Қала мен Сала

ӨЗГЕДЕН ӨЗІМІЗДІҢ ӨНІМ АРТЫҚ

IMG_5255

Өзіміз күнделікті тұтынып жүрген азық-түліктің қауіпсіздігі мен сапасы қандай деңгейде? Біз қандай өнімдер сатып алып жүрміз? Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігі жүргізген сараптамаға сүйенсек, сауда орындарында сатылатын тауарлардың сапасы көңіл көншітерлік емес секілді. Әсіресе, сырттан тасымалданатын өнімдердің жағдайы жағаңды ұстатады.

Бүкіләлемдік тұтынушылар құқығын қорғау күні қарсаңында Астанадағы «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Қабыкен Закарьянов журналистерге азық-түліктің сапасына жасаған тексерудің нәтижесін жариялай келе, кәсібін адал атқарып жүрген бірқатар іскер азаматтарды да марапаттауды ұмытпады.

Бұл қоғамдық бірлестік Астана қаласы бойынша Тұтыну­шы­лар­дың құқықтарын қорғау депар­та­ментімен бірлесіп, негізінен сүт өнімдерінің құрамына зерттеу жүр­гізген екен. Азық-түліктің бұл түрі негізінен Ресейден тасымал­данатыны белгілі. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, олардың көпшілігінен зең, ішек таяқшалары сияқты адам денсаулығына зиянды бактериялар шыққан. Мысалы, «Деревенское» сары майы, «Домик в деревне», «Любавинка», «Шадринс­кое» сүті, «Российский» ірімшігі сапаға сай емес. Олардың құрамында жоғарыда аталған бактериялар көптеп табылған. Бәрі де Ресейден әкелінген азық-түліктер. Әнебір жылдары «Шадринское» сүтінің сыртындағы «Ресей Федерациясында сатылуға тыйым салынады» деген жазу біраз дауға ұласқаны белгілі. Кейін өндірушілер «бұл сүтті біздікілер де ішеді, оның ешқандай зияны жоқ, ал жазуда қателік кетіпті» деп құтылған. Кейін сүт қалбырларындағы әлгі жазу алынып тасталды. Бірақ, бәрібір көңілімізде күдік қалғанын несін жасырайық. Басқаны қайдам, өзіміз осы сүтті  содан бері сатып алмаймыз. Кезінде Қытайдан әкелінген жеміс-жидектердің құрамында пестицидтер көбейгені, Америкадан алып келген аспириндердің қорабында «Америкада қолдануға болмайды» деген жазу жазылғаны да талай шу туғызғаны есімізде. Осының бәрін ескергенде, шетелден әкелінген азық-түліктің қауіпсіздігіне сенім жоқ-ау. Қандай тыңайтқыштармен бапталып, қалай шығарылғаны белгісіз өнімдерді жеп өскен ұрпақтың ертеңгі денсаулығы не болмақ? Өкініштісі сол, біздің елде адамның денсаулығы емес, сауда мен ақша мәселесі бірінші кезекте. Елінің болашағына, өрендердің денсаулығына көзжұмбайлықпен қарап, ақшаға құныққандар азық-түліктің қауіпсіздігін қайтсін?!

Жалпы азық-түліктің сапалы әрі адам денсаулығына қауіпсіз болуына Америка мен батыс елдері ерекше ден қояды. Мысалы, АҚШ-та азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында ондаған бағдарламалар бойынша жыл сайын 35-40 млрд доллар бөлінеді. Сырттан әкелінетін өнімдерге талап қатал. Тіпті, көп ыға қоймайтын Қытайдың өзі олардан аяғын тартады екен. Айталық, бізде ең сапалы деп есептелетін шұжық-қазылардың өзін Америкаға апарсаңыз, шекарадан өтпейтін көрінеді.

Еліміз сүт өнімінің 40 пайызға жуығын, еттің 29 пайызын және кө­кө­ністің 43 пайызын сырттан әке­леді. Осы жағдайымызбен азық-түліктің қауіпсіздігі туралы айту артық. Сондықтан, бұл жерде өзімізді өзіміз қорғауға тура келеді. Ең дұрысы, сапасы мен құрамы белгісіз шетелдік  өнімдерді сатып алудан гөрі өзімізде өндірілген экологиялық таза өнімді тұтыну. Бұлардың сапасы өзге өнімдерден кем түспейді. Мысалы, «Родина», «Адал» сынды кәсіпорындардың өнімі қай жағынан да өзін дәлелдеген сапалы әрі пайдалы өнімдер деуге болады. Адал бәсекелестігі үшін  олардың басшылары күні кеше «Әділет» қоғамдық қорының алғыс хатын да алды. Өзгеге жалтақтамай, өзіміздің өнімдерді сатып алсақ, бұл бір жағынан отандық өндірістердің дамуына да қосқан үлесіміз болар еді.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button