Басты ақпарат

Өзің қазақ. Құжатың ше?

Иә, біз қашан қазақ боламыз? Ойлантатын мәселе! Заң рұқсат берсе де, өз тегіміз бен аты-жөнімізді қазақ қарпімен жазуға әлі асықпай жүрміз. Сылтау көп! Ынта, ықылас жоқ!

[smartslider3 slider=3718]

Жазушы Александр Бек Мәскеуді қорғаған батырлардың ерлігі жайлы жазу үшін соғыс кезінде Бауыржан батырға айлап-жылдап еріп жүріп, «Волоколам тас жолы» кітабын жарыққа шығарады.

Автор кітапта батырмен қалай танысқанын баяндайды: «Ол аты-жөнін айтты. Жөнді есіте алмай, қайта сұрадым.

– Бауыржан Момышұлы, – деді. Тілшінің әдеті бойынша дәптерді қолыма алып:

– Ғафу етіңіз, фамилияңыз қалай жазылады? – деп сұрадым.

– Менің фамилиям жоқ, – деді ол. Мен бетіне таңдана қарап едім, ол:

– Атым Бауыржан. Әкем Момыш, мен соның ұлымын, баласымын, түсіндің бе? – дейді.

Оның үнінде астарлы бір зіл бардай сезілді. Кейін, әбден танысып, сыр алысқан кезде ғана, оның не себепті өзін фамилиясыз адам деп есептейтінін ұқтым» депті.

Жазушының соңғы екі сөйлемге екпін, леп беруінен батырдың өзінің ата-тегін «ов-пен» былғағысы келмей, өлшемді қалыпқа сыймай, құлдық санаға мойынсұнған айналасындағыларға зілді кейістікпен биіктен қараған өр мінезін дәл жазған.

Жазушы, сатирик Шона Смаханұлы орталық саябақта Бауыржан Момышұлына кездейсоқ жолығып қалыпты:

– Ассалаумағалейкум, Бауке!

– Уағалейкумассалам! О, қазақтың ұлы адамы екенсің ғой. Кел бері!

Баукең «ұлы» деген сөзге салмақ сала айтыпты. Шона түсінбей сасқалақтап қалады. Баукең оған: – Иә, бүгін Қазақстанда екеуміз ғана ұлы адамдармыз. Мен – Момышұлы, сен – Смаханұлы. Басқалардың бәрі «ов-тар» мен «ев-тер» деген екен.

Кеңес өкіметінің қылышы­нан қан тамып тұрған кезінде қаһарманның жасаған бұл әрекетін өрлік, ірілік, ерлік, рухтылық десек, тәуелсіздік туы желбіреген бейбіт те берекелі заманда «ұлы» атануға ниет танытпауымызды қалай түсінеміз?

Анель, Асель, Айгерим, Урынбай, Нурлан, Джалгаз, Эрик, Абаев, Ахметов, Айтжанович, Муратович болып, құлдық қамытты арқалап жүре береміз бе? Кеңестік билік таңбалап берген әріптерден қашан құтыламыз?

Қазір қолы тисе Үкіметті «қазақ тілін дамыта алмай отыр» деп сынайтындар көп. Алдымен сондай пиғылдылар өзінің тегін қазақшалап алса, қанекей?!

Осындайда белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіптің: «Мұғалімдер жыл сайын мектепке келетін баланың тізімін алады. Сабақ береді. Дәптер тексереді. Жылды қорытады. Осының бәрінде сынып журналының бетінде қате өріп жүреді. Фамилияда, атында, әкесінің атында «мягкий знак» толып жүр. Мұғалім соның қате екенін көреді. Біледі. Бірақ түзете алмайды. Түзетуге қақы жоқ. Өйткені метіркеде солай. Метірке – түпқұжат. Түпқұжатқа түскен жазу – заң. Соның негізінде кейін төлқұжат толтырылады. Аты-жөні қате-қате бала тест тапсырады. Тізім шығады. Қатені газет корректорлары түгілі, бас редакторы да түзете алмайды. Көріп отырсыз қате екенін. Білесіз қате екенін. Бірақ бір әріпті түзетуге қақыңыз жоқ. Сонда не болды?» дегені еске түседі.

Енді өз басымнан өткен мәселені баяндап берейін. Бірде редакцияға жарнама беруге парасатты адам келді. Жүріс-тұрысынан, сөйлеу мәнерінен ұстаздық қасиеті көрініп-ақ тұрды. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дегендей, жақын сөйлесе бастадық. Топшылағанымдай, ұстаз болып шықты. Мұрагерлік рәсімдеуде екен.

Сөзінің аяғында «менің аты-жөнім қатесіз жазылсын» деп «мягкий знакты» орынды жеріне қоюды талап етті. Іштей жақын тартып, адамның ныспысындағы қазақы дыбыстар «у-ға», «и-ге» айналғанын көрдім.

Содан газеттің бір жылдық тігіндісін алып, жарнамалық бетке көз тіктім. Мұрагерліктерді көрдім.

Шіркін-ай, қатесіз жазылған адамның аты-жөнін таппадым. Қатені жіберген біз емес. Шүкір, грамматикалық қателерге сауатымыз жетеді. Жеке куәліктегі жазылу формасы сондай. Оны өзгерту – бізге заңсыздық. Бір әрпін қазақы дыбысқа өзгертсеңіз, басыңыз бәлеге қалады. Оны нотариус қабылдамайды. Себебі төлқұжаттағы әріптердің орны өзгермеуі тиіс.

Қазір бір ғана Мөлдірдің – Молдр, Молдир, Мулдир, Мольдр, Мулдр, Малдир деген нұсқада жазылғанын көруге болады. Мәдина мен Мұраттың да ондаған орысшаланған нұсқасы бар.

Осы орайда, ғалым Бекжан Досжанұлы: «Есімдердің құрылымында қазақ тілінде жоқ кірме дыбыстың орнына екіншісінің қолданылуы туралы қалыптасқан лингвистикалық ереже – кеңестік идеология тұсында ойлап табылған қазақ есімдерін өзінің шығу тегінен адастырып, ұлтты жоюдың сырт көзге байқала бермейтін, өте нәзік саяси құралы» деп жазады.

Кеңестің билік дегеніне жетті. Марқұмдардың басына көктас қойғанда көбіне азан шақырып қойған есімін емес, құжаттағысын жаздырады. Бұл дегеніңіз – әкесінің, ата-бабасының тегін жоғалту деген сөз.

Қазір қазақ болу үшін ­Баукең сынды ерлік жасаудың қажеті жоқ. Бар болғаны Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, 1996 жылғы «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу туралы» Жарлықты негізге алып, жергілікті жердегі полиция бастығына тегіңізді қазақша жаздыруға байланысты өтініш жазасыз. 500 теңгеге жетер-жетпес қаржы төлеп, суретке түсесіз. Сосын 10-15 күн күтіп, «ов» пен «ева», «вич» пен «евна»-дан біржолата құтыласыз.

Жарлықта ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атының жазылуында қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атына түбір негізі сақталуға тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып бірге жазылады деп көрсетілген.

Дәл осы өзгерістің сіздің барлық құжатыңызға ешқандай кері әсері болмайды. Мұны өз басымнан өткізгеннен кейін жазып отырмын.

Бір кездері кеткен кемшіліктің салдарынан Байгенжеев Нурлат Айтжанович тұғынмын. Қазір Байгенже Нұрлат Айтжанұлымын. Өз басым өмірдегі үлкен жетістігіме тегімді қазақшалауымды жатқызамын.

Құжатымды қазақшалап алдым-ау, алайда атым мен тегімді шатастыратындар көбейді. Егер Шерхан Мұртаза сынды тұлға болсаңыз жақсы, танымал болмасаңыз, есімі мен тегін шатастыратыны белгілі. Өйткені жеке куәлікті жазу формасын біріздендіру маңызды болып тұр. Жеке куәлікті жазу формасында тегі, аты, әкесінің аты жазылады. Ал ұлттық таным бойынша бірінші атын, сосын тегін атаймыз. Көрдіңіз бе, біздің ойлау жүйеміз бен жеке куәлікті толтыру үлгісі бір-бірімен сәйкесе бермейді. Ең бірінші осыны шешіп алғанымыз дұрыс.

Бұл елеусіз іс секілді көрінеді. Бірақ артында үлкен идеологиялық мән жатыр. Қазір текті қазақшалау сөзді емес, нақты істі қажет етеді. Қысқасы, қазақ болатын уақыт келді!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button