Басты ақпаратБілімМәдениет

ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ӨРІСІ

Қазақстанның ЮНЕСКО ұйымына мүше болғанына биыл тура 20 жыл толды.

Еліміздің ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысына Астанаға ресми сапармен келген ұйымның бас директоры Ирина Бокова қатысты.

Ұлттық комиссияның төрағасы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Бас директордың алғашқы сапарының Қазақстан мен ЮНЕСКО ұйымы арасындағы байланыстың орнағанына 20 жыл толу қарсаңына сәйкес келіп отырғаны еліміз үшін мәртебе екендігіне тоқталды.

1945 жылы 16 қарашада құрылған Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымына (ЮНЕСКО) Қазақстан 1992 жылы мамыр айында мүше ретінде тіркелді. Осы 20 жыл ішінде біз көтерген талай батыл бастама, соның ішінде мәдениетаралық және дінаралық диалог жөніндегі ұсыныстар ЮНЕСКО шеңберінде қолдауға ие болды.

«Қазақстан көптеген маңызды бастамаларды әлемдік деңгейде көтеріп келеді. Бейбітшілікке басымдық берген ел ретінде тек өңірлік деңгейде ғана емес, әлемдік ауқымда айрықша рөлге ие болып отыр» деді өз сөзінде Бокова ханым.

Қазақстанның ұсынысы бойынша 2013-2022 жылдар аралығы ЮНЕСКО көлемінде Мәдениеттер жақындасуының халықаралық он жылдығы деп жарияланғаны белгілі. Сонымен қатар, жақында Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асыру туралы ұсыныс айтты. Ұлы жол жаңғырған жағдайда Қазақстан өңірдегі ірі транзиттік орталыққа айналмақ. Осыған тоқталған комиссия төрағасы Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның бұл бастамалары сырт елдермен өзара байланыстың одан әрі жандануына әсерін тигізетінін айтты.

Бүгінде ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің материалдық емес мәдени мұрасының тізімі бар. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі осы тізімге енетін ұлттық дүниелеріміздің тізбесін жасап жатыр.

Кешегі өткен жиында осыған қатысты еліміз тарапынан бірнеше ұсыныс тілектер ортаға тасталды. Нақтырақ айтсақ, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбаев халқымыздың айтыс өнерін, киіз үйді жасау қолөнері мен оның жабдықтарын осы тізімге енгізу мәселесін көтерді.

Сонымен қатар, комиссия отырысынан шығарылған тағы бір нәтиже Қазақстанның ЮНЕСКО аясында құрған тұңғыш Гляциология орталығы ағымдағы жылдың соңында толық іске қосылатын болды. Бұл – ЮНЕСКО қамқорлығымен пайдалануға берілетін әлемдегі бірінші гляциологиялық орталық. Орталық аймақтық су ресурстарының қалыптасуы аумағында табиғи үдерістерді зерттейтін болады.

Жиын соңында ҚР Үкіметі мен ЮНЕСКО арасында Қазақстанда Орталық Азия аймақтық гляциология орталығын құру туралы келісімге қол қойылды. Аталған құжатты ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов пен ЮНЕСКО-ның Бас директоры Ирина Бокова бекітті.

Шынар ДОСАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button