағы түрлі құбылыстарды ой елегінен өткізіп, оны салмақты дүниеге айналдыра білген қаламгердің азаматтық бейнесі мен адам­гершілік қасиеті айтулы кеште көбірек айтылды.
Әсіресе, тұсаукесер тізгінін ұстаған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ прези­денті Сауытбек Абдрахманов автор­дың шы­ғармашылығы мен өмірдегі адами келбетіне тоқталды. Қаламгердің әкесі қазақ­тың көрнекті жазушысы – Сейітжан Омаров екенін де айтып өтті. Расында, жазушылар арасында Сейітжан аға туралы, оның өте бір биязы мінезі мен парасатты болмысы жайында жазылған естеліктер жетерлік.
Жаңа жинақ жайында автордың бір сапта жүрген әріптестері де шынайы пікірлерін білдірді.
– Бұл кітап – қазақ публицистикасына қосылған сүбелі еңбектердің бірі. Өйткені, кітаптың философиялық мазмұны мен көтерген тақырыбының ауқымы оның өміршеңдігін айқындайды. «Время, которое живет в нас» деген атауының өзі көп дүниеден сыр шер­теді. Бұл тұрғыда автордың ой-пікірі қазақ көсемсөзінің хас шебері Шерхан аға Мұрта­заның толғамдарымен үндесетінін айтқым келеді, – деді «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Аяған Сандыбай.
Көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков кітапта жарияланған бір ғана суреттің тарихын әсерлі тарқатып берді.
Ал, автордың өзі: – Бұл кітапқа 1994 жылғы «Панорама» газетіне шыққан кішкентай мақаламнан бастап жиырма жыл ішінде жинақ­талған таңдаулы туындыларым кірді, – дейді.
Шара соңында белгілі ақын Нұрғожа Ораз бен Мырзатай Жолдасбеков жаңа кітаптың тұсауын кесіп, ақ батасын берді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button