Құқық

ӨЗЕНДЕГІ ПОЛИЦИЯ БЕКЕТІ

Мамыр айының басында Астана қаласының полицейлері өзен бойындағы жағдайды да бақылауға алған болатын. Судағы патруль Есілдің жағасын күн са­йын сағат 14:00-ден 21:00-ге дейін күзетіп жүр. Тәртіп сақшыларымен бірге «Kazboat-47» қайығына біз де отырып, Ішкі істер департаментінің жаңа қызметімен танысып қайттық.

ERM_9596

Астаналық парк жақтағы «Сарыарқа» көпірінің астында кездестік. Судағы полиция пункті дәл осы жерде орналасқан. Кеме Есіл бойымен Ақордаға дейін күніне шамамен 5 рейс жасайды. Соңғы межеге жету уақыты жылдамдық пен жағдайға байланысты. Кеме капитаны қайықты көбінесе асықпай жүргізеді, себебі, полицейлер жағалаудағы тірлікті көзбен шолып шығуы тиіс. Ал, шұғыл тапсырмалар кезінде отандық қайық діттеген жерге лезде жетіп баруға қауқарлы. Себебі, қозғалтқыш қуаты 60 аттың күшімен тең.
Астана қалалық Ішкі істер департа­ментінің басшысы, полиция генерал-ма­йоры Амантай Әубәкіровтің бастамасымен құрылған өзен патрулі қоғамдық тәртіпті күзетуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сондай-ақ, жедел іздестіру шаралары мен құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Полиция жасағының құрамында Жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы дайындықтан өткен екі қызметкері бар. Кемеге 5 жолаушы сыяды. Яғни, қайық құқық бұзған екі азаматты өздеріне отырғызып, көлік патрулі кел­генше дейін бұзақыларды жібермеуге құқылы.
Полиция сержанты Нұрсұлтан Темірғалиев пен аға-сержант Мейірбек Құсайынов қайыққа отырмас бұрын қару-жарағын асынып алды. Бұдан кейін ережеге сәйкес құтқару жилетін киіп, жолға шықтық. «Осы айдағы жағдай қалыпты. Жағажайда ішімдік ішкен, тыйым салынған жерлерде суға түскен азаматтарды көзіміз шалмады. 26-сы жағажай ашылды. Судың беті жылынды. Қызу жұмыс алда күтіп тұр» дейді Нұрсұлтан Темірғалиев. Өзен жағасында балық аулауға рұқсат етілсе де, аталған жерде велосипедпен жүруге қатаң тыйым салынған. Бұл ережені бұзуға балалар бейім келеді. Көз алдымызда төрт-бес оқушы көпірдің беткейіндегі көлбей жолды әуес көріп, велосипедпен жүр. Оларға аға-сержант рациямен дауыстап ескерту жасап, бұл жерде жүруге болмайтынын айтқаны сол еді, балалар көліктерін қолдарына ұстап тұра қашты. Қайықтағы полиция қызметінің ашылғандығына «Есіл-Астана» МКҚК жұмыскерлері ерекше қуаныпты. Себебі жүзу маусымы басталғанда пароходтардың жүрісіне өзеннің ортасындағы қалқыма белгіден ары жүзіп баратын мас азаматтар кедергі келтіреді екен. Пароход су бетінде қатты толқын көтергенде, жүзушілер суға батып кетуі мүмкін. Енді қала тұрғындарының судағы ережені бұлжытпай орындамауға амалы жоқ. Сондай-ақ, көпірден секірушілер де жазасыз қалмайды. Қандай да бір әкімшілік құқықбұзушылықпен ұсталған азаматтар заң бойынша айыппұл төлейді.
«Катер 80 см-ге дейінгі толқынға төтеп береді. Желдің ұйытқу күші секундына 15 метрден артса, су көлігінің қозғалысы тоқтатылады. Ал, жаңбыр құйса, қайықтың төбесін жабатын шатыр құрылады» дейді моторшы-механик Владимир Потупалов.
Бұдан өзге, полиция кемесі дабыл, жылжымалы радиоқұрылғы және медициналық көмек көрсетуге арналған қобдишамен жабдықталған. Судағы полиция қызметі күзге дейін Есіл өзені тыныштығын күзетпек.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button