Басты ақпарат

Өзгерістері өзекті оқу жылы

Жаңа оқу жылы бірқатар өзгерістермен басталады. Біріншіден, оқу жылы ұзартылады, атап айтқанда, 1-сыныпқа 35, 2-11- сыныптарға 36 оқу аптасы енгізілді. Елордада 400 мұғалім біліктілігін арттырды. Педагогикалық мамандықтарға 1050 грант бөлінді. Қазақ тілінде оқытатын 1 сыныптарда балалар тек қазақ тілінде білім алады. Әрі қарай 2-сыныпта орыс, 3-сыныпта ағылшын тілдері қосылатын болады. Ал орыс тілінде оқитын 1-сынып оқушылары үшін қазақ, орыс тілдері оқытылады, ағылшын тілін 3-сыныптан бастап оқиды. Үш ауысымда оқитын мектептерден басқа барлық мектеп бес күндік жұмыс форматына көшеді.  Бұл оқу жылының созылуы және оқу жүктемесінің қысқаруы есебінен жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі ұйым­дарда «1 топта 2 тәрбиеші» қанатқақты жобасы енгізіледі. Колледждерге академиялық дербестік беріліп, мемлекеттік тапсырыс кәсіпорындарға орналастырылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда «1 топта 2 тәрбиеші» қанатқақты жобасы енгізіледі.  Колледждерге академиялық дербестік беріліп, мемлекеттік тапсырыс кәсіпорындарға орналастырылды.

[smartslider3 slider=3846]

Оқу жылының басты ерекшеліктері неде?

– «Биылғы жылдың басты ерекшелігі – оқу жылының ұзартылуы. Осыған орай 1-сыныптарға 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарға 36 оқу аптасын құрайтын оқу жылының ұзартылуы енгізілді» деді Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Әлия Чокушева. 36 оқу аптасына көшкендіктен, күнделікті оқу жүктемесі азаяды, жаңа тақырыптар қосылмайды, сағаттар қиын тақырыптарды меңгеруге, өткен тақырыптарды қайталап, бекітуге арналады. Қазақ тілінде жүргізілетін 1-сыныпта «Әліппе» ана тілінде, орыс тілінде жүргізілетін сыныпта қазақ тілі мен «Букварь» – обучение к грамоте» оқытылады. 1-сыныпта орыс тілі және шет тілі пәндері оқытылмайды. Бірінші ана тілін оқыту ұсынылады, өз ана тілін бірінші кезекте білу, екінші және шет тілдерін бала болашақта табысқа жету үшін оқытылатын болады, яғни ана тілімен білім нәрімен сусындап, қалыптасқан кезде, 2-сыныптан бастап орыс тілі оқытыла бастайды. Шет тілін білу 3-сыныптан енгізіледі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мүлде басқа топтарға жататынын ескерсек, бұл тәсіл оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді және тілдердің оқу графикасын қабылдауға қатысты қиындықтарды болдырмайды.

1-сыныпта көркем еңбек пәні екі жеке пәнге бөлінді: бейнелеу өнері және еңбекке баулу. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленіп, оқу мазмұнында негізгі басымдық білім алушылардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға берілді. Еңбекке баулу сабағында қағаздың, кептірілген жапырақтың, бұтақтардың қасиеттерін ескере келе құралдарды пайдаланып, қарапайым бұйым жасайды, үлгі бойынша жұмыс жасауды үйренеді. Бейнелеу өнері сабағында балалар күн спектрінің негізгі түстерін ажыратуды үйренеді, бейнелеу әрекетінің құрамдас бөліктерін, көркемдік материалдардың түрлерін, олардың қасиеттері мен атауларын меңгереді, шығармашылық жұмыстарды өз бетінше орындайды. Бейнелеу өнері және еңбекке баулу пәндері бойынша биыл оқулықтар әзірленбейді, тек мұғалімге әдістемелік қолдау мақсатында әдістемелік нұсқаулық ұсынылатын болады.

Алдағы оқу жылында вариативтілік компоненттегі жаhандық құзыреттер міндетті курсы жалғастырылатын болады, білім алушының тұлғалық кемелденуін, функционалдық сауаттылығын, ең бастысы – өзекті  мәселелерді макро, яғни жаhандық деңгейде талдай алу қабілеттерін дамытуға бағытталған курс. Жаhандық құзыреттер курсы 5-10 сыныптарға арналған үлгілік оқу жоспары мен білім алушылардың белсенді азаматтық ұстанымын, коммуникациялық дағдыларын, ақпараттық сауаттылығын, әлеу­меттік жауапкершілігін, сыни пайымын дамытуға, қоғамдық ортаға сай мінез-құлқын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл курсты әр сыныпта оқытылатын мазмұнға ең жақын пәндер бойынша маманданған педагогтар оқытатын болады. Педагогтар «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамынан курстардан өтеді. Педагогтарға арнайы әдістеме ретінде нұсқаулықтар ұсынылатын болады.

Мұғалімдерді қолдау тетігі қандай?

Балалар үшін биылғы жаздың жөні ерекше болды, өйткені жазғы демалыс ел президенті жариялаған «Балалар жылы» аясында өтті. Биылғы жылы оқушылар үшін тағы 11 білім ошағы есігін айқара ашпақ. Бұл қосымша 23000 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылында оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасайтын ұстаздарға биыл мемлекет тарапынан қолдау жасалып, ынталандыруға ерекше көңіл бөлінді. «Педагог мәртебесі» туралы заң да қабылданды, 2020 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға, 2021-2022 жылдар аралығында тағы 25%-ға өсті. Мұғалімдердің жалақысы 2024 жылға дейін жыл сайын кезең-кезеңмен 25%-ға өсіп отырады. Сондай-ақ біліктілік санаттары үшін де қосымша ақы төленуде.

Елордалық ұстаздардың оқушыларға сапалы білім беруге барлық жағдайы жасалған. Жаңа оқу жылында педагогтардың біліктілігі мен оқушылардың білім деңгейін арттыру бағытында жұмыстар жалғасады. Осы орайда елорда әкімдігінің мұғалімдердің біліктілігін арттыруға айрықша көңіл бөліп отырғандығын айту қажет. Кадрларды тарту үшін әкімдік жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледждерде білім алуға арнайы гранттар бөліп отыр. Мәселен, биыл педагогикалық мамандықтарға тағы 1050 грант бөлінді.

Жаңа мектептердің жұмыс жасауына байланысты педагог кадрлардың тапшылығы да өсе түсуде. Қазіргі уақытта елордалық білім беру саласында 20000 педагог жұмыс істейді. Олардың 48%-ы жаңа форматтағы педагогикалық аттестаттау қорытындысы бойынша біліктілік санаттарына ие және барлығы негізгі жалақысына 30-дан 50%-ға дейін қосымша ақы алады.

Жас мамандарды тарту мақсатында 2018 жылдан бастап елорда әкімдігі мемлекеттік білім беруге тапсырыс береді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс бойынша 400 мұғалім біліктілігін арттырды. Биыл елордада педагогикалық мамандықтарға 1050 грант бөлінді.

Мұғалімдерге жағдай жасау бойынша жоғарыда аталған шаралардың барлығы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Педагогтар жұмысқа қалай қабылданады?

Жыл басында мұғалімдердің, ауыл директорлары мен директор орынбасарларының, қала мектептерінің, білім бөлімдері мен білім басқармалары өкілдерінің қатысуымен педагогтардың аттестациядан өту жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобы өз ұсыныстарын жасады. Негізінен, олар әдістемеге, әрбір біліктілік санатына қойылатын талаптарға, күтілетін нәтижелерге, кәсіби стандарттың өзара байланысына және т.б. қатысты.

«Қазіргі уақытта барлық педагог аттестацияның екі кезеңінен өтеді: бірінші кезең – барлық педагогтің пән мен оқыту әдістемесін білуге арналған тестілеуден міндетті түрде өтуі және екінші кезең-педагог портфолиосын, жетістіктерін бағалау» деді кеше ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында.

Мынадай өзгерістер ұсынылады:

Бірінші кезеңге, яғни ҰБТ-ға (Ұлттық біліктілік тесті) қатысты:

  1. Әдістеме бойынша тестілеу сұрақтарын қамтитын толық тақырыптар мен әдебиеттер барлығына қолжетімді болады.
  2. Педагогикалық өтілі 30 жыл және жаңа аттестация жүйесі бойынша санаты бар педагогтарды біліктілік тестілеу­ден босату ұсынылады. Олар аттестацияның екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте егер олар біліктілік санатын көтергісі келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді. Мысалы, 30 жылдық еңбек өтілі бар педагог-сарапшы өз санатын растаса, аттестациядан тек екінші кезеңнен ҰБТ-сыз өтеді, ал арттырғысы келсе қосымша ҰБТ тапсырады.
  3. Сондай-ақ педагогикалық өтілі – 30 жыл, бірақ ескі аттес­таттау жүйесі бойынша жоғары, бірінші санатты педагогтар, «педагог-модератор» санатына ауысатын болса, онда олар біліктілік тестілеуден өтуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестацияның екінші кезеңінен өтеді, яғни портфолио тапсырады. Ал егер бұл педагогтар аттестацияның жаңа жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.
  4. Зейнетке шығуына 4 жыл қалған мұғалімдер де жаңа жүйе бойынша бар санатын растаған жағдайда оларды аттестациядан босату ұсынылады. Ал егер олар қолданыстағы біліктілік санатын, тиісінше алатын үстемақысын арттырғысы келсе, онда аттестация жалпы негізде өтеді.

Аттестацияның екінші кезеңінде де өзгерістер болады:

  1. Құжаттардың саны айтарлықтай қысқарады. Екінші кезеңдегі негізгі бағалау критерийлері: сабаққа қатысуы және оны талдауы, педагогтің біліктілікті арттыру курстарынан өтуі. ҰБДҚ-да әр мұғалім үшін маңызды ақпараты бар электронды портфолио құру жоспарланып отыр, мұғалімдер аттестация кезінде мәліметтерді сол жерден ала алады.
  2. Оқушылардың білім сапасы туралы ақпарат ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
  3. Педагогтің кәсіби жетістіктері мен оқушылардың жетістіктеріне келетін болсақ (олимпиадалар мен конкурстар), олимпиадалар мен конкурстардың тізбесі айтарлықтай кеңейтіледі.
  4. Сабақтардың бейнежазбалары міндетті болмайды, оның орнына қатысқан сабаққа және lesson study талдау жасалады.
  5. Сонымен қатар тестілеу­ден өту тәртібін бұзған және өз жетістіктері туралы жалған ақпарат көрсеткен тұлғаларға 5 жылға аттестациядан өтуге тыйым салатын норманы енгізу ұсынылды.
  6. Педагогикалық қызметке алғаш рет кіріскендер «педагог-тағылымгер» уақытша біліктілігін алып, бір жылға жұмысқа қабылданады, содан кейін оларда мамандыққа бейімделу, ену бағдарламасы басталады. Бұл бағдарлама бойынша жас маманға тәлімгер бекітіліп, оның кәсіби даму бағдарламасы әзірленеді, курстардан өтіп, lesson study жүргізеді және бағдарлама қорытындысы бойынша педагогикалық кеңес «педагог» санатын беру және шартты ұзарту туралы тиісті шешім қабылдайды.
  7. Аттестация мерзімін 3 жылға дейін қысқартпай, 5 жылда бір рет, яғни сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылданды.

«Қабылданып жатқан шаралар мұғалімдерге өздерінің біліктілік деңгейін арттыру мәселелеріне тиімдірек қарауға мүмкіндік беріп, негізгі міндетті, яғни білім сапасын арттыруды шешетініне сенімдімін» деді министр.

Қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Ағымдағы жылдың тамыз айында Ұлттық тестілеу орталығы білім беру гранттары иегерлерінің тізімін ұсынды. Мемлекеттік білім беру гранттары иегерлерінің тізімі БАҚ-та жарияланды.

Биыл Президент тапсырмасымен гранттардың жалпы саны 5 мыңға артып отыр. Яғни, өткен жылы білім беру гранттарының саны 51 мың болса, биыл 56 мыңға дейін артты.

Мемлекеттік гранттарды бөлу кезінде алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квоталар көзделген. Осы жылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін барлығы 75 мыңнан астам өтінім берілді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13 мыңға артық.

Биылғы жылы талапкерлер арасында ең көп сұранысқа ие болған білім беру бағдарламалары:

Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және мұрағат ісі – 1056 (20 грант), Стоматология – 1018 адам (20 грант), Мәдениеттану – 1253 (30 грант), Халықаралық қатынастар және дипломатия – 3176 адам (80 грант), Филология– 3549 (100 грантов), Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау – 6505 адам (210 грант), Фармация – 1433 (50 грант), Политология – 2594 (92 грант), Құқық – 2758 адам (100 грант), Түркітану және шығыстану – 2184 (80 грант).

Басымдық техникалық бағыттарға берілді, жалпы грант санының 60%-ке жуығы техникалық сипаттағы білім беру бағдарламаларына бөлінді.

«Жергілікті әкімдік гранттарды ҰБТ-ның балына және грант санына қарай тағайындайды. Нәтижесі жергілікті БАҚ бетінде жарияланды. Барлық мақсатты грант иелеріне әдеттегідей  20949 теңге стипендия тағайындалады. Сондай-ақ жылына 2 мәрте жол жүру өтемақысы төленеді».

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button