Елорда тынысы

Өзекті мәселелер талқыланды

Жақында Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр, Есіл және Сарыарқа аудандарында қалалық әлеуметтік салалар мамандары ардагерлердің белсенді тобымен бірлескен кездесулер өткізді.

[smartslider3 slider=2682]

Байқоңыр ауданында өткен кездесу дөңгелек үстел жағдайында ұйымдастырылды. Аудан ардагерлері мен зейнеткерлерінің қатысуымен өткен басқосуға Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова, Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергенова және Нұр-Сұлтан қаласы «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Сатыбалды Жұмағатов қатысты. Кездесу барысында басшылық қызметтегі лауазымды тұлғалар тарапынан аудан ардагерлерінің көптеген сұрақтарына толыққанды жауап берілді.

Аудан ардагерлерімен қатар бас­тауыш ұйым жетекшілері де сұрақтарға, атап айтқанда, денсаулық, тұрмыстық-әлеу­меттік мәселелер мен жекелеген ардагерлердің салауатты өмір сүру ұстанымдарына да қатысты көптеген сұрақтары мен кейбір шешімін күтетін сауалдарға жауап алды.

Астана қаласы КММ-нің атқарушы директоры Мұхтар Еркетаев 2021 жылы құрылған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарының тиімділігі мен артықшылықтары және ардагерлерге тегін өтетін түрлі үйірмелер туралы өте анық айтып, жан-жақты түсіндіріп берді. Төрт ауданда ашылған аталмыш орталықтарға қатысушы ардагерлердің саламатты өмірге деген белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шаралар жайында кездесуге қатысушылар хабардар етілді.

Бурабай жанындағы астаналық ардагер-зейнеткерлерге арналған «Қатаркөл» оңалту орталығы жайында айтылған сын аз болған жоқ. Орталық бөлмелеріндегі жиһаздар мен төсек орындардың қолайсыздығы және көл жағалауындағы қажетті орындардың аздығы айтылды. Осы мекеменің басшысы А.Жанғазиев аталған сын уақыт барысында талап-тілек ескеріледі деп жауап берді.

Сондай-ақ «Шамшырақ» БАҰ ­төрайымы Х.Рамазанова «Чугунка» және «Казгородок» қалашық тұрғындарының арасында жеке басты қараусыз-қамқорлықсыз қалған ардагерлердің жағдайлары туралы да айтып, аталған ауданда шешімін күтетін мәселелердің бар екенін айтты. Анығы, сырқаттардың үй жағдайында емдеу кестесін енгізуге және орын алып отырған қымбатшылыққа қатысты азық-түлік себетін ұйымдастыру қажеттілігіне ұсыныс жасады.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Г.Досмыр­заева шұғыл қажет болған жағдайда жедел жәрдем шақыруға iKOMEK жүйе­сіне жүгіну керек деп жауап берді. Ал азық-түлік себеті бойынша А.Таласова қажет етушілер тізімі жасалып, мүмкіндігіне қарай көмек көрсетіледі деді.

Өзекті мәселелердің қатарында тұрғын үй айналасының тазалығы, тағы басқа отбасылық-әлеуметтік салалар бойынша да тыңдауға ұсынылды. Сонымен қатар «Шарапат» уақытша сауықтыру қамқоршылық орындары туралы айтылды.

Елорда тұрғындары асыға күткен кездесулер Есіл және Сарыарқа аудандарында өтті. Зейнеткерлердің көкейіндегі сұрақтарға жауап беру үшін аудан басшылары шақырылды. Сондай-ақ бастауыш ұйым бастамашылары қатысты. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Мұратовтың келмегеніне зейнеткерлер наразылық танытты. Қатысқан мамандар толыққанды жауап бере алмады.

Аталған аудан тұрғындарын толғандырған сұрақтар аз болған жоқ. Есіл ауданы зейнеткерлерінің әлеуметтік мәселелеріне қатысты сұрақтарына Нұр-Сұлтан қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сауле Нұрғожина жауап беріп, ардагерлерге түсіндірді. Алайда кездесу бір мәселе ғана емес, жеке зейнеткер адамға қажетті тұрмыс­тық қажеттілік айналасында өрбіді. Бүгінгі таңда өмір сүру барысында аса қажет дәрі-дәрмек, азық-түліктің қымбаттауы жанға бататын, анығы, аз көлемде зейнетақы алатын адамдардың сұрақтары аз болмады. Коммуналдық төлемақылардың, атап айтқанда, газ жарналарының төлемі жоғары болып отырғандығы жайында қойылған сұрақтарға С.Нұрғожина мен аудан әкімі Асылбек Есенбаев жауап берді.

Кездесуге қатысушылардың назарын аударған «Жағалау» КТК Е-16 үйдің тұрғыны, 90 жастағы тыл еңбеккері Илья Амбарцумович жасаған баяндамасы қатты әсерге бөледі. Өз қаржысымен өзі тұратын тұрғын үй ауласын абаттандыруға көңіл бөліп, көгалдандыруға үлес қосқаны, әрине, көңілге қонымды, басқаларға әсері оң әңгіме болды.

Сарыарқа ауданында өткен кездесу мазмұны қызу сұрақ-жауапқа ұласты. Кездесу барысында қойылған сұрақтар мен сауалдар және білдірілген наразы­лық, көңіл толмау Қоғамдық денсаулық департаментіне хаттамаға түсіріліп, тағы басқа құзырлы орындарға жолданады.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Т.Мұратовтың ­бірде-бір кездесуде төбе көрсетпегені зейнеткерлердің қынжылысын тудырды. Астана зейнеткерлерінің көбі жер үйде тұрмайтыны белгілі. Жоғары қабатта тұратын зейнеткердің жүруге қауқарсыздығы ескеріліп, қан талдамаларын алуға болатындығы бірнеше рет айтылды. Осындай әлеуметтік өзекті мәселелерді оңынан шешуге ұсыныс жасалды. Көңіліне бір сәт демеу болатын арнайы атаулы әлеуметтік көмектер көрсетілсе деген қариялар ниетін де жеткізді. 4-15 сәуір аралығында тіркелу тіс емдеу және протездеуге қатысты сұрақтар 4 ауданда орналасқан емханаларда жүргізілуде.

Жасына қарай зейнеткерлер кредит ала алмайтыны, жылу, жарық пен газға қатысты төлемақыларды төмендету мәселелері де қызу талқыланды.

Қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Салман Героев Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көрсетілген 10 стратегиялық бағыттың негізгісі – адам капиталы жөніндегі өркениетті ұстанымдары туралы өз пікірімен бөлісті.

Аудан тұрғындарының бастамасымен бас би болып сайланған қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының белсенді мүшесі Әнуарбек Ералы аудан азаматтарының ұрпақ тәрбиесіндегі елжандылық, отаншылдық қасиеттер, тәлім-тәрбие отбасынан басталып, қоғамға қызмет ететін ұрпақтардың жанашыр болу керегін көпшілік алдында атап айтты.

Сарыарқа ауданындағы кездесу де өте тиімді ұйымдастырылып, бірқатар ұсыныс жасалды: Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы ескі гараждардың орнына демалыс саябағын салу; дәрігерлік қабылдауларды бір жүйеге келтіру; «Көктал-1» амбулаторлық емдеу орны шағын, талапқа сай болу; кейбір көшелердің бойында жылы аялдама кабиналарын орнату; аялдама жанында көлік жүру бағыттарын көрсететін табло орнату.

Кездесу барысында көтерілген күрделі мәселелер өзекті екенін айт­қан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов олардың орындалу жауапкершілігі қалалық атқарушы органдардың басшыларына ұсынылатынын және оң шешімі қатаң түрде жүзеге асырылатынын жеткізді.

Маржан ПІРІМБЕТОВА, Нұр-Сұлтан қаласы

Ардагерлер кеңесі медиа-тобының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button