Саясат

Өткен жылдың оқиғасы

Өтіп бара жатқан 2017 жылы жер-жаһанның саяси аспанында жарқ ете түскен жаңғырықты оқиғалар аз болған жоқ. Мезгіл белестері алмасып жатқан қазіргі уақытта солардың арасындағы есте мейлінше ерекше қалған елеулілерін атап өтудің өзіне тән өнегесі бар. Бұл бір жағы өткен жылдың жадымыз­да несімен есте қалғанын пайымдау­ға мұрсат береді.

Жыл күнтізбесі АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың қызметке кірісуінен басталды. Осыған арналған инаугурация 25 қаңтарда өтті. Ол 2016 жылғы 8 қараша күні өткен сайлауда 276 таңдаушының дауысына ие болған еді. Бірақ қарсыласы Хиллари Клинтонның жақтастары бұған келісе алмай, елдің 150-ден астам қаласында наразылық шеруін өткізді. Америкадағы белгілі бір күштер тіпті Трамптың сайлауда жеңіске жеткенін… Ресейден де көрді. Ал мамыр айында ФБР-дың директорлығынан қуылып кеткен Роберт Мюллер арнайы прокурор болып белгіленіп, сайлау кезінде Трамп командасы мен Мәскеудің арасында қандай байланыс болғанын зерттеп көрді. Америка баспасөзінде Трамптың импичменті мәселесі де көтерілді. Алайда, Ақ үйдің жаңа қожайыны тасқайрақтай табанды болып шықты.
Францияда 7 мамырда өткен президент сайлауы бұдан да тосын жаңалық әкелді. Шыны керек, «Алға!» қозғалысының лидері Эмманюэль Макронның жеңіске жетуін баспасөз құралдары сондықтан да «киндерсюрприз» деп бағалады. Ол екінші турда 66 пайыз дауыс жинап, басты қарсыласы, «Ұлттық майдан» партиясының көшбасшысы Марин Ле Пеннен айтарлықтай озып кетті. Осылайша науқанды сауатты ұйымдастыра білген 39 жастағы экс-банкир бәсекелес­терінің сәтсіздіктерін жақсы пайдаланып кетті.
Испанияның Каталония автономиялық қауымында 1 қазан күні тәуелсіздік үшін өткен референдум жарты әлемді шулатты. Оған қатысқандардың 90 пайыздан астамы аймақтың егемендігін қолдап дауыс берді. Референдум қорытындысы бойынша автономия президенті Карлес Пучдемон «Каталония өкілдігінің декларациясына» қол қойды. Бұл құжат аймақтың тәуелсіздігін жария етті. Бірақ Мадрид референдум қорытындысын заңсыз деген шешім шығарды. Осыдан кейін президенттің өзіне елден қашып кетуге тура келді. Ол Еуроодақ астанасы – Брюссельге барып, саяси баспана сұрады. Осы екі арада автономия парламенті тарап, жақында оның да сайлауы болып өтті.
Жыл ішінде күллі әлемнің назарын өзіне айрықша аударған елдердің қатарынан КХДР да табылды. Ол осы кезеңде бірнеше рет ядролық сынақтар жасап, жалғанның жарғақ құлағын жас­тыққа тигізбеді. Қыркүйек айының басында Солтүстік Корея қуаты 50-ден 120 килотоннаға дейін жететін сутегі бомбасына жарылыс жасады. Тротилдік эквиваленті бойынша ол Хиросимаға тасталған ядролық бомбадан шамамен 8 есе күшті шықты. Сынақ әлемнің әртүрлі қиырында магнитудасы 5,7-6,4 балл болатын жерасты дүмпулерін туғызды.
Спорт әлемінде допинг жанжалы да бұрын-соңды болмаған дәрежеге жетті. Оның көш басында тұрған Ресей спортшылары 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиялық ойындарға жіберілмейтін болды. Бұл жөніндегі шешімді Халық­аралық олимпиялық комитет комиссиясы 5 желтоқсан күні өткен мәжілісінде қабылдады. Жоғарыдағы шешімге сәйкес, Ресей олимпиялық комитетінің ХОК-қа мүшелігі уақытша тоқтатылды. Бұл елдің ойынға қатыса алатын «таза» спортшылары ХОК туы астында жарыс жолына шығатын болды.
Тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Мьянманың (бұрынғы Бирма) батыс қапталында үкімет әскерлерінің мұсылмандарды қырып тастауы әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген оқыс оқиғалардың бірі болды. Ол рохинджалардың кек қайтару үшін 30 әскери нысан мен полиция учаскелеріне шабуыл жасап, 15 адамды өлтіруінен басталды. Бұған іле жауап қайтарған билік бірден жүздеген рохинджаны қамауға алды. Ал 1 қыркүйек күні осы операция барысында шамамен 400 содыр мен 17 бейбіт тұрғынның оққа ұшқанын мәлімдеді.
Ақпан айының ортасында Астанада өткен Сириядағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздің екінші раундының қорытындысында мониторингтік топ құру туралы шешім қабылданды. Наурыздың ортасындағы үшінші раундта үстел басына жиналған өкілдер соғыс кезінде қолға түскен тұтқындарды босату, құлатылған ескерткіштерді қалпына келтіру және Сирияның жаңа Конституциясының жобасын дайындау сияқты мәселелерді талқылады. Ал 4-5 шілдедегі келіссөзде Сирияның әл-Күнейтра, Дараа, әс-Сувейда аудандарында оқ атуды тоқтату туралы келісімдер жасалып, дескалациялық аймақтар құрылған. Осының нәтижесінде бұл елдегі қантөгіс деңгейі біраз төмендеді.
Тағы бір маңызды оқиға – Ресей әскери тобы Сириядан шығарыла бастайды. Осы мәлімдемені желтоқсан айында В. Путин Сирия жерінде жасады және содыр­лармен күрес науқаны табысты болғанын атап өтті.
АҚШ президенті Дональд Трамп 6 желтоқсан күні Иерусалим қаласын Израильдің астанасы деп атап көрсетті де, сол бойда Американың Тель-Авивтегі елшілігін осында көшіріп әкелуге бұйрық берді. Трамптың бұл мәлімдемесі әлем қауымдастығы арасында демде дүрлігіс туғызып жіберді. Палестинаның ХАМАС тобының басшылары араб әлемін Израильге қарсы үшінші интифад, яғни көтеріліс жасауға шақырды. Ал жақында БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Иерусалимді Израильдің астанасы деп танудың заңсыз екенін айғақтаған қарар қабылдады. Бірақ соған қарамастан, АҚШ-тың БҰҰ жанындағы өкілі өзінің елшілігін аталған қалаға аударатынын мәлімдеді.
Қазанның 18-і мен қазанның 5-і аралығында Бейжіңде Қытай компартиясының Бүкілқытайлық XIX съезі қанат жайды. Съезд делегаттары партия жарғысына да өзгерістер енгізді. Соның бастысы тағы бес жылға партия басшысы болып сайланған Си Цзиньпиннің көзі тірісінде бұрынғы көсемдер Мао Цзэдунмен және Дэн Сяопинмен бір қатарға тұрып, осы маңызды құжатқа енгізілуі болды.
Қарашаның 5-інде Сауд королі 11 ханзада мен ондаған қазіргі және бұрынғы министрлерді қамауға алуға бұйрық берді. Олардың арасында өзінің жиені, әлемдегі ең бай адамдардың бірі, Citigroup компаниясының, 21st Century Fox және Disney кинокомпанияларының, Twitter әлеу­меттік желісінің және басқа да әлемдік брендтердің иесі әл-Уалид те бар. Бұлардың бәрі елде жүргізілген жемқорлыққа қарсы науқанның құрбандарына айналды.
Қараша айының ортасында Зимбабве елінде орын алған әскери төңкеріс те ел құлағын елеңдеткен ересен оқиғалардың қатарынан табылды. Ол 93 жастағы президенті Роберт Мугабені тақтан тайдыру үшін жасалды. Елді 1980 жылы тәуелсіздік алғалы бері басқарып келе жатқан Африканың ең бай, жазиралы алқабын осыншама жылдың ішінде тақырға отырғызып, халықты әбден титықтатып бітті. Ақыры әскерилер шыдамады. Бұл сонымен бірге тарихтағы бірде-бір адамның қаны төгілмеген бейбіт сипаттағы әскери төңкеріс болды.

Серік ПІРНАЗАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button