Мәдениет

ӨЗГЕШЕ ӨНЕР ӨРІМДЕРІ

Таяуда Конгресс-холл сарайында өткен бiр көрмеге жол түстi.  Қаз-қатар орналасқан  дүңгiршектердiң ең шетiнде картиналар тұр екен. Жақындай келсем, ашық түстермен басылған оюлы суреттер. Құрқылтайдың ұясындай жерге ғана қойылған картиналардың көркемдiгi  бiрiнен-бiрi өтедi. Жөн сұрай келе, бұлар ағайынды Аңқауовтардың авторлық туындылары екенiн бiлдiм. Аз-кем тiлдесiп, өз қолдарымен өрген суреттерiн арқалап, Қостанайдан келген ағалы-iнiлi шеберлердiң құпиясымен таныстым…

Ағайынды Аңқауовтардың есiмi Қостанай өңiрiнде етене таныс болмаса да, бiраз жұрт­тың назарына iлiгiптi. Бiр атадан туған төрт жiгiттiң шағын шеберханасы бар. Карти­на­ларын сол жерде жасайды. Олар туынды­ларын басқалар сияқты бояумен, қылқалам­мен салмайды. Иiрiлген жiптен өрiледi. Иә, иә, киiз емес, кәдiмгi қойдың жiңiшке етiп иiр­ген жүнi. Әдеттегi рамканы да ағаштан емес, жiптен тоқиды.
Жалпы, панно-аппликация стилi Еуропада  XVIII ғасырда пайда болған. «Әдеттегi мата­ның орнына қойдың жүнiн ұсақтап, жабыс­тырып, мен оған жаңаша дем бердiм. Тiптi, жаңалық аштым десем болады», – дейдi Ар­лан Аңқауов. Осы бағытта iзденiп жүргенiне сегiз жыл болыпты.
Айтуынша, Астанаға алғаш келуi емес. Өт­кен жылы шығармашыл жастардың «Ша­быт» халықаралық конкурсына қатысып, 200 үмiткердiң iшiнен үздiк ондықтан көрiндi. Байқаудан шабыттанып қайтқан жiгiттер өз жерiнде жеке көрмесiн өткiзiп, туындылары көрермен көзайымына айналды. Ол көрменi өткiзуге «Даму» кәсiпкерлiктi қолдау қоры­ның аймақтық филиалы жәрдемдесiптi. Қор­дың мүмкiндiгi шектеулi жандарға дем беруге бағытталған арнайы жобасы бар екен. Мiне, соның арқасына Аңқауовтар Астанаға келдi.  «Нұр Отан» ХДП ғимаратында  көрме-жәр­меңкесiн ұйымдастырды. Одан бөлек мереке кезiнде қаладағы жәрмеңкелерге қаты­сып, бiраз туындыларын сатты. Көр­меден түскен қаржының бiр бөлiгiн отба­сы­лық бизнестi дамытуға, қалғанын емделуге жұмсайтынын жасырмады. Себебi, ақ ха­лат­тылар ағайынды жiгiттерге «эрба-рото миа­па­тия Дюшена» деген диагноз қойған. Тiр­шiлiкте сирек кездесетiн бұл дерттен құ­лан таза айығу мүмкiн болмағанымен, тұқым қуал­амайды. Тиiстi ем-домын дер кезiнде қабылдап отыруы қажет. Әйтсе де, үмiт оты ешқашан өшпек емес…
– Аллаға шүкiр! Бiзге екiнiң бiрiне бұйыр­майтын өнер бердi. «Денсаулығымыз жара­майды» деп тағдырға өкпелей алмаймыз. Жаратқан нәсiп еткен өнерiмiзбен дертке дауа таптық. Киелi өнер өмiрге деген құл­шынысымызды арттырды.  Интерьердi әр­лен­дiрумен айналысатын «Arlan Design» атты студиямыз бар. Ешкiмнен кем емес­пiз,– дедi Арлан бiзбен әңгiмесiнде.
Аңқауовтар сырлы сурет салудан бөлек, интерьердi безендiрумен де айналысады. Тапсырыс бойынша үйдiң шағын бөлмесiнен бастап, зәулiм сарайларға дейiн безендiредi. Мұнда да ұстанған бағыттары бар. Ол – қазақы этно-стиль. Осыдан он шақты жыл бұрын халық көбiне-көп еуропалық стильге ден қойса, қазiр көбiнесе шығыс мәнерiндегi интерьерге сұраныс көп.  Аңқауовтардың көмегiмен бiраз қостанайлық үйлерiн жөн­деген екен. Есiгi киiз үйдiң есiгiмен, төбесi шаңырағымен алмасты­рылып, қабырғаға қасқыр мен түлкiнiң терiсi, сон­дай-ақ Аң­қауовтардың авторлық бiр туын­дысы iлiнедi. Бiр қызығы, қазақы нақышта пәтерлерiн әрлегендердiң арасында өзге ұлт өкiлдерi ба­сым. Ұлтының мәдениетiн өзге ұлт­тың ұлықтап жатқанына Арлан мен оның ағайын­дары қуанады. Өйтпегенде ше? «Егер, сұраныс болып, қоғам осы бағытқа ден қойса, дизайн, интерьер әлемiне «қазақы этно-стиль» деген жаңа ұғым енуi ғажап емес». Бұл – сұхбаттасымыздың пiкiрi…

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button