Жаңалықтар

Өзіміздікін неге өзгелерден тасимыз?

Өткенде сауда орталықтарының бірінен ерекше дүңгіршек көрдім. Ерекше дейтінім, онда тек ұлттық оюлы сөмке мен басқа да күнделікті тіршілікке қажет бұйымдар бар екен. Сөздің шыны керек, әлгі бутик маған ыстық көрінді. «Қазақстанда ұлттық үлгідегі заттар шығыпты ғой» деп қуана беруім сол еді, сатушымен әңгімеден соң көңілім су сепкендей басылды.  

Бутиктің іші толы оюлы заттар. Сөмке, әмиян, бөкебай және тағы басқа дүниелер самсап тұр. Әрі әлгі заттардың барлығы соңғы үлгідегі нұсқамен жасалған. Сапасы да сын айтқызбайды. Таза былғары. Дәл осы кезде бренд қуып, италиялық теріден тігілген сөмкесін көрсетіп мақтанып тұратын кейбір жандар «осыны көрсе ғой…» деп ойладым. Сөйтсем, әлгі заттардың бағасын әркімнің, әсіресе, қарапайым халықтың қалтасы көтере бермейтіндей екен. Себебі, ол шетелде шығарылады. «Өзіміздікі ғой» деп сенімді болған тауарлар өзгенікі болып шықты. Қытайда жасалыпты. Бағасының қымбат болуы содан.

Бақсақ, біздің дүкен сөрелерінде тұрған кәдесыйлардың дені Еренқабырғаның арғы жағындағы елден келген. Бүгінде қазақ елінің айтулы ескерткіштері мен нысандарын кәдесый етіп сатып жатқан «Әдемі-ай» компаниясы да әр затын Аспан асты елінен тасиды. «Қазаншының өз еркі» дейін десек, бұлар – біздің ұлттық өнеріміз, құндылығымыз. Қалаған адам қалаған елінде шығармауы керек.

Тағы бір айтатыны, біз айтып отырған кәсіптен нәсібін тауып отырғандардың басым бөлігі – өзіміз­дің қандастарымыз. Ал, неге сондай дүниелерді қазақтың жерінде шығармасқа?! Біріншіден, ол ұлттық брендке айналар ма еді?! Екіншіден, өзіміздің өндірісте «Қазақстанда жасалған» деген атаумен шығып, кәнігі қазақы бизнес болар ма еді?! Үшіншіден, ол қазақ жерінде шықса, бағасы қара халыққа қолжетімді болатын еді. Ең бастысы, бұл кәсіп «қазақтың қолынан түк келмейді» деп миық тартқан өзгелердің ауызын жабар еді.

Әрі-беріден соң бірер жылдан кейін әлем назарын біздің елге аударатын «ЕХРО-2017» көрмесі бар. 6 млн-ға жуық адам келеді деп отырғанда, осындай кішігірім болса да, көшелі мәселеге мән бергеніміз жөн-ау. Көптің алдына шет елде жасалып, Қазақстанға әкелінген және екі-үш есе қымбат бағамен сатылып жатқан бұйымдарды қоймайтын шығармыз.

Қазіргі күні «ЕХРО» деп алашапқын болып жүрген шендісі бар, кәсіпкері бар осындай ұсақ бизнеске де ден қойса қайтер. Әлгіндей ұсақ заттардың өзі атағы алысқа кеткен үлкен шараларда өзіндік рөл атқарады. Өзгенің жасағанына қарап, қанымызды қайната бермей, «өзіміз үшін өгіз қара күшімізді» салайық…

Айнұр ШОШАЕВА,
a.shoshaeva@astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button