ӘлеуметҚұқық

Өз балаңды өгейсітпе

Құзырлы органдар тарапынан небір амалдар жасалып жатса да, өзгенің тәрбиесінде қалған баласына қарайласпақ түгілі халін сұрамайтындардың саны азаймай отыр. Өкініштісі сол, өз баласына ақша төлемес үшін сан түрлі айла-шарғыға барып, жұмыс орындарын жасырып, жалақысын бухгалтерия арқылы бірнеше есе төмендетіп немесе дүние-мүлкін жақын-жуықтарының аттарына жаздырып қойып, тайраңдап жүрген мұндай азаматтардың саны кейінгі жылдары 10 есеге артып кеткен. Соның салдарынан миллион­даған бала дер кезінде алимент ала алмай отыр.

23-14-ZHETIM-BALA01

Алимент төлемесеңіз, көліксіз қаласыз

Еліміздің заңы бойынша алимент төлемеген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жұмысы барлары алимент төлеуге мәжбүр­ленсе, құзырлы органдар «жұ­­мыссызбын» деп сылтау айта­­тындарға еңбек етіп, қары­зы­нан құтылуды талап етеді. Уа­қытында төлемесе, ірі көлемде айыппұл салады. Оған көнбей, қиғылық салғандарына 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Сонымен қатар, соңғы бірнеше жылдан бері мұндай борышкерлердің алыс-жақын шет елдерге шы­ғуына тыйым салынды.
Астана қаласының өзінде алимент мәселесін шешу мақ­са­тында біршама қадамдар жаса­лып жатқанын айта кету керек.
2016 жылдың 19 тамызында Астана қаласы Әділет департа­менті Жұмыспен қамту орталығы және Алматы ауданының ау­дандық прокуратурасымен бірлесіп, алғаш рет алимент төлемдері бойынша қарыздары бар және жұмыссыз борышкерлерге арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Аталмыш еңбек жәрмеңкесінде құрылыс, өнеркәсіп, жылу энергетика, күзет, қала аймақтарын абаттандыру, көлік және ком­муналдық қызмет саласы бо­йын­ша 20-дан астам мекеме қа­тысып, 150-ге жуық бос жұмыс орындарын ұсынды.
Алимент мәселесін шешуге арналған шаралар мұнымен шектеліп отырған жоқ. Жыл соңына қарай Астана қала­сында борышкер әкелерді жүргізуші куәлігінен айыру тәжірибесі енгізілгелі отыр. «Астанада алиментті қасақана төлемейтіндер ендігәрі жүр­гізуші құқынан айырылатын болады. Біздің департамент алиментті қасақана төлемей жүрген борышкерлердің жүр­гізуші құқын тоқтату жөнін­дегі практиканы зерделеп жатыр. Бұл – қарызы барлар үшін мейлінше әсер ететін тетік. Осындай тә­жірибе бұған дейін Батыс Қа­зақстан және Ақмола облыстарында қолданылған әрі тиімділігін көрсеткен болатын. Қазіргі таңда біз әкімшілік айыппұлдарды өндіру ісін белсенді ете түсу мақсатында Жол полициясы бас­қармасы органдарымен тығыз өзара әрекеттестікті қамтамасыз етудеміз. Жол по­лициясымен бірге қарызы барларды ұстау және олардың автокөліктерін айыппұл тұрағына қою бағы­тында бірлескен рейдтік шаралар атқарылуда» дейді Астана қаласы Әділет департаментінің басшысы Қанат Мусин.

Әкелерге арналған жәрмеңке

Мұндай жұмыстар, әрине, өз жемісін береді. «Бүгінде респуб­лика бойынша мемлекеттік сот орындаушылардың қолында
алимент мәселесіне қатысты 220 мың іс жатыр. Тек Астана қаласының Әділет департа­ментінің өзінде алименттік төлемдерді өндіру бойынша 18 412 іс тіркелген. Бір қуан­тарлығы, атқарылған шара­лардың арқасында алимент төлемейтіндердің қарасы сәл де болса азайып келеді. 12 536 атқару өндірісі бойынша алимент төлемдері борышкерлердің жұмыс орнынан жалақысынан ұсталған, ал 4966 борышкер өз еркімен төлеуде. Бүгінде қала­мызда алимент төлемдерін төлеуден мүлдем жалтарып жүрген 910 борышкер бар. Олар ресми түрде еш жерде жұмыс жасамайды немесе ешқандай жылжитын және жылжымайтын мүліктер тіркелмеген. Ондай азаматтарға да қолайлы мүмкіндік жасалуда. Ал­ғаш рет алиментші әкелерге арнал­ған бос жұмыс орындары жәр­мең­кесін өткіздік. Кәмелетке тол­мағандардың құқығын қорғау, алимент төлеушілерді жұмысқа орналастыруды көздейтін бұл шара Астана қаласында бірінші рет өткізілді. Нәтижесінде тұ­рақты жұмысының жоқтығына байланысты алимент төлей алмай отырған отызға жуық адам жұмыс тапты» дейді Астана қаласы Әділет департаментінің Алименттік төлемдерді өндіру бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Айдана Замирова.
Айдананың айтуынша, әсіресе, борышкерлердің ел аумағынан шығуына шектеу қою шарасының тиімді болып отырғанын айтады. «2016 жылдың 8 ай ішінде 1700 борышкерге шектеу қойылған. Осының нәтижесінде жаз мезгілдерінде демалуға немесе шекаралас елдерге жұмыс істеуге шыққылары келген борышкерлердің көбі қарыз сомаларын бірден төлеп жатыр. Сонымен қатар, 154 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тұрғылықты мекенжа­йын анықтау мүмкін болмайтын алименттік борышкерлерге сот арқылы іздеу жарияланды» дейді ол.

 

Қарызыңыздан құтылмай, шетелге шыға алмайсыз

Мұндай тәсіл елімізде 2010 жылдан бері қолданылып келеді. Прокуратура мамандарының айтуынша, мойнына мінген қарызына бола шетелге шығу құқынан шектеліп отырған астаналықтардың саны 16 мыңға жеткен. Астана қаласында сот орындаушылар күніне 30-ға жуық азаматтың шетелге шығуын шектеп, әуежайлар мен вокзалдардан кері қайтарады екен. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, екінші деңгейдегі банктердегі есепшоттары да бұғатталады.
Еліміздің заңы бойынша тек алимент немесе жол айып­пұлдарын төлемеген адамдар ғана емес, қаланың коммуналдық қызметтеріне де қарызы бар тұлғалар борышкер деп танылады. Яғни сот арқылы өндіру шешімі шығарылған кез келген тұлға қара тізімге енгізіледі. Олар сот арқылы санкцияланып, сот орындаушысының қаулысы қосылады. Бұл қаулының бір көшірмесі борышкерге беріліп, тағы бір данасы Қазақстан Рес­­публикасы ҰҚК Шекара қызметіне жіберіледі. Борышкер шетелге ұшар кезде дәл осы қызметтің қызметкерлері ортақ базада қарызы төленді деген белгі шықпайынша, шекарадан ешқайда өткізбейді.
Мұндай келеңсіз жайтқа түспес үшін кез келген тұрғын алдымен қарызының бар-жоғын тексеріп алу тиіс. Қарыздар болған жағдайда, борышыңызды «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, соттың шешімі мәжбүрлеп орындауға түскен күннен бастап 30 күн ішінде ерікті төлей аласыз. Сонымен қатар, аталмыш кодексте жеті күн ішінде жалпы айыппұл сомасының елу пайызын төлеу тәртібі қарастырылған.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button