Басты ақпаратРуханият

Өткеннің қымбат мұрасы

Жер жаһандағы әрбір халық өзінің өткенін кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін көзінің қарашығындай сақтайтыны – заңдылық. Өзгелер сияқты біз де өткен тарихымызға көз жүгірте отырып, болашаққа бастар бағыт-бағдар жасаймыз. Бұл өз тарихымыздың өзіндік болмысымен әлемге әйгілі болуына мүмкіндік береді.

Еліміздің баға жетпес мәдени құндылығын сақтап отырған Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві 80 жыл ішінде алуан түрлі өзгерістерді бастан кеше отырып, қалыптасу, өсу дәуірінен өтті. Бүгінде республика тарихына қатысты фотолар мен видео, кино және дыбыс жазбалар жинақталған бірегей орталыққа айналды. Өз заманының үнін көзбен көрсетіп, құлақпен тыңдауға мүмкіндік беретін бірегей құжаттарды іздеушілер де, зерттеушілер де жыл сайын көбейіп келеді. Архив қорында сақтаулы тұрған ескі видеолар кейінгі деректі фильмдердің құнды бөлігіне айналса, алуан түрлі тарихи фотосуреттер көненің көзін қайта жаңғыртқан фотоальбомдар мен күнделікті ақпарат құралдарының бетінен көрініс тауып келеді. Тарихи тұлғалардың өз дауысы радио тыңдармандар үшін селт еткізер дүниеге айналды.

Ұлттық құндылықтарымызды сақтау мәселесі, оның ішінде мәдениет, ғылым және мемлекет қайраткерлерінің дауысын, бейнесін сақтау – архив үшін әрдайым маңызды мәселе.

Архив 1943 жылы құрылды. Содан бері  қорында аудиовизуалды – кино-фото-фоноқұжаттар – мемлекетіміздің тарихы жинақталған республикадағы мамандандырылған бірден-бір архивтік мекеме саналады. Архив қорында Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық архив қоры құрамына кіретін жарты миллионға жуық аса сирек аудиовизуал­ды құжаттар бар. Бұл – 1925 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі архивтік кинохроника кадрлары, ХІХ ғасырдан бастап осы күнге дейінгі фотоқұжаттар, 30-жылдардың орта тұсынан басталатын дауыс жазбалары (граммафон пластинкалары) мен 50-жылдардан басталатын магнитті таспалар. Қазақстанның дәстүрлі музыка өнері өкілдерінің (Әміре Қашаубаевтың дауысынан бастап), әйгілі әншілердің, композиторлардың, ақындардың, жазушылардың дауысы архивте аса ыждаһатпен сақтаулы тұр. Мәселен, қорымызда Рәбиға Есімжанованың (1956-1986) жиырма дана дауыс жазбасы есебі сақталған. Оның ішінде өзінің шығармашылығы турасында айтқаны (1986) бар, аты аңызға айналған Шәкен Аймановтың архивтік кинохроникаларының алпыс дана есебі бар, А.Сембиннің өз дауысымен жазылған екі дана фоноқұжат есебі сақталған.

Скрипкашы А.Толғанбаев­тың жазбалары, бір кездері белгілі журналист И.М.Саввин мемлекеттік сақтауға өткізген естеліктері қорымызда тұр. Архив қорындағы құжаттар жөніндегі ақпаратты www.kfdz.kz  сайтынан оңай табуға болады.

Қорымыздағы көрнекті фотошебер, Павлодар мен Ертіс өңірінің шежіресін сурет бетінде бейнелеген Д.П.Багаевтың әйнек­ті негативтер топтамасы – аса құнды құжаттарымыз. Оның әр жұмысына қарап өмір иірімдерін, қуаныш пен қайғыны сезуге болады. Атап айтсақ, Таволжан көліндегі тұз өндіру, қол диірмені жанындағы балалар, бесік басындағы ана, ақсақалдар, әйелдердің алаша дайындау сәті т.б.

Архив қоры Екінші дүние­жүзілік соғыс кезеңін бейнелеген фотоқұжаттарға да аса бай. Суреттер соғыстың бірінші күнінен бастап, Жеңіске дейінгі барлық оқиғаларды қамтыған.

Мәселен, қорымызда Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлігімен көзге түскен, бейбіт күнде оқшау пікірлерімен ел жадында қалған батыр Бауыржан Момышұлының фотоқұжаттары сақталған. Сол кезде-ақ аты шыға бастаған батыр елден жеткен сыйлықты майдан өтінде жүріп күтіп алғаны бейнеленген киноқұжат та сақтаулы.

Мұнан өзге Баукеңнің дауысы жазылған таспалар – бір төбе. 1961-1975 жылдар аралығындағы түрлі іс-шаралардағы сөйлеген сөздері таспаға түскен.

Әйтсе де тарихымызды бейнелейтін фотоқұжаттар түгел жинақталды деуге ерте. Мәселен, қазақ жерінің тарихы мен мәдениетінен хабар беретін құнды жәдігерлерге арналған фотосуреттердің көпшілігі Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Орыс географиялық қоғамында тұр. 18-ғасырдың соңы мен 19-ғасырда қазақ даласында да белсенді жұмыс жүргізген бұл ұйымға Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхамед Салық Бабажанов секілді тағы да басқа қазақ оқығандары мүше болғаны, осы қоғам басылымдарына танымдық материалдар жазып тұрғаны белгілі жайт. 1845 жылы бұл ұйымды құрған 17 құрылтайшының жетеуі қазақ даласын зерттегені де назар аударарлық. Олардың Сібір және Қазақстан мен Орталық Азияға ұйымдастырған экспедициялары көп мәлімет жинағаны анық. 1951 жылдан бастап Орыс география қоғамының Орынбор, Батыс Сiбiр, Семей, Түркістан бөлiмшелерi жұмыс істеді. Міне, осы жұмыстың бәрі, әрине, текке кеткен жоқ. Қазір Орыс географиялық архивінде тұрған фотосуреттер – осынау зерттеулердің жемісі.

Елімізде бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының басты бағыттарының бірі – шетелдердегі қазақ деректерін жинастыру болды. Осы мақсатта талай құнды дүниелердің көшірмесі елге қайтарылды. Қазіргі уақыттта зерттеушілер мұндай құжаттармен Қазақстанда отырып таныса алады. Осыған орай, шетелде жатқан фотосуреттердің көшірмесін әлі де жинақтай түсу – алдағы міндеттердің бірі.

Бұл салада бірнеше жылдан бері жүргендіктен, Қазақстанға қатысы бар фотосуреттер жария­ланған басылымдар мен өзге де тарихи деректердегі фотолар назарымыздан тыс қалмайды. Осы орайда Қазақстан тарихын зерттеуші ғалымдар Орыс географиялық қоғамының фотосуреттерін пайдаланып жүргенін айта кету керек. Мәселен, 2009 жылы жарияланған «Қазақстан тарихы мен мәдениетінің үлкен атласы» деп аталатын жинақты шығарған белгілі компанияның баспа орталығы жоғарыда аталған Орыс географиялық қоғамының фотосуреттерімен көп жұмыс істегені байқалады.  Бұл, әрине, еліміздің фотошежіресін байытуға қосылған қомақты үлес.

Архивте сақтаулы тұрған видео контент арасынан саяси-экономикалық мәселелерден өзге мәдени өмірдің де көптеген құнды жәдігерлері бар. Соның бірі – 1925-29 жылдар аралығында Қазақ КСР-інің астанасы болған Қызылорда қаласының астанаға айналған кезде түсірілген дыбыссыз шағын видеосы. Видеода жергілікті тұрғындардың балшық илеп, кесек құйып, қарапайым еңбек құралдарымен жаңа астана құрылыстарын салып жатқаны бейнеленген.

Архивті ақтара берсе, осындай көптеген шағын деректі материалдарды жиі кездестіруге болады. Оның бәрін тарихи және мәдени айналымға енгізу, көпшілік игілігіне айналдыру – уақыт еншісі. Әрине, кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар орталығының осы уақытқа дейін атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Әйтсе де уақыт алға жылжыған сайын, көпшілік сұранысы да өзгере бастайтыны байқалады. Бұл тұрғыда архив материалдарының осы заманға сай цифрлық құралдарға көшірілуі бір белес болғанын айта кету керек. Сарғайған фото, видеодеректерді ақтарып отырмай, керек құжатты компьютер арқылы дереу көріп тапсырыс беру мүмкіндігі – зерттеушілерге зор мүмкіндік.

Алайда архивтің мүмкіндігі мен әлеуеті қазіргіден әлдеқайда зор. Осы тұрғыда, келешекте архивтің сайтын барынша тиімді пайдалану қажеттілі туатыны байқалады. Өйткені біздің архивтен алған дүниелердің түрлі ақпарат құралдары өз сайттарына шығарып, көпшілік назарын аудара бастағанын көріп отырмыз. Әрі бізге келетін кей зерттеушілердің тілегі де осыған ұқсас. Олар архив материалдарының архивтің өз сайтында көбірек және жиірек шыққанын қалайды. Архив сайтына сілтеме жасап, өз сайтымызға шығарсақ та болады деп пікір айтушылар бар. Мұндай қадам архив жұмысын көрнекі көрсетуге, ең бастысы, архивтегі материалдармен жұртшылықты көбірек таныстыруға әлдеқайда мүмкіндік беретініне сенімім мол.

Рас, тарихымызда негізгі мәселелер айтарлықтай қарастырылғаны секілді, негізгі тарихи оқиғаларға байланысты фотосуреттер де көпшілікке жарияланды. Әдетте, көпшілік білетін көне суреттер де солар. Алайда тарих тек ірі оқиғалардан тұрмайды, ірі оқиғаларды аша түсетін жанама, қосалқы деректер де жеткілікті. Фотоқорымызда зерттеушісін күтіп тұрған ондай жанама деректер де баршылық. Біз кәсіби зерттеушілер ғана емес әуесқой ізденушілердің де, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де видео және фотосуреттермен көбірек жұмыс істеп, жалпы көпшілікке көбірек жеткізгенін  қалаймыз.

Мысалы, белгілі басылым тілшісі біздің архивімізге тапсырыс беріп, 1970 жылдардағы айтыс туралы видеоны басылым сайтында жариялады. Кейін оны әлеуметтік желі арқылы әрі қарай таратты. Соның нәтижесінде арада бір ай өткенде Батыс Қазақстан облысынан зерттеушілердің бірі өз өңірінде бұрын танымал болған айтыс ақынының видео­бейнесін көріп, сүйіншілетіп жазғанын көрдік. Сол секілді тағы бір видеодан бұрынғы Талдықорған облысының белгілі айтыс ақынын ұрпақтары тауып, қатты қуанғаны белгілі болды. Біздіңше архив фотоқорында жатқан талай фотосурет жеке отбасының ғана емес, әлі талай тарихи сәттің куәгері болып ғылыми айналымға енеді. Тек көбірек зерттеп, қолдағы қазынаны пайдалана білсек болғаны.

Жыл сайын архив қоры мамандарына 3 мыңнан астам құжат келіп түседі. Тақырыптық, генеалогиялық сұраныстардың артуына байланысты олардың сұранысын қанағаттандыру үшін архив өзінің қызмет көрсету спектрін кеңейтуде. Қазіргі уақытта архив қорының 80% қайта қалпына келтіріліп, сақталып, заманауи тасығыштарға ауыстырылды. Қолжетімділікті арттыру мақсатында сандық жүйе­ге көшу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Жыл сайын 5 мыңға жуық кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл – өте үлкен, ауқымды жұмыс. Архивімізге келіп ізденушілердің қатары жылдан-жылға артып отыр. Оған ғалымдардың жазып жатқан монографиялары, мақалалары, ғылыми-танымдық негіздегі кітаптары, магистрлік және докторлық диссертациялар дәлел бола алады. Архивтің оқу залында ТМД елдерімен қатар, шетелдік және отандық ғалымдар, зиялы қауым өкілдері күнделікті келіп,  өз тақырыптарына сәйкес  жұмыстарын істейді.

Бұдан бөлек, архив ұжымы журналистерден, ғалымдардан, өлкетанушылардан, режиссер-документалистерден, операторлар мен дыбыс операторлардан, ғылым және мәдениет қайраткерлерінен, ардагерлер мен олардың отбасыларынан жеке құжаттарды (фотоальбомдар, фотолар, отбасылық видеолар, жазбаның кез келген түрі) мемлекеттік сақтауға өткізуді әрдайым өтініп келеді.

Осы ортақ істе бізге көмектеріңіз қажет. Ұлттық құндылықтарымызды, тарихи һәм мәдени жауһарларымызды сақтау – әрбіріміздің борышымыз.

Өркениетті елдердің бәрінде шығармашылық ұйымдар мен архивтердің қызметін реттейтін заң жұмыс істейді. Бұл – «Міндетті экземпляр туралы» заң. Бұл заң бойынша теле-радио эфирден шыққан мәдени және тарихи құндылық саналатын барлық хабарлар – ғылыми-танымдық, документалды, публицистикалық фильмдер, мақалалар, монографиялар, өзге де жарияланымдар, оның ішінде көркем және музыкалды дыбыс жазбалары Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қоры құрамына кіретін архивке міндетті түрде өткізіледі. Жақында мұндай заңды біз де қабылдадық. Осы заңның арқасында қорымыздың тағы да байи түсері анық.

Ендігі жерде ата-баба­ларымыз­дан қалған мәдени мұраларды қастерлеп, архив қызметінің беделін көтере отырып, кейінгі ұрпақты тарихтан жақсы хабардар ете алсақ, болашақ ұрпақтың елжандылығы арта түсері сөзсіз. Архив – ұлттық тарих пен ұлттық рухты күшейтуші, ұлттық сананы қалыптастырушы рөл атқарады. Сондықтан, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві ұлттық тарихтың тәрбиелік мәнін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру жолында аянбай тер төге береді!

Еңлік ТОЛЫҚБАЕВА,

ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар

мен дыбыс жазбалар архивінің бөлім жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button