Басты ақпарат

Өзің өндірмесең, жат жарылқамайды

Кез келген елдің экономикалық әлеуетін сол елдің төл өнімі көтеретіні хақ. Экспорт, импорт жайында сөз қозғағанда, біріншісі екіншісінен басым тұрса, сол елдің экономикасына да, ішкі өндірісінің дамуына да тиімді болмақ. Қазақстанда 30 жылдан бері бұл көрсеткіш керісінше болып келді, яғни қарапайым сөзбен айтқанда, шетелге сатқанымыздан сатып алғанымыз көп болған еді. Алайда бүкіл әлем экономикасына әсер еткен пандемиядан кейін көптеген мемлекет ел ішін өз өнімімен қамтамасыз етпей, импортқа сүйенудің де үлкен қатері бар екенін шындап сезінді. Осы қатарда Қазақстан да бар.

[smartslider3 slider=3521]

Сатқаннан сатып алғанымыз көп

Пандемия кезінде шекаралар жабылып, импорт-экспорт саудасы күрт тоқтаған кезде Қазақстан сияқты экспорттан гөрі импортқа көбірек сүйенетін елдерге оңай соққан жоқ. Зат бағасы аспандап, базарда тауар тапшылығы туылды. Мәселен, Қазақстан бұрын беттұмшаны шетелден енгізетін, Қытайда індет тарап, тапшылық туындағанда, еліміз нарығындағы беттұмшаның дені қайтадан Қытай асты да, елімізде індет тараған кезде, жұрт қорғанатын зат таппай қиналды. Соның әсерінен 15 теңгелік беттұмшаның бағасы 200 теңгеге дейін көтерілді. Міне, бұл – импортқа таянудың қаншалық қатерлі екенін дәлелдейтін ең қарапайым мысал.

Өкінішке қарай, қазақстандық шенеуніктер отандық бизнестің жағдайын қорғауға ықылас танытқан жоқ. Осылайша олар көрші елдерге қазақстандық ұнға қорғаныс баждарын енгізуге, теміржол тарифтерін көтеруге және өңделген өнімдерден гөрі астықты Қазақстаннан шығаруға мүмкіндік беріп, тиісті шараларды қолданбады

Мамыр айында еліміздің кейбір БАҚ-тары «биыл шетелден сатып алғанымыздан гөрі сатқанымыз көбею жағдайы байқалды» деп жарыса жазды. Атап айтқанда, қаңтар мен наурыз аралығында біздің ел өзге мемлекеттерге 19 миллиард долларға тауар экспорттап, 9,1 миллиард долларға импорт жасаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседей көп. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, төлем балансында табыстың артуына әлемде шикізаттың қымбаттауы әсер еткен. Әсіресе, Қазақстанның негізгі экспорттық тауары мұнай бірінші тоқсанда 38 процентке қымбаттады. Осылайша кіріс көбейген. Алайда бұл Қазақстанның импортқа тәуелділіктен құтыла бастағанының көрінісі емес. Тек мұнайымыз болмаса, біздің шетелге тұрақты түрде сататын өнімдеріміздің саны шамалы. Былайша айт­қанда, біздің экспорттың үлкен үлесін мұнай ұстаса, одан кейінгі орындарды металл, бидай сынды өнімдер ұстайды. Алайда бұл өнімдеріміздің көбі шикізат күйінде экспортталады да, оның да пайдасын шетел көріп отыр. Мәселен, ұн экспортына келсек, соңғы жылдары елімізде бидайды экспортқа жіберу үшін трейдерлер астықты жаппай сатып алуда. Бұған импорттаушы елдердің өңделген өнімдер: ұн және ұн өнімдері импортына зиянын тигізетін бидай дәнін импорттауды ынталандыру саясаты себепші. Мысалы, Тәжікстанда, астық импортына – 12%, ал ұн импортына 18% көлемінде ҚҚС салынады. Өзбекстанда астықтың пайдасы үшін, оларды тасымалдауға әртүрлі т/ж тарифтері қолданылады. Әрине, бұл бизнесмендерді ұнды емес, бидайды эскпорттауға мәжбүрлейді. Осы арқылы Қазақстан бидайын өз елінде өңдеп, ұн және басқа азық-түлік жасап, басқа елдерге экспорттайды да, сатып алған бидайынан еселеп пайда табады.

Экспорт ақша әкелсе, импорт шығын әкелетіні белгілі. Көптеген елдің импорт пен экспорт көлемін теңестіруге тырысатыны да сондықтан. Бірақ бұл мүмкін емес. Біздің шетелге тұрақты түрде сататын өнімдеріміздің саны шамалы. Былайша айтқанда, біздің экспорттың үлкен үлесін мұнай ұстаса, одан кейінгі орындарды металл, бидай сынды өнімдер ұстайды. Алайда бұл өнімдеріміздің көбі шикізат күйінде экспортталады да, оның да пайдасын шетел көріп отыр 

Бидай сатқаннан ұн сатқан пайдалы

Сөзімізді сан-цифрлар ар­қылы дәлелдесек, қазақстандық ұн зауыттарының табыс­ты кезеңдері 2007-2010 жыл аралығында болды. 2007 жылы еліміз 1 млн 454 мың тонна ұн экспорттап, әлемде бірінші орынға шықса, 2008 жылы – 1,8 млн, 2009 жылы – 2,247 млн, 2010 жылы 2 млн 296,7 мың тонна ұн экспорттады. Елдегі диірмендердің саны мыңға жақындады. Алайда 2011 жылы аталған салада құлдырау басталды, себебі Орталық Азия елдері Қазақстаннан дайын өнімді (ұн) емес, арзан шикізатты (бидайды) сатып алып, өз диірмендерін дамыту туралы шешім қабылдады. Өкінішке қарай, қазақстандық шенеуніктер отандық бизнестің жағдайын қорғауға ықылас танытқан жоқ. Осылайша олар көрші елдерге қазақстандық ұнға қорғаныс баждарын енгізуге, теміржол тарифтерін көтеруге және өңделген өнімдерден гөрі астықты Қазақстаннан шығаруға мүмкіндік беріп, тиісті шараларды қолданбады. Нәтижесінде Қазақстан ұнды нарыққа шығаратын халықаралық ірі тасымалдаушы мәртебесінен айырылды. Өндіріс көлемі жыл сайын төмендеп, 2021 жылға келгенде бұл көрсеткіш 1,4 млн тоннаға дейін азайды. Диірмендердің саны да азайып, жұмысшылары қысқарып, ұн өндіретін бидай таппай қиналатын халге жетті. Мәселен, жақында диірменшілер Қазақстанда астық тапшылығымен бетпе-бет келгенін мәлімдеді. Қазақстандық диірменшілер қоймада шамамен бір жарым аптаға дейін жететін бидай қалғанын, содан кейін диірмендерін тоқтатуға мәжбүр болатынын айтады. Бұл туралы Қазақстанның астық өңдеушілер одағы хабарлады. Осының салдарынан ұн бағасы да бір айда 8 пайызға қымбаттаған. Міне, біздің бидай экспортының артқанының пайдасы. Ал оны реттейтін министрліктер болса, «жылына шетелге пәлен тонна бидай экспорт еттік» деп марқаяды. Керек десеңіз, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, осыдан бірер жыл бұрын ұн экспортына тыйым салса, кейін оны квоталар бойынша шығаруға мүмкіндік берді, алайда астықты экспорттауға арналған квота ұнға берілетін квотадан үш есе жоғары болды. Міне, бұл отандық өндіріске үлкен соққы болып тиді. Демек, бидайдың жаппай экспортқа шығарылуы Қазақстанда ұн бағасын жоғарылатып қана қоймай, отандық өндірушілердің жұмысын да тығырыққа тіреді. Осы тұрғыдан алғанда, шетелге бидайдың өзін сатқаннан оны елімізде өңдеп сатқан әлдеқайда тиімді. Өйткені астықты қайта өңдеу еліміз азаматтарын жұмыс орындармен қамтамасыз етіп, қосылатын құн және салық мөлшерін арттырып, бюджетке қосымша кіріс кіргізеді. Бірақ мемлекеттің қолдауынсыз мұндай мүмкіндіктерді жүзеге асыру мүмкін емес. Бір ауыз сөзбен айтқанда, импорт-экспорт сау­дасы, ең алдымен, отандық өндірушілердің мүддесін қорғай отырып жасалуы қажет.

Көкөністі де көршіден аламыз

Экспорт ақша әкелсе, импорт шығын әкелетіні белгілі. Көптеген елдің импорт пен экспорт көлемін теңестіруге тырысатыны да сондықтан. Бірақ бұл мүмкін емес. Себебі барлық қажетті тауар мен қызмет көрсету түрлері бір ғана мемлекеттен табылуы екіталай. Осылайша, дүние жүзіндегі елдер өзінде жоқ затты өзгеден алуға мәжбүр. Қазақстан да импортқа тәуелді. Бұрын бізде импорт өсімі аралық тауарлар мен өндіріс құралдарының есебінен болса, қазір халық тұтынатын тауарлардың үлесі артты. Іш киімнен тартып, шұлық пен шақайға дейін Қытай мен Қыр­ғызстаннан сатып аламыз. Ұлан-байтақ жеріміз бар болса да, көкөністің көбін шетелден тасимыз. Сонда Қазақстанда осы өнімдерді өндіретіндер жоқ па?! Бар, бірақ мемлекеттің отандық өнімді қолдау саясаты әлсіз. Мәселен, Қытайда шетелге экспортталатын тауарларға мемлекеттен қосымша қаражат бөлінеді, бажы алынбайды. Сосын да Қытайдың әрқандай тауары біздің өнімдерден арзан. Ал бізде отандық өндірушілерге азды-көпті қолдау бар болғанымен, шетелдермен салыстырғанда ол мардымсыз болғандықтан, нарықта шетел өнімдерімен бәсекелесе алмайды.

Жеңіл өнеркәсіп жеңіл емес

Кеңес Одағы кезінде елімізде 14 салаға тармақталған жеңіл өнеркәсіптің 69 ірі кәсіпорны болыпты. Республика бюджетінің 25 пайызынан астамын осы сала құраған. Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқ киім комбинаты, Қостанай мәуіті-шұға комбинаты, Семей тері-былғары комбинаты сияқты алпауыт кәсіпорындар КСРО кезінде іске қосылды. Олардың барлығы отандық шикізатпен жұмыс істеп, жүздеген өнім түрін шығарды. Алайда еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бірқатар зауыттар жұмысын тоқтатты. Бүгінгі таңда республикада жеңіл өнеркәсіптің 40-қа жуық ірі және орта кәсіпорындары бар. Бірақ олардың да өндіріс қуаты шанақты. Ішкі және сыртқы нарықты түгел мақта, жүн секілді шикізат көздерін игерудің өзі – бір мәселе. Себебі оларды өңдеп шығаратын зауыт жоқ. Шикізаттың басым бөлігі шетел асып, сол жерден тон, күртке, костюм я көйлекке айналып, дайын өнім ретінде әкелінеді.

Жаһанды жайлаған індет уақытында бірқатар өзекті мәселелердің байқалғаны рас. Мәселен, пандемия кезінде дәріханаларда «Эргоферон», «Ингаверин», «Парацетамол», «Цеф III», «С витамині», «Аскорбин қышқылы» сынды дәрілер мен антибиотиктер тұратын сөрелер бос қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, індеттен сақтайтын қарапайым беттұмшаның тапшылығы да сезілді. Осы орайда, ел ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технология­ны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет» деп отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға пәрмен берген болатын. Бірақ қазір бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ол жағы беймәлім.

ІТ маманы бізде де бар

Басқасын былай қойғанда, біздің елде де білікті ІТ мамандары болғанмен, қолданыстағы мобильдік, компьютерлік қосымшалардың барлығы – шетелдікі. Пандемия кезіндегі онлайн оқуда ZOOM, TEAMS сынды шетелдің платформаларын пайдалансақ, такси шақыру үшін күні бүгінге дейін Indriver, Yandex.Taxi, Didi, Uber секілді такси қызметімен қолданамыз. Осы арқылы қаншама қаржы шетел асып жатқанын ескеріп, есептеп жатқан ешкім жоқ. Мемлекеттік мекемелердің өзі «өздеріне» ыңғайлы болу үшін сайттарын, компьютерлік қосымшаларын шетелге жасатуға әуес. «eGov» электрондық үкімет платформасын ресейлік «Сберге» табыстау – соның айғағы. Бұл дегеніңіз – отандық ақпаратты шетелге сатумен бірдей жұмыс. Сонда біздің билік пен қауіпсіздік комитеттері қайда қарап отыр?! Бізде соны жасайтын маман жоқ па? Бар, бар болса да, істеткісі келмейді. Өйткені отандық мамандарға жүгіну жемқорлық жұмысына кедергі болады деп қорқады. Мәселен, «eGov» электронды үкіметін жетілдіруге «Сбер» ұсынған платформаны Қазақстан 300 миллион долларға сатып алмақшы болды. Осыған байланысты IT маманы Тимур Бектұр: «Сберге» беретін $300 млн ақшаны бізге $20 млн-нан 15 жыл бойы беріп отырсаңыздар, өзіміз де әлемдік деңгейдегі жүйе жасап шығар едік» деп ашына айтқаны бар. Бірақ оны естір құлақ жоқ.

Қысқасы, ел экономикасының негізгі тірегі – отандық өнеркәсіп. Ал отандық өндірістің нарықтағы жағдайы көңіл көншітерлік деңгейде емес. «Жаңа Қазақстанда» жасалатын бастамалардың арқасында төл өнімнің үлесі артар деген жалғыз үмітіміз бар.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ, Индира БЕРЖАНОВА,

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

P.S: Қысқасы, ел экономикасының негізгі тірегі – отандық өнеркәсіп. Ал отандық өндірістің нарықтағы жағдайы көңіл көншітерлік деңгейде емес. «Жаңа Қазақстанда» жасалатын бас­тамалардың арқасында төл өнімнің үлесі артар деген жалғыз үмітіміз бар.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button