ӨЗЕКТІ ӨНЕРДІҢ ӨРІСІ
Астана – тұтастай мемлекеттің рухани келбетін айқындайтын, дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырған мәдениет пен өнердің өркен жайған ордасы. Әлемдік ірі мемлекеттердің астаналық қалалары секілді тәуелсіз Қазақстанның елордасы да өзіндік келбеті мен келісті имиджін қалыптастыру ісіне ерекше назар аударып келеді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған және қызу қолдауымен іске асырылып жатқан бұл жоба егемен еліміздің мәдени-саяси өмірінің орталығы ретінде көрініп келеді.Жас тәуелсіз мемлекетіміз тарихында ерекше орын алған жаңа бас қала Астананың салынуының өзі еліміздің заманауи техногендік мәдениеттің жаңа құбылыс ретінде қалыптасу келбетін көрсетеді.
Бүгінгі қала мәдениетін қалыптастыруда жаңа мұражайдың ашылуы, көркем галереялар, өзекті өнердің ордасын ұйымдастыруда жан-жақты ойластырылған жоспарлы қадамдар еліміздің бас қаласын әлемдік инновациялық процестердің алдыңғы сапына шығарады. Сол себепті еліміздің жас астанасын дәріптеу және насихаттаудың ерекше тиімді жолы қаланың қайталанбас архитектуралық кейпін, мүсіндеу ескерткіштерін, өзекті өнерін, заманға сай сахна өнерін кешенді түрде зерттеу болып табылады. Көркем мәдениет саласында күрделі мәселе болып табылатын дәстүр мен жаңашылдықтың ара қатынасын мәдениетте инновациялықпен ұштастыру, сақтау қажет.
Жас қаланың астаналық мәртебесін анықтауда 2000 жылы ашылған К.Байсейітова атындағы Ұлттық Опера және балет театрының орны ерекше. Танымал режиссерлер, дирижерлер және балетмейстерлер: Ю.Александров, Ю.Григорович, С.Вихарев, Ф.Жанно т.б. бастауымен әлемдік және ұлттық, заманауи эксперименталдық үлгідегі сахналық қойылымдар: мюзикл, опера-балет, модерн-қойылымдарымен республиканың алдыңғы қатарлы өнер ұжымы атын иеленді. Астана үлкен халықаралық опера және балет фестивальдерін тұрақты өткізетін мәдени инфраструктурасы бар орталыққа айналды. Мемлекеттің орталығының рухани тыныс-тіршілігін әр алуандатып, құлпырта түсер ерекше іс-шаралардың бірі – музыкалық театрлардың фестивалін тұрақты өткізу. Аз ғана жылдар аралығында осы шараларды өткізерлік Астана қаласының инфрақұрылымы, заманауи театр, концерттік сахналары, орындаушылық құрамы толық өнер ұжымдарымен бірге осы аралықта жинақтаған іс тәжірибесі жинақталды.
Арқа өңiрiнде опера және балет театрының ашылуымен мұнда үлкен өнер мерекесi де келдi. Жалпы, музыкалық фестивальдер қозғалысы ХХ ғасыр ортасында (1952ж.) Женева каласында Дени де Ружемонның ұйымдастыруымен «Еуропа музыкалық фестивальдер ассоциациясын» құрудан бастау алып әлемнің көптеген елдерінде қанат жайды. Музыканың басқа жанрларын (фольк, поп, рок, джаз т.б.) есепке алмағанда жалғыз кәрі құрлық Еуропада халықаралық деңгейде – классикалық музыка саласында өткізетін фестивальдердің ұзын саны бірнеше жүзден асады екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап классикалық музыка, театр фестивальдері бізде де жиі өткізіле бастады. Бұл бүгінгі тұрақты шығармашылық байланыста болған өнерпаздардың үзіліп қалған барыс-келісін қалпына келтіріп тәжірибе алмасу, үйрену, елді өзгелерге, өзгелерге елді таныстыру көкжиегін кеңейтудің бірден-бір жолы осы болатын.
2005 жылы Астана опера театрының шаңырағы астында Халықаралық «Опералия» – Астанада» опера және балет спектакльдерінің фестивалі алғаш рет ұйымдастырылды.
Бір аптаға созылған өнер мерекесіне әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген опера мен балеттің танымал әнші-бишілері мен өнер ұжымдары жиналды. Жыл сайын маусым айының аяғы мен шiлде айының басында бір аптаға созылған күрделi де бекзат өнердiң бiрегейi – опера фестивалi жаңа қала Астанада өз жұмысын қарқынды жүргізді. Астана тұрғындары мен оның қонақтары әлемдiк және ұлттық операның үздiк туындыларын бүгiнгi таңда жоғары деңгейде орындап жүрген жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар шыққан өнерпаздардың атқаруында танысуға мүмкіндік алды. Фестивальге келетiн орындаушылар құрамы, олардың қандай партияларда өнер көрсетуi, сахналық қойылымдары, мереке бағдарламасының шеңбері жылдан жылға кеңейіп күрделілене түсті.
Қалыптаса бастаған дәстүр бойынша фестиваль театрдың ағымдағы маусымында жасалған жаңа жұмысының тұсаукесерінен басталады. Театр жаңа қойылым жасау, оны фестиваль шараларымен үйлестіріп шығару ісінде біраз тәжірибе жинақтады. Жұртшылықтың назарын өзiне магнитше тартатын өнер мерекесiнiң жаңа тұсаукесер қойылымы әр жылдары екi күн қатарынан көрсетiлетiн итальян композиторы Дж.Вердидің «Риголетто» (2005 ж.), Дж.Пуччинидің «Флория Тоска» (2006 ж.), Дж.Вердидің «Аида» (2007 ж.), Дж.Вердидің «Отелло» (2008ж.) опералары болды. Отандық екі опера театрлардың төл орындаушылар күшімен тұсаукесер қойылымды екі рет орындап барып, фестивальдің ашылу күніне сырттан шақырылатын қонақ әншілермен көрсетілетін жаңа опера мен балет спектакльдері театрдың кезекті маусымын жабады.
Театрдың қойылымында өнер көрсетер жұлдызды топқа келер болсақ, астаналық және алматылық талантты жас әншiлер көрермен назарына ұсынған жұмыстарының басты және өзге партияларында өнер көрсететiн орындаушылар, спектакльдiң басқа да құрамдас бөлiктерi жас театрдың өздерінің шығармашылық күштерімен шешіліп жатты.
Жаңа опера мен балет спектакльдерінің басты партияларын орындауға көршілес мемлекеттер мен әлемдік сахнаның танымал әншiлері де көптеп тартылған. «Санкт Петербург опера», «Маринский» (С.Петербург қ-сы.), Үлкен (Мәскеу қ-сы.) театрларының белдi әншi-орындаушылары келіп өнер көрсетті.
Мерекенiң жаңғырығы мол жарқын бетi – бұл қорытынды Гала-концерт. Сол күндерi қаланың ең үлкен залы – Конгресс-холда, Бейбітшілік және келісім сарайында өтетiн концерттік бағдарламалар көрермен-тыңдаушылардың ерекше назарында болып келеді. Театрдың танымал опера әншiлерiнен басқа бұл кеш бағдарламаларында қазақ опера сахнасының жұлдыздары: Майра Мұхамедқызы, Нұржамал Үсенбаева, Талғат Мұсабаев т.б. сынды орындаушыларымызбен бірге Италия, Ресей, Қытай, Грузия- дан т.б. алыс-жақын шетелдерден келетiн қонақтар бар. Өнер мерекесіне әлемге танымал сахна шеберлерi: Монсерат Кабалье, Плачидо Доминго, Дмитрий Хворостовский, Паата Бурчуладзе, Альберто Мастромерино, Николо Мартинучи, қандасымыз Ирина Мұратбекова (Италия), Георги Ониани, т.б. секілді жұлдызды орындаушылар тобы әр жылдары келіп өнер көрсетті. Мұндай орындаушылардың толық емес жұлдызды құрамы сөзсiз мерекеге деген жиналған көрермен-тыңдармандардың ықыласын арт- тырып, қызығушылықтарының көрiгiн қыздыра түскені анық.
Астана қаласын мәдени орталық ретінде дамыту мәселесі, біздің ойымызша, болашағы бар өміршең жоба болмақ. Еліміздің, аймақтың, алыс жақын орналасқан мемлекеттердің алдыңғы сапында болуды жоспарлаған биік межеден көріну үшін Қазақстанның Бас қаласына ірі халықаралық өнер мерекесі – опера және балет театрының фестивалін өткізу артықтық етпейді.
Аманкелді МҰҚАН,
өнертанушы