Ресмиет

Отпен ойнамаңыз!

Соңғы жылдары пиротехникалық отшашулар мерекенің бір нышанына айналып барады. Өкінішке қарай, Қытайдың арзанқол бұйымдарын қолданудың арты қайғылы оқиғаға соқтыратынын көбі ескере бермейді. Қайта пиротехниканы жапа-тармағай алушылар көп қазір. Оған дәлел келе жатқан жаңа жылды жарқыраған бенгал оттар, шулы шартылдақтар, түрлі-түсті салюттерсіз елестету қиын. 

Қазірдің өзінде сол пиротехникалық тауарлар базардағы сауданың көрігін қыздырып тұр. Мұндай отшашуларды, әсіресе, жас балалар көп алады екен. Мамандардың айтуынша, мұндай заттарды тек арнаулы дүкендер мен сауда нүктелерiнен алған абзал. Қорапшасында шығарған фирмасы және сақталу мерзімі толық көрсетіліп, тек мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған болуы қажет. Ең бастысы,  бұйымды қалай қауіпсіз пайдалануы жөнінде нұсқама қоса тіркелуі қажет. Ал, арзандығына қызығып, лицензиясы жоқ тауарды базардан сатып алып пайдалану аса қауiптi екенiн ескертеді. Статистика мәлiметтерi бойынша, жыл сайын отқа күйiп жарақаттанушылар жаңа жылдық мереке қарсаңында арта түседi екен. Осы кезде мұндай жарақат алушылар қатары шамамен 30-35 пайызға артады. Оның үстiне пайдалану мерзiмi өтiп кеткен пиротехникалық заттардың құрамында барий болса, жабық ғимарат iшiнде одан адам уланып қалуы ықтимал. Соған қарамастан, бүгінде қалтасы көтеретіндері арнайы дүкендерден сатып алып жатса, енді біреулері Қытайдан әкелінген арзанқол тауардың сапасына мән де берместен балаларын алдарқатып жатады. Сондықтан мерекені лайықты қарсы алғысы келген әрбір адам отшашуларды арнайы сертификаты бар дүкендерден сатып алып, жабықжайларда қолданбағандары жөн.

Әлемде пиротехникалық отшашуларды қайда, қашан, қалай пайдалануға болады деген қағидалар бекітілген. Мәселен, Ирландияда отшашуға мүлде тыйым салынған. Заңды бұзушыларға айыппұл төлетедi әрi абақтыға отырғызады. Финляндия мен Норвегияда отшашу құралдары тек Жаңа жыл мерекесi қарсаңында ғана сатылады. Басқа да Еуропа елдерi мұндай заттарды сату, сақтау және қолдану қақысында қатаң ережелерге бағынады. Мұнда да кәмелетке толмағандарға тыйым салынған. Оның үстiне оларды жағатын кезде мiндеттi түрде арнаулы көзәйнек кию керек. Әйтпесе, отшашу кезiнде жарақаттанушылар қатары тым көбейiп кетедi деп сақтанады.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button