Пәндерді біріктіру мен кіріктіру керек пе?

Оқу бағдарламасы заман талабына сай жаңарып, ал пәндер оқушыға ең қажет, өмірлік қарапайым дағдыларды үйретуі тиіс деген сынды пікірлер қоғамда жиі айтылып жүр. Содан болар, Оқу-ағарту министрлігі білім беру мазмұнына, нақтырақ айтсақ, кейбір пәндерге өзгеріс енгізу мәселесін талқылауда. Оның ішінде «Алгебра» мен «Геометрия» пәндерін «Математикаға», «Химия», «Биология», «Физиканы» «Жаратылыстану» пәніне біріктіріп, өзге пәндерді де кіріктіріп оқыту көзделген. Келер оқу жылында енетін жаңа білім беру стандартына қатысты сарапшылардың пікірі де әртүрлі.
Сапа неге төмен?
Білім берудің жаңа стандарты жайында былтыр дәстүрлі республикалық тамыз кеңесінде алдағы уақытта кейбір пәндер оқу бағдарламасынан алынып тасталуы мүмкін екені айтылды. Мұны мәлімдеген Президент кеңесшісі Тамара Дүйсенова мектепте оқытылатын пәндер саны көбейіп кеткенін сөз еткен еді.
– Соңғы жылдары біз пәндер санын көбейтіп жібердік. Жаңа пәндер қаржылық сауаттылық, бизнес жүргізу, дінтану, тағы да басқа бағыттарды қамтып отыр. Ал әлемдік деңгейде керісінше, пәндерді кіріктіріп оқыту, вариативті, оқушылардың мүмкіндігін дамытатын негізгі пәндерді оқыту бірінші кезекте қарастырылмапты. Қазір химия, биология, география сынды пәндер 578 сағат оқытылады. Ал Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдерде бірнеше пән біріктіріліп, 324 сағат берілген. Алайда халықаралық PISA зерттеуі ол елдердегі оқушылардың білім деңгейі жоғары екенін көрсетті. Бұл – үлкен жұмыстың басы. Алдағы екі жылда оқытылатын пәндер тізімі сарапшылардың қатысуымен анықталады. Яғни 2026 жылы оқу бағдарламасындағы бірнеше пән болмауы мүмкін, – деді Т.Дүйсенова.
PISA – білім сапасын қадағалайтын халықаралық бағдарлама. Аталған бағдарламаның соңғы зерттеуіне сәйкес, 81 елдің ішінде Қазақстан математикадан – 46-орын, оқудан – 61-орын, жаратылыстану пәнінен 49-орынға тұрақтанды. Рейтингтің үздік үштігінде Сингапур, Жапония және Оңтүстік Корея бар. Олардың орта білім беру сапасы оқу пәндерінің аздығы және нақты ғылымға негізделуімен өзгешеленген. Мысалы, Сингапурде бастауыш сыныптан соң міндетті 10 пән болса, Жапония мен Кореяда 12 пән оқытылады. Ал еліміздегі орта сыныптарда 15 пән болса, 10-11-сыныптарда 16 міндетті пән бар.
Пәнаралық байланыс деген ұғым бар
2026-2027 оқу жылында қолданысқа енетін жаңа оқу стандарты туралы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов мәлімдеген еді. Академия өкілінің айтуынша, «Дүниежүзі тарихы» мен «Құқық негіздері» «Әлеуметтік ғылымдар» ретінде, «Алгебра» мен «Геометрия» «Математика» пәні ретінде біріктірілуі мүмкін. Сол секілді «Химия, «Биология», «Физика» «Жаратылыстануға» бірікпек.
– Бүкіл пән орнында қалады. Сондықтан химия, физика, биология немесе математика пәндері жойылады деген қорқыныш болмау керек. Бір жағынан кейбір пәндерді біріктіріп оқытқысы келетін мектептер бар. Жаңа стандарт ондай бастамаларға рұқсат береді. Яғни, әр мектептің ішкі шешіміне байланысты. Бір мектеп физика, биология, химия сияқты пәндерді дәстүрлі қалпында қалдырғысы келсе, жаңа стандарт ол жағын да қарастырған. Соған сай оқу бағдарламасын береді, – деді Р.Қаратабанов.
Ал білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының пікірінше, әр мектепке пәндерді қосып не қоспау таңдауы берілетіні – саладағы жүйесіздікке әкеледі. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі жазбасында жариялады.
«Ертең оқушы бір мектептен бір мектепке ауысса, немесе ҰБТ тапсырғанда оқулықтар арасында, біріктірген, кіріктіргендер арасында шатасып жүрмек. Бұлай пәндерді біріктіруге де, кіріктіруге де болмайды! Пәнаралық байланыс деген ұғым бұрыннан бар, сол сақталу керек. Ал бұлар жеке-жеке ғылым, жеке-жеке пән. Менің түсінбейтінім, онсыз да сапасы сын көтермейтін пәндерді біріктіріп, қоймалжың жасау кімге керек болды? Ертең ол біріккен пәнді кім береді?
Химия ғылымдарының докторы, педагог-шебер болсам да, биология мен физикадан сабақ бере алмаймын. Білімім жетпейді. Себебі, ол өзінше ғылым. Ал сонда әмбебап ұстаздарды бұлар қайдан таппақ, түсінбедім?! Құқық пен тарихтың да есі дұрыс адам екі түрлі ғылым екенін жақсы біледі. Оны бір-біріне қосу да дәл сол күлкі шақырады.
Қымыз бен шұбат екеуі де – сүтті ашытып жасайтын сусын. Бірақ, ешқашан екеуін бірге қосып іше алмайсыз ғой. Тура солай бір-біріне ұқсайтын жерлері бар екен деп былықтыра беруге болмайды! Бұл құлдырауға алып келеді. PISA көрсеткішінде математикалық сауаттылық пен жаратылыстану ғылымдары сауаттылығынан қай деңгейде болғанымызды ешкім ұмыта қоймаған шығар» деді сарапшы.
Барлық оқушы бағдарламаны игере алмайды
Білім сапасы жүйелілік пен бірізділікті қажет ететіні сөзсіз. Баланың тақырыпты меңгеріп қана қоймай, алған білімін өмірде қажетіне жаратып, ел игілігіне жұмсауы – бүгінгі педагогтың да, ата-ананың да қалауы. Десек те сапалы оқыту ісінде кейбір мәселелер әлі де жолға қойылмай отыр. Бұл туралы Астана қаласы Дінмұхамед Қонаев атындағы №66 мектеп-гимназияның математика пәні мұғалімі Күшай Тердікбай айтып өтті. Педагогтың сөзінше, бүгінде оқушылардың математикаға қызығушылығы әртүрлі, ал оның бір себебі қазіргі бағдарлама барлық оқушының деңгейіне сәйкес емес.
– Әлем деңгейінде математика пәнін оқушыларға барынша қызықтырып, жеңілдету тұрғысынан бірқатар өзгеріс жасалып, айтулы жетістіктер де көрініп жатыр. Алайда бұл қадам Қазақстанда жолға қойылмай отырғаны мені қынжылтады. Сондықтан да кейбір оқушы пәнді мүлдем түсінбей жатады. Салдарынан арасында қапаланып, жылап та алатындар кездеседі. Шын мәнінде, елдегі бағдарламаны барлық оқушы бірдей игере алмайды. Күрделі. Шетелде математика пәні сағаты бізден әлдеқайда аз. Пән сағаты азырақ дегеніміз – материал мазмұны деңгейінің азайтылғаны. Яғни ғылыми күрделі деңгейдегі тақырыптарды алып тастап, баланың болашағына қажетті болатын, ойын дамытатын негізгі тақырыптар беріледі. Біздің елдегі көп сағат ауыр мазмұнға байланысты беріліп отыр. Жалпы өзге мемлекеттерде де бір ғана математика пәні оқытылады. Ал оны бөлшектей беру оның теориясын молайта береді.
Алгебрада алгебра теориясы, геометрияда геометрия теориясы айтылады. Ал жалғыз математика – балаға керек нәрсесін беруге арналатын пән. Осыны жолға қоя алмай отырғанымыз бар. Бұл олқылық мамандардың тапшы болуына да әсер етеді. Берілген мазмұнды толық түсінбеген оқушы математика мамандығын таңдағанның өзінде оны игеріп шығу мүмкіндігі шектеулі болады деп ойлаймын, – деді мұғалім.
Индира Бержанова