Басты ақпаратТәуелсіздікке 30 жыл

Отыз жылда қалай өзгердік?

Өткенді бүгінмен салыстыра қарау – естелік айту ғана емес, өскендіктің, естіліктің, әділеттіліктің белгісі. Барша ел, ұлт, қауым жүріп өткен жолымен бағаланады, қазіргі бағыт-бағдарымен, ісімен адамзат көшіндегі деңгейі өлшенетінін ұмытпаған жөн. Сондықтан тәуелсіздік алған отыз жылдың мұғдарында мемлекетімізде не өзгергенін, қалай өзгергенін ел де, әлем де көріп отыр.

[smartslider3 slider=939]

Әуелі еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясы жасалды. Әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу мұрат-мақсатына жету жолында кезең-кезеңмен адымдап келеміз. Ең маңыздысы – әу бастан бағдары анық Қазақстан жолын айқындап, одан ­оңды-солды ауытқымадық. Әрине, мемлекеттің құрылымын мықтап, нығайту ісі аяқталмайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені даму заңдылығының шарты солай.

Тәуелсіз ел болмасақ, мемлекетіміздің жаңғыру тұғыры ретінде Қазақстанның жаңа астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы салынар ма еді? Әлем көз тігіп, көрші елдер тамсанып, таңыр­қап отырғанда, жылдан-жылға көркейіп келе жатқан, мәдениет пен өнер ордасына, білім мен ғылым ошағына айналған осындай заманауи шаһармен неге мақтанбасқа?

Кез келген мемлекетте халқының тәу ететін киелі орны болады. Біз үшін, бүкіл түркі жұрты үшін заманында атағы әлемге мәшһүр болған қасиетті қала – хандар мен билердің, батырлар мен даналардың әзиз сүйегі қойылған мекен – тарихи Түркістанымызды қайта түлетіп, түрлендіруді қолға алдық. Бұл да ел тәуелсіздігінің жемісі. Ата-бабаларымыздың «Түркістаным, тұтас бол! Түркі жұртым, түгел бол!» деген арманын, өсиетін егемен ел болып қана жүзеге асыруға мүмкіндік туғанын неге айтпаймыз, жырламаймыз? Әлде мұны өзгелер айтуға тиіс пе еді?

Шүкір, бастан өткерген көп қиындыққа қарамастан халқымыздың, ұлтымыздың саны өсті. Санынан бұрын сапасы да артып келеді, яғни тәуелсіз сана-сезім қалыптасты. Басты байлыққа – адамның денсаулығына маңыз беріліп, өмір сүру ұзақтығы артты. Мемлекеттік рәміздер асқақтап, ұлттық салт-дәстүрлер жаңғыра бастады. Төл тарихымыз қайта зерделеніп, халықтың береке-бірлігі артты, ұлт рухы оянды. Қазақ мектептері мен БАҚ көбейді. Маңызды саяси-тарихи оқиғаларға, аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға пәтуа жасалынды. Имандылыққа, қайырымдылыққа деген көзқарас нақтыланды. Елде орнаған бірлік пен татулық баянды тіршілігіміздің арқауына айналды.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасынан басталып, «Рухани жаңғыру» ұлттық тұжырымдамасымен жалғасқан тарихты, руханиятты қалпына келтіру мен қазіргі қоғамның игілігіне жарату ісі ғасырлық мәні бар қайта өрлеу мен отарсызданудың өркениетті әрекеті, қозғалысы екенін ұмытпалық.

Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен қандастарымызды атамекенге қайтару ісі тәуелсіздік жеңісінен соң ғана қолға алынды. Мұндай абыройлы парызды орындау бұрын-соңды түсімізге де кірмегенін неге ұмытып кетеміз? Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған қандастың бір миллионының басын атажұртта түйістіру, орнықтыру оңай шаруа емес. Бұл – көп мемлекеттің арманы мен аңсары. Әділеттілік жолында елдіктің мұратынан туындайтын мұндай ауқымды шаралар ұзағынан сүйіндіре берсін дейміз. Қазақстан тәуелсіздігі шежіресіндегі тағы бір тарихи оқиға – латын графикасына көшу. Елбасы мұны ­«Қазақстан-2050» стратегия­сында 2025 жылғы меже ретінде айқын жазды. Әрине, әбден пысықталған, ғылыми негізделген әліпбиді таңдау үшін ғалымдарымыз әлі де еңбек етіп жатыр. Әлемдегі ақпараттың 90 пайызы латын графикасында жарық көретінін, сол ақпарат арқылы ғылым мен технология дамитынын ескерген бұл елдік байлам – тәуелсіз елдің байыпты ұстанымы, оң шешімі. Бұл қоғамдық, ұлттық сананы өзгертуге ықпал ететін құтты қадам болмақ.

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button