Әлеумет

ПАРАЛЛЕЛЬ: ГРУЗИН МІНЕЗІ ЖӘНЕ БІЗ…

немесе Біз намысты жоғалтқан халықпыз ба?

Кешегі кеңес өкіметінің кезінде грузиндер туралы мынадай анекдоттар айтылушы еді…

Бір грузин су жаңа дипломды қолына алып, риза көңілмен әрі-бері аударып қарап тұр екен. Сөйтсе, жанына бір армян жетіп келіп:

-Қайдан сатып алдың? Мен де алайын деп едім?- деп қоймапты. Сонда әлгі грузин ашуланып, көзін аларта бір қарап:

– Әй, бауырым, диплом сатылушы ма еді?! Достарым туған күніме сыйлады,- деген екен.

Тағы бірде…

Бір грузин бар тапқан-таянғанын жинап-теріп, су жаңа «Запорожец» автокөлігін сатып алады. Үйіне мініп келіп, олай бір бұлай бір қызықтап қарайды. Сонан соң бала-шағасымен көшеде әрі-бері қыдырыстап, мінеді. Сөйтеді де, жалтырата сүртіп, кешке үйінің алдына қаңтарып қояды. Таңертең тұрса, «Запорожеці» жоқ. Оның орнында су жаңа «Волга» автокөлігі тұр дейді. Бұл таң қалып, автокөлікке үңіліп қараса, біреу тілдей қағазға: «Сен бұлай «Запорожец» мініп, біздің грузиндерді ұятқа қалдырып, намысымызға тимесейші!» деп жазып кетіпті дейді…

Жәй күлкі үшін айтылған анекдот болса да, осы екі көрініс бізге грузиндердің табиғатынан, болмысынан хабар беретіндей көрінетін. Әрі мұндай анекдоттарды біріміздің аузымыздан біріміз қағып алып, реті келгенде басқаларға айтып, ішек-сілеміз қата күлетінбіз.

Ал, шын мәнісінде, грузиндердің болмыс-бітіміне, мінезіне үңіліп көрдік пе? Ол үшін, орыстар айтпақшы, грузинмен бірге тұрып, «бірер пұт тұз жалау керек» шығар демей-ақ қояйын. Оған қоса, тарихтың тереңіне бойлап, қайдағы-жайдағыны қозғап, нақты мысалдар мен деректер келтіріп, ала дорба арқалап, күнкөрістің қамымен жүрген онсыз да алаң көңіл көпшіліктің уақытын алып, басын ауыртқым келмейді. Философияда «Адамды қоғамнан тыс алып қарауға болмайды» деген қағида бар. Сол айтқандай, тым алысқа бармай-ақ, тек беріде грузин қоғамында орын алған құбылыстар мен уақиғаларды талғам таразысына салып, ой елегінен өткізіп көрейікші.

Рас, қазір грузин жұрты өтпелі кезеңді бастан кешуде. Өтпелі кезеңнің қай кезде де, кім-кімге де оңай тимейтіні аян. Кеңес өкіметі тәрбиелеп, билік төріне шығарған Эдуард Шеварднадзе қартайып, оның елді басқару әдісі ескіріп қалды ма, әйтеуір, 2003 жылы Грузияда бой көтерген «роза гүлдері төңкерісі» оны тақтан тайдырып, орнына саясаткерлердің жаңа буынының өкілі Михаил Саакашвилиді әкелді. Қиындықтан көз ашпай, тапшылықтан титықтаған гүржілер оған үлкен сенім артып, көп үміт күтті. Ақиқатын айту керек, президент М. Саакашвили айналасы сегіз жылдың көлемінде Грузияда бірталай өзгеріс жасады. Ең бастысы, парақорлық пен жемқорлықтың, тамыр-таныстықтың тамырына балта шапты. Бұрын ақша көрсе екі алақанын ысқылап шыға келетін МАИ қызметкерлері пара ұсынғанда ат тондарын ала қашатын болды. Бұған дейін айтқаны айтқан, дегені деген болып билеп-төстеп келген «заңды ұрылар» елден безді. Жалпы алғанда, қырық бес жастағы реформатор президент қолынан келгенін жасап, грузин қоғамын өзгертуге тырысты. Әйтсе де, жұрттың бәріне бірдей жағу қиын. Әрі аз уақыттың ішінде барлық салада: саясатта, экономикада т.б. бірдей табысқа жету екіталай. Саакашвили қанша әрекеттеніп, талпынғанымен Грузияны кедейшіліктен шығара алған жоқ. Міне, осындай жағдайлар мен факторлар әсер еткен болуы керек, өткен 2012 жылғы қазанда болған кезекті парламенттік сайлауда Саакашвилиге бақталас миллиардер Бидзина Иванишвилидің тасы өрге домалап, ол бастаған оппозициялық «Грузин арманы» партиясы жеңіске жетті. Елдің Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес билік енді министрлер кабинетіне көшті. Күткендей парламентте Бидзина Иванишвили көпшілік дауыспен премьер-министр болып сайланды. Бұған дейін Ресейде кәсіпкерлікпен айналысып, байыған Б.Иванишвилидің ойламаған жерден Грузиядағы билік тізгінін қолына алуын әркім әрқалай топшылады. Біреулер бұл «ресейдің тапсырысы» десе, екінші біреулер «аме­ри­ка­ның жобасы» десті. Иванишвилидің өзі­ мұның екеуін де жоққа шығарды. Қарсы дәлел ретінде өзінің Ресейдің аза­мат­ты­ғынан шық­қа­нын әрі ондағы кәсіпкерлік құрылымдарын сатып жібергенін келтірді.

«Ресей тапсырысы» демекші, біздің негізгі айтпағымыз да Ресей мен Грузияның қарым-қатынасы, ондағы грузин мен орыстың көзқарасы- ұстанымы төңірегінде. Өйткені, Грузияның қазіргі сыртқы саясатындағы ең күрделі түйіннің бірі осы – «ресейлік бағыт». Сондықтан да екі жақтағы тілеулестер ендігі жерде Ресей-Грузия қарым-қатынасындағы қырғи-қабақтық сейіліп, жылылық орнайтын шығар деп үміттенді. Оның үстіне жеңістің алғашқы буымен болса да, су жаңа премьер-министр Иванишвили орынтаққа отырысымен «Ресеймен де қарым-қатынасты жақсартып, сауда-саттықты, мәдени байланыстарды да қалпына келтіреміз» дегенді айтып қалды. Алайда, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны Грузияның заңды территориясы деп есептеп, оларда Ресейдің елшілік өкілдіктері болғанын қош көрмейтінін білдірді. Себебі, 2008 жылғы тамыздағы ресей-грузин қақтығысы нәтижесінде Оңтүстік Осетия мен Абхазияның Грузия құрамынан бөлініп, өздерін тәуелсіз мемлекеттер деп жариялағаны мәлім.

Дегенмен, Ресей билігі «бірбеткей де өркөкірек» Саакашвилиден гөрі либералдау Иванишвилидің келуімен Грузияның беті бері қарайды, біздің талаптарымызға амалсыз көнеді деп ойлады. Өкінішіне қарай, олай болмады. Бойында грузиннің қаны мен намысы бар Иванишвили де елдік мүдде мен ұлттық мақсатты бәрінен жоғары қойып, үкімет басшысы ретіндегі өзінің алғашқы сапарын кейбіреулер ойлағандай Ресейге емес, Бельгияға жасады. Және де «Абхазия мен Осетияда Ресейдің елшіліктері тұрғанда Мәскеуге қарай қадам баспайтынын» қадап айтты. «Егер қажет болса, ол елдің басшылығымен үшінші бір мемлекеттің территориясында, мәселен, Еуропа жерінде кездесуге даярмын» деді.

Өмір деген әркез салыстырудан тұрады. Осындайда «біздің басшыларымыз елдік мәселеге келгенде осындай көзқарас пен ұстаным таныта алар ма еді?» деген сұрақ туады. Басшыларды қайдам?

Осы жақында ғана «Қазғарыш» агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаевтың депутаттар алдында сөйлеген сөзіне орай Ресеймен екі арада дау туа жаздады. Белгілі ғарышкеріміз Қазақстан үкіметі технологиясы ескірген ресейлік «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруды біртіндеп қысқарту ниетінде екенін, бұған қоса, Ресейдің «Бәйтерек» ғарыштық зымыран ұшыру кешенін салуға байланысты келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін орындамай отырғанын айтып, бәлкім, бізге «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мәселесін қайта қарау керек шығар деген болатын. Өйткені, гептил мен амил секілді улы отындарды пайдаланатын «Протон» зымыран тасығышының ұшуынан еліміздің елеулі зардап шегетіні белгілі. Тіпті, осыдан біраз жыл (2007 жылғы қыркүйекте) бұрын «Протон» зымыран тасығышы Жезқазғаннан қырық шақырымдай жерде апатқа ұшырап, сол маңдағы елді-мекендерді әбігерге салғаны да бар. Ал, «Бәйтерек» кешенін салуға байланыс­ты Мәскеудің өз міндетіне алған шаруаларды орындамағаны былай тұрсын, бастапқы келісілген баға 700 млн долларды 2 еседен көп, яғни 1,6 млрд долларға өсіріп жібергені мәлім болып отыр. Бұл жобаға балама ретінде Амур облысынан «Восточный» кешенін салып жатқаны да жасырын емес. Осындай-осындай қисынды дәлел мен уәжге құлақ асудың орнына Ресей үкіметі « бұл мәселелер Мұсабаевтың құзыретіне жатпайды. Жағдай бұлай өрбитін болса, біз Қазақстанмен ғарыш саласындағы бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастығымызды доғарамыз. Келтірілген шығынды өтеуді талап етеміз» деп зілденіп, шұғыл нота жолдап шыға келді. Бұған Қазақстан үкіметінің уәкілетті органы – Сыртқы істер министрлігі дербес те тәуелсіз мемлекеттің ұстанымын білдіретіндей үн қатудың орнына, «Байқоңыр» ғарыш айлағына қатысты Ресеймен екі арадағы келісімшартты қайта қарамаймыз, ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыра береміз» деген түсінік берді. Артынан министр Е. Ыдырысов мырза: «Т.Мұсабаевтың сөзін БАҚ құралдары дұрыс жеткізбеген» деді. Өз кезегінде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «бұл кәдімгі жұмыс барысындағы қалыпты нәрсе. Кейбіреулер түймедейді түйедей етіп көрсеткілері келеді» деп жуып-шайған болды. Бәрібір көңілде дақ қалды. Екі ел арасында ғарыштық салада бір қиын түйіннің бар екені жалпақ жұртқа жария болып қалды. Рас, сыртқы саясатта әдептілік, дипломатия керек шығар. Бірақ та: «Еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол пайғамбардың ұлы емес» деп аталарымыз айтпақшы, мемлекеттік мүдде мен елдік намысты ұмытпаған да жөн. Олай дейтініміз, кей ретте босбелбеулік пен жалпақшешейлік өзгелердің өктемдігі мен басынуына жол ашады. Оны өмірден талай көріп жүрміз. Міне, ақырында Т.Мұсабаев айтқан әңгіменің негізі бар болып шықты. «Байқоңыр» кешенін ендігі жерде екі елдің бірлесіп пайдаланатындығы жайында мәселе қозғала бастады. Демек, бұл – Ресей біртіндеп Амурдағы жаңадан салып жатқан ғарыш кешеніне жылыстайды деген сөз.

Біз білетін грузин жұртының басшысынан қосшысына дейін қанында бойында ұлттық намыс бар. Ал, зиялы қауымының өнер адамдары мен ақын-жазушысының жөні бөлек.

Әлгі айтқан Абхазия мен Осетия үшін болған орыс-грузин қақтығысының қарсаңында, яғни, 2008 жылдың шілдесінде сол кездегі Ресей президенті Д.Медведев әйгілі актер әрі әнші Вахтанг Кикабидзені 70 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтап:

«Тамаша музыкалық талант пен актерлік шеберлігіңіз, сирек кездесетін адами қасиет пен жан дүниеңіздегі дархандық Сізді бүкіл халықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Кинодағы Сіз сомдаған бейнелер аңызға айналды, танымалдығымен кеңінен жайылды…» дегендей асқақ сөздерін арнап, жүрекжарды құттықтауын жолдады, Халықтар Достығы орденімен марапаттады. Артынша-ақ екі ел арасындағы соғыс басталып кетті. Саясаткерлердің бұл «ойыны» талайларға қайғы-қасірет әкелді. Мұны нәзік жүрегімен ауыр қабылдаған Вахтанг Кикабидзе Ресей орденін алудан бас тартты. Осындай қарсылығымен өзінің Грузиясын қолдайтынын білдірді. Мұндай қадамының сырына үңілмек болып, сұхбат алған ресейлік журналистке: «Қалай дегенмен де, мен кішкентай болса да Грузия деген елдің азаматымын. Менің түсінігімше, қазір менің отанымды жаулау жүріп жатыр. Сондықтан, Ресей мемлекетінен орден алу – менің арыма сын, табиғатыма жат…» деп жауап берді. Сонан соң әншейінде маза бермейтін орыс достарының үнсіз қалғанын, тіпті, соққан қоңырауына да жауап бермей ұялы телефондарын сөндіріп тастағандарын айтты. «Алдағы қазанда Мәскеуде Кремльдегі сарайда жеке концертім болушы еді. Мына уақиғадан кейін оны да қоя тұруға тура келеді» деді.

Ал, біз өзіміздің зиялы қауымнан, ұлттың қаймағы дейтін жазушыларымыз бен өнер, мәдениет қайраткерлерімізден осындай мінез бен қам-қаракетті күте аламыз ба? Олар өзінің жеке бастың пайдасынан ұлттық намысты жоғары қоя ала ма?

Кейінгі ұрпақ аздау біліп, еміс-еміс естігенімен, аға буын жақсы біледі. 1986 жылдың аяғында Алматыда әйгілі «желтоқсан оқиғасы» орын алып, бұдан халқымыз үлкен қайғы-қасірет шекті. Оқиғаның, бас көтерудің себеп-сырына үңілудің орнына Мәскеу бізді барынша кінәлап, қаралады. Ал, өзімізден шыққан (ішінде депутаты, жазушысы, өнер адамдары бар) бір топ қайраткер алаңға шыққандарды «арамтамақтар, бұза­­қылар, наша­қорлар» деп айыптады. Көп өтпей-ақ, яғни, 1987 жылдың шілдесінде сол кезде бүкіл билікті уысында ұстаған СОКП Орталық комитеті «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие берудегі жұмысы туралы» арнайы қаулы қабылдап, «бұл қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады. Сөйтіп, ұлтымызға жоқ жерден қара күйе жағылды. Он бес республикадан тұратын бүкіл Кеңес Одағына теріс атымыз шығып, жаманатты болдық. Бірақ, артынан жағдай өзгеріп, басқаша саясат белең ала бастаған тұста әлгі қайраткерлеріміздің біразы «мен ондай үндеуге қол қоймап едім, сыртымнан қойып жіберіпті» деп тайқып шықты. Шатаспасам, 1989 жылдың қарашасында Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлтжанды азамат Мәскеуге хат жазып, жоғарыда аталған қаулыда айтылған «қазақ ұлтшылдығы» деген тұжырымды теріске шығартып, алдыртып тастады. Сондай үндеу хат жазылып, қол жинау үшін бастамашыл топ ақиық ақын, әдебиетіміздің бір «бәйтерегі» деп төбемізге көтеретін ақсақалға қолқа салып барғанда: «Мені қоспай-ақ қойыңдаршы. Сексен жылдығыма орай үкіметтен үлкен орден күтіп отыр едім» деп, бас тартыпты. Үлкен үмітпен барғандардың салы суға кетіп, жер болып қайтыпты. Ұлттың «ұяты» деп жүрген ақсақалымыз сөйткен соң, қалғандардан не үміт, не қайыр?

Осы орайда кезінде бір журналдан оқыған мына бір оқиға еске түседі.

Өткен Кеңес өкіметінің тұсында, 65-ші жылдары «қоғамға жат, оқшау» көзқарастары үшін Даниэль мен Синявский деген жазушылар тұтқынға алынып, екеуіне РСФСР Қылмыстық кодексінің 70-ші бабына сәйкес «антисоветтік үгіт пен насихат жүргізді» деген айып тағылып, баспасөзде оларды әшкерелеу науқаны белең алады. Сонда шығармашылық ынтымақтастық ниетімен Мәскеудегі орыстың елге танымал 63 ақын-жазушысы мен өнер қайраткері әлгілерді қорғап, араша сұрап СОКП ОК-не хат жазады. Қол жинау барысында біреулер жанашырлық танытып, «жақында бір сыйлық алғалы жүр еді, зиянымыз тиіп кетпесін» деп ақын Андрей Вознесенскийді тізімге қоспапты. Мұны біреулерден кездейсоқ естіген Воз­­не­­сенский «сый­­­­лық алмасам­ ал­­­­майын, бірақ, жа­­зық­­сыз жандарға ара түсу азаматтық парызым» деп дереу хатқа қолын қойыпты деседі. Өйткені, ол «бүгін өгізге туған күннің ертең бұзауға да тууы» мүмкін екенін біліп отыр. Тек ақынға не жазушыға ғана емес, кез келген адамға тән азаматтық ұстаным осылай болуға тиіс! Немқұрайлылық, жанашымастық қай кезде де адамның да, қоғамның да түбіне жеткен. Осындай да жұрт көрнекті қаламгер Бруно Ясенский: «Сен жауыңнан қорықпа, көп болса атып кетер, досыңнан да қорықпа, азар болса сатып кетер. Қорықсаң немқұрайлылардан (равнодушных) қорық. Жер бетіндегі сатқындық та, кісі өлтіру де сондайлардың үнсіз келісімімен болып жатады» деп айтқанын орынды еске алады.

Ұлттық намыс немесе грузин мінезі деген ой тереңде жатқан тағы бір қоламтаны қозғайды. Осы күржі жұртының кезінде «Мольба», «Древо желания» және «Покаяние» секілді терең философиялық ой тастайтын кинотуындыларды дүние әкелген Тенгиз Абуладзе деген талантты кинорежиссері болды. Әсіресе, оның көпшілік экранға үлкен қиындық кедергілермен жол тартқан «Покаяние» фильмі қайта құру кезеңінің алдында кеңестік идеологияға қатал сын айтуымен жұртшылықтың санасында зор қозғалыс пен сілкініс тудырды. Тенгиз Абуладзені бұл фильмі қаһарман етіп, жалпақ әлемге танытты. Фильмнің қысқаша фабуласы былай болатын:

«Күн сәулелі Грузияда беделді де ықпалды жергілікті «көсем» Варлам Аравидзені көз жұмған соң барлық жөн-жоралғысымен жер қойнына тапсырады. Ал, ертеңіне ертемен біреулер оның сүйегін көрден қазып алып, баласы Авелдің үйінің алдына әкеліп тастайды. Оқиға осылай бірнеше рет қайталанады. Қаскөйдің ұсталып, тұтқындалып, сотқа тартылғанда ол өзінің жанұясы бастан кешкен жантүршігерлік оқиғаны баяндап береді. Сөйтсе, әлгі көсем мұның сегіз жасар күнінде әкесін түрмеге жаптырып, шешесін зорлап, көңілдесі еткісі келген екен. Сот бұған мән бер­­ме­­гендей сы­­ңай танытады. Өйткені, билік тағы да зор­­лықшының ба­­ласының қо­­лында еді. Ке­нет сотта ой­­ламаған жерден Варлам көсемнің немересі орынынан атып тұрып, мұны да кейін біреулер көрден қазып, мазаламас үшін арсыз атасының бүкіл күнәсін өз мойнына алатынын, бұл дүниеден күнәсіз, адал адам болып өткісі келетінін айтады…».

Ел естімеген мұндай сұмдық оқиғаны баяндаған кинотуынды кезінде талайларды тебірентіп, көздеріне жас үйірді. Өз саясаты мен идеологиясын тас-талқан етсе де, кеңестік билік қоғамдық пікірдің ықпалымен 1988 жылы «Покаяние» кинофильміне ең жоғары марапат Лениндік сыйлық беруге мәжбүр болды. Сол кезде мұны күтпеген Тенгиз Абуладзе: « Құдайым-ау! Бұл неткен намыссыз ел еді!? Мен бұлардың көсемі Ленинді көрден шығарып тастап отырмын. Ал, бұлар маған Лениндік сыйлықты беріп отыр!» депті.

Қас қылғандай 1989 жылдың сәуірінде Тбилисиде халықтық толқу болып, онда әскер кіргізілді. Міне, осыған қарсылық ретінде Тенгиз Абуладзе өзінің Кеңес өкіметінің биік марапаты Лениндік сыйлықтан бас тартқанын мәлімдеді. Сөйтіп, жеке бастың пайдасынан елдік мүддені жоғары қоя білді. Осындайда өзгелердің іс-әрекетін көріп сүйсінесің, өзіндегілердің табансыздығы мен тайғанақтығына қарап қынжыласың. Өйткені, бізде ондай қомақты сыйлық, жоғары атақ-мансаптан бас тартпақ түгіл, жоғарыда айтқандай көлеңкесінен қорқып, хатқа қол қоюдан бас тартатындар толып жатыр.

Осыдан бірер жыл бұрын «Тәуелсіздікті қорғау» және республикалық «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы, М.Шаханов бастаған (ішінде ақын-жазушылар, ғалымдар, халық әртістері, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, саясаттанушылар, журналистер, зейнеткерлер, сазгерлер, әншілер, кәсіпкерлер, т.б. бар) 138 адамның «Конституцияға қарсы әрекеттер тоқтатылсын!» деген атпен «Қазақ халқына және республиканы мекендейтін өзге ұлт өкілдеріне» ашық хаты жарияланды. Мұнда да сол баяғы көк серкенің тұлыбындай әрі тарт, бері тартпен көкпарға түсіп келе жатқан қазақ тілінің мүддесі сөз болып, оны қорғау талап етілді. Басында хатқа қол қойғандардың ішінде халқымыз «бұлбұл үнді әншіміз» деп басына көтеретін Қазақстанның халық әртісі (КСРО Халық әртісі дегенді әдейі айтпай отырмын. Ол маған келмеске кеткен қоғамның ізі сияқты көрінеді) Бибігүл апамыздың аты-жөні жүргеніне қуанып қалғанбыз. Іштей тәубе деп, ұлттың сөзін сөйлеп, мұңын жоқтап, намысын жыртатын осылар ғой дегенбіз. Сөйтсек, қателесіппіз. Көп өтпей-ақ, ол кісінің газет бетінде: “Ештеңеге қол қойған жоқпын, хат мазмұнымен келiспеймін. Менiң әкем – қазақ, анам – татар. Мұны еш уақытта жасырған жоқпын, керiсiнше, мақтан тұттым. Қазақ, орыс, татар тiлдерi – менiң ана тiлдерiм. Олардан еш уақытта бас тартпаймын. Тiптi, Конституциядан алып тастаса да, көп ұлт бар отбасыммен қай тiлде сөйлесемiн? Тек қазақ тiлiнде ғана ма? Туыстарымнан бас тартуым керек пе ендi? Бiз өнер адамдарымыз, тiл мәртебесiн өз шығармаларымыз арқылы көтеруiмiз керек” деп ақталғаны көңілімізді су сепкендей басып тастады.

Жуырда осында Алматыда көптен тұратын бір ауғандық азаматпен сөйлесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Сонда ол сөз арасында:

– Сізге бірдеңе айтсам ренжімейсіз бе?-деді

– Не айтайын деп едіңіз? – дедім ынтығып.

– Ренжімейсіз ғой?

– Ренжімеймін.

– Меніңше, сіздер ұлттық рухты жоғалтып алғансыздар. Қалай десем екен? Орысша айтқанда «гордость» и «достоинство»

– Қалайша?- деп мен бұған шамданып қалдым

– Байқайсыз ба? Мен қазақшадан гөрі орысша жақсы білемін. Себебі, сырттан, шетелден келгеннің бәрі жағдайды көреді де, амалсыз орысша үйренуге тырысады. Өйткені, көбіңіз әлі орыс тілінде сөйлейсіздер. Қазақшаға сұраныс жоқ. Жиналыстардың бәрі орысша өтеді. Мен кейде газеттерден қытайша, түрікше, итальянша, грекше білетіндерді жұмысқа аламыз деген хабарландыруларды көремін. Сонда шет елдік фирмалардың өзі сіздердің жерлеріңізде тұрып, өздерінің талаптарын қойып отыр. Бұл жерді, елді сыйламау ғой. Намысы бар ұлт мұндайға жол бермеуі керек.

«Итің ұры» десе намыстанатын қазақ емеспіз бе? Мен бұған кәдімгідей намыстанып, қызарақтап қалдым.

– Қатты айтсам кешіріңіз. Біздің халықта: «Дос жылатып айтады» деген мақал бар,- деп ауғандық келімсек орнынан тұра берді.
Мен үндемей отырып қалдым. Ақымақ қана әуелі уәжге тоқтамайды. Айтып отырғандарының бәрі рас..

Міне, осы айтылғандардан кейін расында да «біз әлі де сол баяғы құлдық психология, біреуге кіріптарлық пен жалтақ мінезден айырылмаған халықпыз-ау» деген ой келеді. Мұндай табаны бүрсіз, тайғанақ мінез, босбелбеу қалып, жалпақ шешей ұстаныммен басқалар басынбай, санасып, сыйлайтындай ел бола аламыз ба? Елді ел етіп қалыптастыратын оның қазан-ошағы ғана емес, ұлттық рухы мен намысы емес пе? Мен мұның бәрін тырнақ астынан кір іздеп, қазақты жек көргендіктен айтып отырған жоқпын. Осы халықтың бір өкілі-перзенті ретіндегі іштегі запыран мен жанайқайым… Айтқанымды ақылға салмай, жек көрсеңіз өзіңіз біліңіз.

Данышпан Абай:

«Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде!» – деп текке күйінбеген ғой.

Қазақты қайдағы бір қаймана халық грузинмен салыстыруым қисынсыз әрі орынсыз болса, алдын ала кешірім сұраймын.

Әшірбек АМАНГЕЛДІ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button