Руханият

Парасат биігінде

Өз ортасына қайырымды, мейірімді бола білген жанның достары да, сыйласатын замандастары да көп болады. Ерсұлтан Бектұрғанов жауапты қызметтер атқарып, ел алдында жүрсе де, қарапайым қасиетінен айнымаған азамат, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

[smartslider3 slider=3259]

Ол 1976 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітіріп, инженер-механик мамандығын алып шығады. Еңбек жолын аталған білім ордасында оқытушылық қызметтен бастайды. Технология саласын меңгеруге ден қойған шәкірттерді тәрбиелеп, білім және ғылымның кең қанат жаюына атсалысты.

Одан кейін Жамбыл электр желілері кәсіпорнының аға инженері, сала басшысы болды. Іскерлік және шебер ұйымдас­тырушылық қабілеті жоғары бағаланып, саяси-әкімшілік қызметке шақырылды. Сол кездегі Талдықорған облысы, Қапал аудандық комитетінде (1983-1991) және облыс орталығында еңбек етті. Тәуелсіздіктің таңы атқан кезеңде Талдықорған облыстық әкімшілігі аппаратының басшысы, Жетісу өңірі бойынша Монополияға қарсы комитетінің төрағасы (1991-1993) жауапты қызметтерін атқарды.

Содан кейін сыртқы саясат саласына ауысты. ҚР Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы, Қазақстанның Германиядағы елшілігінің бөлім меңгерушісі (1993-1995) болды. 1995-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінде жемісті жұмыс жасады. Әсіресе, мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі ретінде осы іргелі ұжымға кәсіби біліктілігі жоғары мамандардың қабылдануына, оларға қойылатын талаптардың бірізділікке түсуіне қосқан үлесі өте мол. Әріптестері оның елімізде мемлекеттік қызмет саласының жетілуіне, жан-жақты қалыптасуына сіңірген еңбегі көп екенін айтады.

2012-2021 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды. Бұл жерде білімі мен өмірлік мол тәжірибесін заң шығармашылық қызметке арнады. Мәжілістің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болып, Қазақстанның халық­аралық саясаттағы атқарып жатқан жұмыстарын ілгері бастыруға күш салды. Соның ішінде жаһандық қауіп-қатерлерді болдырмау, қорғаныс, қауіпсіздік мәселелерімен терең айналысты.

Айталық, Қазақстан шетелдермен халықаралық келісімдерге қол қояды. Алайда іс сонымен аяқталмайды. Ол құжат екі елдің мемлекеттік тілінде, орыс және ағылшын тілдерінде дайындалады. Барлық тілдегі нұсқада қате кетпеуі керек, берілген түсініктері айқын болуы тиіс. Соның негізінде заң жобасы әзірленеді. Оны Үкімет дайындап, Парламенттің қарауына ұсынады. Аталған келісімдер заң шығару органында мұқият сараптамадан өтіп, бірнеше жұмыс топтарында талқыға түсіп, қорытындысында заңмен бекітіледі. Оған Президент қол қойған соң барып заңды күшіне енеді. Міне, осындай маңызды құжаттардың жоғары деңгейде қабылдануы үшін депутаттар атқаратын істер аз емес. Ерсұлтан Бектұрғанов бірқатар заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі болды. Сонымен бірге ол қоғамға қажетті маңызды заңдарды жетілдіруге, қолданыстағы кодекстерге толықтырулар енгізуге және демократиялық құндылықтарды сақтай отырып, парламентаризмнің қалыптасуына күш-жігерін арнады.

Халықтың талап-тілегіне орай және өзінің бастамасы бойынша Үкіметке депутаттық сауалдар жолдап, түйінді мәселелердің шешімін табуына ынталы болды. Соның бір-екеуін мысалға келтірсек. Автокөлік жүргізушілерінің куәлігін дайындықсыз адамға оңай бере салуға болмайтынын айтты. Куәлік беру тәртібін оңтайландырамыз деп бұл саланы еркіне жібергеніміз үлкен жол апаттарына алып келгенін көріп жүрміз. Сондықтан бұл істі дұрыс жолға қою керек екенін алға тартты.

Келесі бір сауалда Қазақстанда электромобиль өндірісін қарқынды дамыту қажеттігін ұсынды. Бүкіл әлем жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолға алып жатқан тұста, біз де осы үрдістен қалмай, экологиялық зардаптардың алдын алу үшін сондай қадамға баруымыз керек. Бүгінгі таңда жанармаймен жүретін автокөліктер көшелерде кептеліс­тер жасап, қышқыл, қатерлі газдың шектен тыс шығуына алып келетінін, Алматы қаласында ауа ластануының 80 пайызы автокөліктің шығаратын түтінінен болатынын атап өтті. Мұның бәрі табиғаттың ластануына және адам денсаулығының нашарлауына ұшырататыны сөзсіз. Ал электромобиль өте тиімді әрі үнемді. Одан шығатын көмірқышқыл газы 0-ге тең. Ең бастысы, жол апаты бола қалған жағдайда қауіпсіздігі қызықтырады. Бұл жерде де дамыған елдердің озық үлгілеріне көңіл бөлгеніміз абзал.

Ұзақ жылғы еселі еңбегі жоғары мемлекеттік марапаттармен атап өтілді. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» және бірқатар мерейтойлық медальдардың иегері. Ол спортты жасынан серік қылған. Әсіресе волейболдың кең қанат жаюына үлгі көрсетіп келеді. Өзі құрған «Сарыарқа» клубы ардагер спортшылар арасында жеңімпаз болып жүр. Ол – ел ішінде бұқаралық спортты дамытуға мүдделі жанның бірі. Осы саладағы қажырлы қызметіне сәйкес «Қазақстанның құрметті спорт қайраткері» атағына ие болды.

Бүгінгі таңда ол зейнет демалысына шықса да, белсенді өмір сүру дағдысынан айныған жоқ. Жұбайы Гүлнәр Жасболатқызы екеуі құрған құтты шаңырақ өсіп-өнген әулетке айналды. Бүгінде ұлттық құндылықтарды бойына жиған немерелер өсіп келеді.

Айбатыр ­САМИҒОЛЛАҰЛЫ, журналист,

Нұр-Сұлтан қаласы 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button