Әдебиеттанушы ғалымдардың пікірінше, Қазақстанның Халық жазушысы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлен Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі мен «Парасат майданы» повесі арасында ұқсастық бар. Қос шығармада «Тұлғаның екіге жарылуы» секілді психикалық ауытқушылық сипатталады. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры осы екі туындыны жымдастырып, «Парасат майданы» спектаклінің премьерасын ұсынды. Қоюшы режиссері – аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мирғалиева.
«Парасат майданы» – адамның ішкі әлемі мен рухани құндылықтары туралы сыр шертетін психологиялық драма. Спектакльдің негізгі өзегі – адамның өз-өзімен күресі, қоғамдағы моральдық құндылықтардың жоғалуы және ақиқаттың тереңіне үңілу. Бас кейіпкер – жалғыздық пен ішкі қайшылықтың құрбанына айналған жан. Ол адамдар арасындағы әділетсіздікке қарсы үн қатып, қоғамның қатал жүйесіне қарсы тұруға тырысады.
«Парасат майданы» повесі бұл өмір бойы бітпейтін көзқарастардың майданы ғой. Меніңше, сахнада іс-әрекет, қимыл болуы керек. Осы шығармам театрда қойылады деген кезде адамның жан дүниесіндегі күйзелісті, ішкі толқынысты сахнаға қалай шығаруға болады деп таңғалғаным рас. Бірақ қазір театрдың мүмкіндігі өте көп. Театр режиссерлерінің соңғы буыны саналатын Гүлсина Мирғалиева мұны жақсы біледі. Спектакльді көріп, шын риза болып отырмын. Өйткені сахнада өте күрделі көріністер бар. Бұл көріністер қарапайым көрерменге түсініксіздеу болуы мүмкін. Түсінікті болуы үшін «Парасат майданы» повесін бір оқып шықсаңыздар, содан кейін театрға келсеңіздер, жақсы сезініп отырасыздар. Сахнада шарттылық элементтері де көп болуы мүмкін. Ал оны театрға келіп жүрген, спектакльдерді көптеу көріп жүрген адамдар жақсы түсінеді» деді спектакльді тамашалаған шығарма авторы Төлен Әбдік.
Жазушы кейіпкерлерді сомдаған әртістердің ойынына да риза болды. Олардың бойынан бірде-бір фальш көрмегенін, актерлер бейнелерді шын беріле сомдағанын айтты. Қоюшы режиссер Гүлсина Мирғалиеваның шығармашылық әлеуеті зор екенін, сахнаны ойнату, сахнаны сөйлету, қимылдар, іс-әрекеттер көрерменге әсер ететінін атап өтті.
Спектакльді қоюшы режиссер Гүлсина Мирғалиеваның айтуынша, «Парасат майданын» сахналау үшін ұжым бір жыл бойы дайындалған. Өзін Төлен Әбдіктің шығармашылығы қашан да қызықтыратынын, бұл спектакль арқылы психикалық ауытқуы бар адамдардың өмірін емес, бүгінгі қоғамға азаматтық көзқарасын білдіргісі келгенін жеткізді.
Автор айтқандай, осы қойылымды тамашалау үшін адамның ішкі дайындығы керек. Ал ол үшін повесті оқып алып, театрға барған жөн болады. Оқиға психикалық аурухана ішінде өрбиді. «Бейтаныс» атауын алған бас кейіпкерді тәжірибелі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Бейнелердің арасында өзін профессор санайтын, өзін пайғамбар деп есептейтін, өткенді іздейтін, өзін танымал санайтын, философ деп есептейтін науқастар бар. Әрине, дәрігер, медбике сынды кейіпкерлер де енгізілген. Түрлі науқасты мәдениет саласының үздіктерді Асхат Сұлтан мен Дастан Әлімов, Нұрбек Сьезхан, Нұрхан Қосанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлбаршын Қылышбай сомдайды. Дәрігерді қос құрамда Нұрсұлтан Есен мен Заңғар Әбенов, медбикені Гауһар Исмаилқызы мен Айкөркем Тұранова ойнайды. «Оң қолдағы» Алма бейнесі Еңлік Айымғазы мен Динара Егубаеваның еншісіне тиген. Қызының қасында болуы үшін ауруханада жұмыс істеуге даяр оның анасының рөлін екі құрамда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынай Нөгербек пен Жанар Қасымова бейнелейді.
Қойылымдағы пластика көрерменнің назарын өзіне ерекше аудартады. Бұл үшін хореограф Карина Жиренбаеваның еңбегін атап өткен жөн. Жалпы қазіргі театрдың көркін осындай заманауи элементтер кіргізеді.
Түйіндеп айтқанда, бұл қойылым адамның рухани биігіне жету жолындағы күресін бейнелейді, көрерменді ойландыруға, өмірдің шынайы мәнін іздеуге жетелейді.
Аманғали Қалжанов