Пәкістан азаматтары көші-қон заңнамасын бұзған
Елордада көші-қон заңнамасын бұзған Пәкістан азаматтары елден шығарылды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон қызметінің мамандары Пәкістан Ислам Республикасының алты азаматын анықтады.
Бұл туралы Астана қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
– Аталған ел азаматтары Қазақстанға турист ретінде келген, бірақ саяхаттаудың орнына құрылыс алаңында жұмысқа орналасып, елде болу мерзімінен асып кеткені анықталды. Осылайша олар Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзған. Сот шешімімен тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ел аумағынан күштеп шығарылды, – делінген хабарламада.
Елорда полициясының мәліметіне сүйенсек, жалпы жедел-профилактикалық іс-шара барысында заң бұзушылыққа жол берген 422 шетел және 70 Қазақстан азаматын анықталды. Іс-шара нәтижесінде 72 шетел азаматы елден шығарылды.
Осы орайда Полиция департаменті елге заңсыз келген шетел азаматтары туралы ақпарат болса, дереу жақын жердегі ішкі істер басқармасына немесе «102» нөміріне хабарласуды сұрайды.