Отпен ойнаған опынады
Алдыңғы күні Астана орманының оң жақ қанатынан тура сәске түсте қою түтін бұрқ ете қалды. Қураған ағаштардың қызыл жалыны лезде күш алып, айналасын жалмап келе жатқан. Сол кезде дабыл бойынша атқа қонған Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жаумен арпалысқа түсті.
Ормандағы оқу-жаттығу
Бұл арнаулы қызметтің әдеттегі оқу-жаттығуы болатын. Арнайы шараға тек Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ғана емес, «Жасыл аймақ» РМК, «Зеленстрой» АҚ, «Астана су арнасы» МКК, Астана орманының қызметкерлері де тартылды. Сондықтан бұл жолғы оқу-жаттығуда бірнеше қызметтің бірлесіп әрекет ете білуіне жете мән берілді.
Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Барат Дұзақбаев отызға жуық арнайы техника мен мамандардың дайындығын өзі тексеріп шыққаннан кейін жаттығу басталды. Орман шетінде шартты түрде басталған өрт оқиғасында тиісті қызметтердің техникалары мен адам күшін ретімен жұмылдыра білу шеберлігі сынға түсті. Келесі кезекте айналасына жақындау мүмкін емес ірілеу шартты өрт оқиғасына К-32 тікұшағы жұмылдырылды. Әуеге шапшаң көтерілген тікұшақ әуелі өрт аумағына жедел барлау жүргізді де, содан соң тиісті жерге ұшып барып, ауқымы тонналық су сыятын үлкен құтыны іліп алып, көкке қайта көтерілді. Сосын арнайы техникалардың жақындауына мүмкіндік болмай тұрған өрт аумағы үстінен ұшып, төбесінен құтыдағы суды ақтарып өтті. Жалын сәл бәсеңдегенде, дайын тұрған мамандар мен техникалар да іске кірісті. Сөйтіп, орман шетінде әлдекімдердің лақтырып кеткен темекі тұқылынан шыққан өрт жарты сағаттың айналасында сөндірілді.
Оқу-жаттығу барысын жіті қадағалаған Барат Дұзақбаев бастаған сарапшы топ мамандардың шартты өрт оқиғасы барысындағы іс-әрекетін жоғары бағалады.
– Бүгінгі шараға біздің департаменттен 27 арнайы техника мен жеке құрамның 65 қызметкері жұмылдырылған болатын. Олар оқиға барысында өзге де салалық қызметтермен бірлесіп, сауатты әрекет ете білді. Мұндай оқу-жаттығулардың дала өрттерін жедел ауыздықтауға үлкен септігін тигізері сөзсіз. Сіздерге қызмет барысында тек қана сәттілік тілеймін! – деді Б.Дұзақбаев.
Жыл басынан 149 өрт сөндірілген
Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының басшысы Марғұлан Аманбаевтың айтуынша, елорда аумағындағы далалық жерлерде, саяжай алқаптарында жыл басынан бері 149 өрт оқиғасы болыпты. Дегенмен, арнайы мамандардың жедел іс-әрекеті арқасында тілсіз жау бірден ауыздықталып отырған.
– Орайы келгенде айта кетейік, Елбасымыздың тікелей бастамасымен бой көтерген Астана орманы біздің айрықша назарымызда. Бұл орман алқабының аумағы бүгінде 14 мың гектарды қамтиды. Ал орман ішінде жалпы саны 11 млн түпке жуықтайтын түрлі ағаштар өседі. Құдайға шүкір деп айтайық, орман аумағында өрт оқиғасы тіркеліп көрген жоқ. Жаз бойы, негізінен, далалық жерлерде ғана өрт болды. Қала маңында орналасқан саяжайларда да, өкінішке қарай, өрт оқиғасы жиі тіркеледі. Қызыл жалынның 99 пайызы адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтамауы салдарынан болады. Әсіресе, күзгі және қысқы мезгілдерде. Өйткені, күн салқындағанда, саяжайда тұратындар, қала маңына қоныстанғандар электр жабдықтарын жиі қолдана бастайды, отынды да көбірек пайдаланады. Сол кезде қауіпсіздік шараларына мән бермейді. Орайы келгенде айта кетер жай, биыл саяжайларда, қала маңында өрт оқиғалары бұрынғы жылмен салыстырғанда көп болды, – деп қынжылыс білдірді Марғұлан Аманбаев.
Жаз айлары – табиғат аясында демалуға таптырмайтын мезгіл. Бірақ демалыс кезінде Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы ескертпелеріне құлақ асқан жөн-ау. Темекі тұқылын мұқият сөндіріп, сіріңке қалдықтарын шашпай, жаққан отымызды да әбден өшіріп, тазалап жүрсек, көптеген қайғылы оқиғалардың алдын аларымыз сөзсіз.
Меңдолла ШАМҰРАТОВ