Басты ақпарат

Парасат пен парыз

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін ҚЫДЫР туралы бір үзік сыр

[smartslider3 slider=3587]

Өткенге көз жүгіртіп, төңі­ре­гімдегі ағайын-туған, жора-жолдастарды сараласам, шүкір, арасында көңіліме тым жақын жандардың көп екенін байқаймын. Солардың ішінде айманбоздай тұлғасы алыстан аңғарылатын ағамыз Ерекеңнің, таралғысы алты қабат Еркін Сағындықұлының бейнесі оқшау көрінеді. Өкшесін басып, соңынан ілесіп келе жатқаныма ширек ғасыр уақыттан асыпты.

Үнемі іш тартып, кең пейіл, ашық көңілімен баурап алатын жайсаң кім-кімді де ыстық ықыласынан шығара қоймайды. Ара-арасында әзілдеп күлетіні де үйлесімді. Ол – сыртта жүрсе, жалпақ жұрттың тілін табатын, үйге келсе, ырыс-құттың ұйытқысына айналып, мерейіңді асыратын марқасқалардың бірі. Ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы болып, бірге қызмет еткен Сауытбек Абдрахманұлы көкеміз бір жиында: «Еркін жазуды бәрімізден де қатырып жазады, ал істің күрмеуін шешіп, қандай күрделі міндет жүктелсе де, табандылықпен дөңгелетіп әкетуде алдына жан салмайды. Оның тындырған шаруасының бірін де біз істей алмаймыз» деп ағынан жарылғаны бар.

Еркін Қыдыр «Егемен Қазақ­стан» республикалық газеті акционерлік қоғамының вице-­президенті, басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүргенде, әкімдіктен жерін арнайы сайлатып, газеттің редакциясына сегіз қабатты үлкен кеңсе тұрғызып еді. Бас ғимаратты басылымның 90 жылдық мерей­тойы үстінде Н. Назарбаевтың өзі келіп ашқан болатын.

Іле-шала республикалық бюджеттен қаржы бөлдіртіп, редакция маңынан тілші-қызметкерлерге екі блоктан тұратын «Егемен» деген тұрғын үй кешенін салдырып, бәріне бір-бір пәтердің кілтін ұстатқан. Оның сыртында жас отбасылар мен бойдақтар үшін екі жатақхана бой көтерді. Сол уақта «Егеменде» үйсіз жүрген бірде-бір адам қалмаған. Кеше ғана жұмысқа тұрған балаға дейін баспаналы болып еді. Сәукең оның осы бір қиыннан қиюын тауып, шаруаның тігісін жатқызып жіберетін еңбегін сүйіне, көпшіліктің игілігі үшін кешкен мехнатын ризашылықпен атаған еді.

Осыншама мадақты естіп тұрған Ерекеңнің өмір жолы бірыңғай тақтайдай даңғырап, сайрап жатпады. Әркімнің пешенесіне жазылатын өзіне тән соқпақ тағдырдың шұғылалы тұстарына да, көлеңкелі жақтарына да соқтырары аян. Қиыры мен шиыры мол сүрлеу жас жігіттің атының басын біраз жерге тіреді. Талайлар арман еткен, көптің уысына түспеген Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, туған өңірі оңтүстікке маңдай шашы желбірей жетті. Қолында коммунистік партиясы Орталық комитетінің жолдамасы бар. Қаршадайынан қалам ұстап, журналист аты танылып қалған жігіт «қызмет дайын, шаруаны игеріп әкетермін» деп ойлаған. Әттең, қатыбас тағдыр Алланың бұйрығы болмаса, партия жолдамасына қарамайды екен. Облыстық газетте жас маманға орын жоқ болып шықты. Көңілі су сепкендей басылды. Тауы шағылмасын деп, жанашырлар әрқилы ұсыныстар айтып бақты. Бірақ Ерекең олардың ақылын тыңдағанымен, өз бетінше төтеннен шешім қабылдап, Шымкент қорғасын зауытына келіп, қарапайым жұмысшы болып орналасты. Мектепте алтын медаль иегері атанғаны, КазГУ-ді бітіргені, жоғары білімді маман екені далада қалды. Мұндайды одан ешкім күтпеген еді. Бұл шаруаны табаны күректей бес жыл оқып азаптанбай-ақ, талай азаматтар істеп жүр. Партия жолдамасы жайына қалды, жалындаған жастың жарқын болашағы көмескі тартқандай көрінді. Бірақ алған бетінен қайт­пайтын жігіт аз күнгі сәтсіздікке мойымады. Табақтай дипломын бұлдап бәлденбеді, қатардағы көп жұмысшының біріне айналып кете барды. Өйткені әлсіздер ғана ашуға ерік беретінін білді, қандай жағдайда да адам боп қалу әр кезде қиын екенін ұқты. Ең бастысы, кісілігін жоғалтпауды көкейіне мықтап түйді. Өзі қатарлы құрбыларымен қорғасынды қорытып, шақпақ қанттай қалыптарға меймілдете құйып жатты. Күн артынан апта, апта соңынан ай жылжып, мимырт күндер ілгерлей берді. Жас жігіттің болашағына балта шапқандай көрінген облыстық газеттегілер де алаңдап жүргендей. Қайтадан көктем келді, жаз шықты. Тағы да бір буын жас түлектер өмір жолдамасымен әлдебір жақтарға аттанып бара жатты. Сол кезде алақаны мүйізденіп, бұлшық еті білеудей боп ойнаған Ерекең сынаптай жылт-жылт еткен қорғасынды ұзын сапты қауғамен сапырып, қалыпқа құйып жүр еді. Әлдебір жақындарынан облыстық газетте корректорлық орын босағалы жатыр, соған сені редакциядағылар қолай көреді екен деген сөз естіді. Сол-ақ, жүрегі тайдай тулап, көңілі көк дөнендей есіп жөнелді. Расында да пешенесіне корректорлық қызмет бұйырыпты. Қуанышы қойнына сыймай, шығармашыл ұжымның ортасына топ етіп түсті. Күнде көз майын сарқа баспаханадан енді шыққан май-май сарғыш парақтарға талмай-танбай шұқшиды. Қызыл шимай қателерін түзеп, оқи берді. Қара бояуы кеуіп үлгермеген беттерден, гранкалардан бас алмады. Себебі мектепте армандаған мамандығына енді-енді жақындап келе жатқандай көрінді. Балаң көңіл ықыласы ауған дүниеге біржола берілгенінде далада сарғайып күз нышаны байқалды. Қылаулап қар жауып, түстіктің қысы түсті. Ұзаққа бармай тоң жібіді. Қайта бәйшешек гүл жарды. Алданып жүріп, бір жыл уақыттың зу етіп өтіп кеткенін де білмей қалды. Міне, осы кезде Ерекеңнің де жұлдызды сәті таянып келе жатыр еді. Оны Алланың қалауымен, жас жігіттің болашағына үмітпен қараған азаматтардың ниетімен, тілшілік қызметке ауыстырды. Жас жігіттің мұндай қуанған сәті жоқ шығар. Жаны қалап, құлқы құлаған кәсібіне ынта-шынтысымен кірісті. Ол жазбаған тақырып, ол көтермеген мәселе қалмады. Қаламы төселді, төңірегі таныды. Төрт жылда біраз шаруаның басын қайырыпты. Сөйтіп, өмірдің ауанымен төңкеріліп шауып жүргенінде Алматыдан қоңырау түсті. Қоңырау болғанда да кім соғып тұр дейсіз ғой?.. Ешкімнің ойына келмейтін, түсіне де кірмейтін адам – «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы, Халық жазушысы Шер-аға, Шерхан Мұртаза. Алатаудай алыптың даусын естіп, кеудесі өрекпіп барып басылды.

– Еркін Қыдыровпысың?

– Иә…

– Сыртыңнан байқап жүрмін, алымың мен қарымың ұнайды. Бізге сен сияқты жалынды жастар керек. «Социалистік Қазақстанның» Шымкент облысындағы меншікті тілшісі болуға қалайсың? – деді.

Ғайыптан тайып басына мынадай бақ қонар деп ешкім ойламас.

– Сенім артсаңыздар, істеймін… Нанар, нанбасын білмей қобалжыса да, нық сөйлеуге тырысты.

– Онда, бала, ертеңнен кіріс.

Байланыс үзілді. Абдыраған қалпы телефонның тұтқасын орнына қоя берді. Сөйтіп, маңдайындағы пешенедегі жазу Ерекеңді жаңа межелерге әкетіп бара жатты.

Республикадағы басты басылымның облыстағы меншікті тілшісінің дәрежесі облыстық идеология хатшысымен тең еді. Бірде-бір жиналыс оның қатысуынсыз өтпейді. Өйткені Орталық партия комитетінің органы болып табылатын «СҚ»-ның корреспонденті, республикадан өңірге ұзақ мерзімге тұрақты жіберілген уәкіл сияқты. Астында «Волга» машина, обкомда жеке кабинет, «8»-дігі бар телефон… Жас жігітке бұдан артық ештеңе қажет емес еді. Айтқандай, Шымкент қаласының төрінен төрт бөлмелі үй де тиді.

Қызық та қауырт жұмыс енді басталды. Құлашты кеңге сермеп, алаңсыз қызметіне кірісті. Уақыт өте берді. Аттай алты жыл араға түсіп кеткенін еңбекқор Ерекең келесі бір ұсыныс жасалғанында барып екшеді. Бұл жолы оны министрдің тапсыруы бойынша «Егеменді Қазақстанның» бас редакторы Нұрлан Оразалин ағасы өзіне орынбасарлыққа шақырды. Сөйтіп, Ерекең орнығып қалған Оңтүстіктен Отанымыздың жүрегі Алматыға жаңа қызметке келе жатты. Шер-ағаның шекпенінен шыққан ол кейін «Егеменде» Әбіш Кекілбаев, Ержұман Смайылов ағаларымен қоян-қолтық жұмыс істеді.

Осының бәрінде тындырымды жанның шығармашылық қабілеті мен табандылығы жатқанын аңдайсың. Мұндайда есіңе Шәкәрім шәйірдің мына сөздері оралады. «Ойыңа ие бол – ой сөзіңе айналады, сөзіңе ие бол – сөз ісіңе айналады, ісіңе ие бол – іс әдетке айналады, әдетіңе ие бол – әдет мінезге айналады, мінезіңе ие бол – мінез тағдырыңды шешеді» деген екен данагөй бабамыз. Осы Ерекеңді тығырыққа тіреген тағдыр сілемдері оның байсалды да орнықты мінезінің алдында қайраны таусылған сияқты. Содан кейін жолын ашып, сара бағытына салғандай. Ақырында аңғарлы азамат «Егемен Қазақ­стан» республикалық газеті» акцио­нерлік қоғамының президенті, басқарма төрағалығына бекіді. Бұл – әділетті ұйғарым еді. Сөйтіп, қазақ сөзінің қара шаңырағында табан аудармай 27 жыл қызмет еткен екен.

Оның өзгеден оқшау болмысын алаштың баласы астанадан астанаға көшпек болып, аласұрып жатқан кезде байқадым. Қаршығадай қағілез жігіт мық шегедей сөзі мен ісіне берік көрінді. «Егемен Қазақстанның» ұжымын Алматыдан Ақмолаға көшіріп, жайлы қоныс сайлаған да Ерекең еді. Әріптестерін теміржол вокзалынан күтіп алып, бірден редакцияға бастап әкелді. Редакция үйі ескілеу екі қабатты ғимарат болатын, ұлтымыздың салт-дәстүрімен әйелдер жағы шашуларын шашып, жиналған қауым «біссіміллә» деп ішке енді. Іште оларды жайнаған ақ дастарқан күтіп тұрды. Мысасына мініп сөйлеп кетсе, қазақтың есесін ешкімге жібермейтін депутаттық мандаты бар, Халық жазушысы Шерхан ағамыз барша жұртқа батасын беріп, киелі сөз иелері көшінің көлікті болғанын қуана жеткізді.

Сарыарқаның кең жазирасына біржола ірге теуіп, Ақмоланың төрінде жүрген кезімізде екеу­міз ағалы-інілі болып сыйласып кеттік. Оның үлкендігін бұлдамай, адамның көңіліне қарап сөйлеп, қам жасайтынына ет-бауырың елжірейді. Сондай да пенде қалпыңда неге біз сонау бозбалалықтан жігіттікке енді бой ұрған жастықтың жайма-шуақ уақытында өмірді қатар өткізбедік екен деп ойлайсың. Уыстан сусып шығып кеткен дүние орала ма?.. Сондықтан үзеңгілес ағаның қасында көбірек жүріп, жылылық пен бауырмалдықты сезінгің келеді.

Жайсаң жанның былайғы жұрттан оқшаулығы көп болады екен. Ерекеңнің туған күні де ерекше. Республикалық рәміздер күнімен дөп келеді. Сарыүрпек мамырдың шөптің басын шала бастайтын уағы 4-маусымды талай мәрте бірге қарсы алдық. Жыл сайын ол күн достар мен сыйлас жандардың ыстық ықыласына бөленіп өтеді.

Ат аяғы жетер жердегі курстас­тарының бәрі маңынан табылып, қайраңдаған балықтай үйінде бықып жатады. Барлығы қатар өскен құрдастарына құрметпен қарап, жүректерін жарып шыққан шынайы тілектерін жарыса ағытады. Асқақ арман да, биік мақсат та, дуалы бата да, сыры тұңғиық сырлар да ортаға түседі. Бүкілі қылаусыз ниетін көрсетіп қалғысы кеп, қаздай тізіліп отырады. Және кілең бір сайдың тасындай марқасқа жігіттер, көк-өрім гүлдей тербелген қыз-келіншектер. Осының өзі Ерекеңнің қара басының достарының арасында қандай екенін көрсетіп, сырт көзге мейлінше танытып кететін. Араларында ара-тұра кеңкілдей күліп, кейде жылы жымиып қана қызмет жасап өзі жүреді.

Бұлардың бәрі жастық дәуренін, студенттік ғұмырын бірге өткізген. Одан кейінгі уақытта да өмір баспалдақтарында биікке көтеріліп, самғауын да қуана қолдаған сыралғылар. Алыста жүрсе де, жақында жүрсе де бәрі Ерекеңді іздейтін, Ерекеңнің отбасында топтасатын. Оның шаңырағы курстастар ұйымының штаб-пәтері сияқты. Жайсаңдар бір-бірлеріне тілеулестіктен танған жері жоқ. Осыны өкшелерін басып келе жатқан үзеңгілес іні ретінде сырттай бақылап, көңілім елжіреген қалпы сүйсіне қараймын.

Жолдастары  Ерекең­нің азаматтығымен қатар талантын да қадір тұтады. Оның жазу мәнері өзгеше. Үнемі ізденіс үстінде. Оқудан, әлденені түртіп, қағазға түсіруден жалықпайды. Осы тірлігін көріп жүргендіктен, «ақылдылар өмір бойы оқып, үйреніп өтеді, ақымақтар онсыз да біледі» деген сөз еріксіз жадыңа оралады. Ол сапырылысқан қым-қуыт тірліктің арасында жүрсе де, қалам тартуға да уақытын екшеп жеткізіпті. «Ұсақталма, Үкімет!», «Отырар», «Кәусар кез» деген кітаптарын қалың оқырманға ұсынып, олардың ықыласы мен алғысын да алды. Әдетте, басшылық қызметке жегіліп, оның ішінде редакцияның шығармашылық жұмысына араласа жүріп, жеке шығармаға мойын бұру өте қиын. Бірақ Ерекең бұл істің де ебін келтіріп, есесін жібере қоймаған.

Қажып, талмайтын еңбекқорлығы, шаруаны ұйымдастыра білуі, жұртты игі іске жұмылдырып жіберуі бөлек. Осынысымен ол тұтас елдің тілін тауып, көңілінен шығып келеді. Рас, бізден екі-үш жас үлкен азаматтардың буыны бекіп, балтыры тола бастаған уақыттары кеңестік кезеңнің соңғы бір дәуреніне тұспа-тұс келді. Сондықтан олардың алды нарықтық жүйеге өткенге дейін шаруаға ілігіп, орнығып қалды. Болмашы ғана табанын тіреп үлгерген сәт, үлкен өмірде талпынып, жолын тануға септігін тигізді. Бірақ қысталаң шақты көрмей, шалқыған тірлік кешті десек жалған болар еді. Көппен қатар қиындықтарды көрді, ауыртпалықты да көтерді. Қақпақылда өздерін жоғалтпай, өрге жүзіп кете алды. Соның нәтижесінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Сондай бақ пен дәулеттің үстінде маңдай алдында жүргендердің бірі – Ерекең. Мамандығына сай мансабы да болды, еңбегі де жанды. Ақпарат саласында атқарған жемісті қызметіне 1999 жылы Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты атанды, келесі жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Қылтың-сылтың мінез байқатпады. Нәтінде, жал бітсе жалт ететіндердің қатарынан емес еді. Бойындағы әдептілік, орнықты мінез және адамшылық әрекеті ажарын әдемі етіп аша түсті.

Ерекеңді айтқанда, оның ел алдында еңсесі биік курстастарын атамай кету ретсіз. Алғаш арман қуып, Алматыға келгенде танысып, оқуға қатар іліккен, кейін әйгілі 5-жатақханада тұрған жігіттердің бәрі бүгінде даңғайыр азаматтар. Атынан ат үркеді. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаев, бүгінгі сенатор Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Шәмшидин Пәттеев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң оқытушысы, филология ғылымының кандидаты Айтмұхамбет Есдәулетов, үлкен бір мәдени орталықтың президенті Бейбіт Сапаралы, Ішкі істер саласының ардагері, полковник Әлімжан Жарылқағанов, мемлекеттік қызметші, парламент маманы Батырбек Садықанов, түстік пен теріскейде өңірлік телевизия басқарған, медианың қай бағыты болса да, майталман журналист Ғалым Омарханов, тағы сол сияқты сайдың тасындай атанжіліктілер.

Міне, олардың курстары шетінен «сен тұр, мен атайын», оның үстіне марқұм Алтынбек барлығына үлгі бола білді. Кезінде Шәмші, Айтмұхамбет, Алтынбек, Дархан, Еркін бесеуі бір секцияда тұрған екен. Жақсының жаны көпшілікті өзіне тартып, үйіріп әкететіндігінен шығар, бұлар Алтынбек Сәрсенбайұлымен бірге оқығанынан бөлек, отбасымен біте араласқан досқа айналды. Жалпы Алтынбекке курстастарының бәрі туысқандай болып кеткен, соның ішінде ол Ерекеңмен тонның ішкі бауындай араласып, ең жанына жақын тартқан адамы.

Екі мыңыншы жылдардың басында Ерекең Қабанбай батыр даңғылының бойынан пәтер алып, үй жабдығының қамымен шапқылаумен жүрді. Бірде кешке жақын дүкеннен жатын бөлме жиһазын түсіріп, ішке кіргізерде Алтынбек досы жаңа қонысына «құтты болсын» айта келе қалыпты. Марқұм министр басымен төсектің бір шетінен көтерісіп, баспалдақпен үшінші қабатқа беттейді. Тепкішекте өрге қарай қыстыға ілгерілегенде, Алтынбек «менің осы еңбегімді ақтап, Гауһар ұл табатын болсын» депті әзілге сүйеп. Айтқандай, келесі жылы кенжелері Әлішер өмірге келді. Сол Әлішер қазір Еуропа жүрегі атанатын Чехияның астанасы Прага қаласында әлемдік рейтингте абыройлы оқу орнының бірінде бакалавриатта оқиды.

Қайран Алтекең дәуірін теріс саларының алдында үш күн бұрын ғана досының үйіне ымырт жамылып кіріп, ұзақ байыздап отыр­май, аман-саулық сұрасқаннан соң шығып кеткен екен. Қияметтік жанды енді қайта көрмейтінін қаперлемеген құрдасы қаралы хабар құлағына тигенде, шарасыз­дан қабырғасы қайысты. Бітімі бөлек азаматтың мезгілсіз әрі қарау ниетті қолдан ажал құшуы өзегін өртеп, жазылмайтын жара болып қалды.

Ерекеңнің ерекше мінездері көп, солардың ішінен айта жүруге лайықтысы – қолының ашықтығы әрі көпшілдігі. Жүздесе қалсаң, бір дүниесін сыйлап жіберуге дайын тұрады. Қайда барсаң да, ең бірінші боп қалтасынан ақшасын шығарып, төлеп те үлгереді. Ондайда бой бермей қояды. Курстастарына, келімді-кетімді кісінің бәріне ықылас танытып, қашан да дәм-тұзын ұсынып жүреді. Бірде жолыққанымызда «Сенің бір кітабыңды шығарып берейін» деді. Мен жүзіне бұрылып қарадым. «Иә». Сөйтіп, қолжазбамды әзірлеп, электронды поштасына салып жібердім. Араны шамамен бір жарым айдай мерзім аралағанда, баспаның директоры хабарласып тұр.

Сөйтіп, Ерекең ағалық кө­ңілімен «Ақтамақ қарлығаштар» деген кітабымды жеке өзінің қамқорлығымен бастырып шығарды. Қолыма жаңа кітабымды алғанда «ұсақ кісі тек пайданы ғана біледі, парасатты адам парызды ойлайды» деген тәмсіл көкейімде тұрып алды. Ерекең ешқашан үлкендік, ағалық парызын ұмытқан емес. Адамның іс-әрекеті ғана оның жан дүниесі мен өзіңе деген ниетін аңғартады.

Бірде әке-шешемізді алып, Отырар, Түркістан қалаларына қарай он шақты адам Әзіреті еліне зиярат ете шыққан едік. Оны естіп қалған Ерекең бізді қарсы алуға інілерін сайлап, бүкіл жол бағытын белгілеп, барлық мәдени шараларды алдын-ала ойластырып қойыпты. Марқұм Ермек бауырымыз (Ерекеңнің інісі) Түлкібас пен Шымкенттің ортасындағы Ақсукент тұсынан күтіп алды да, әрмен қарай жолды бастады. Шәуілдірде қара шаңыраққа келіп түстік. Бірақ үлкен кісілер Астанаға сапарлап кетіпті де, олардың орнын жоқтатпау үшін әкейдің інісі Жақсылық көкеміз Шымкенттен ауылға арнайы келіп, күтіп жатыр екен. Мал сойылып, қазан асылған. Шапқылап қызмет етіп жүрген іні-келіндер. Ынтымағы жарасқан әулет.

Сол жолы туған ауылындағы «Отырар» мұражайын таңдай қаға тамашалап, Ерекеңнің кішкентайынан көргені мен көкейіне түйгені ұлт мұраты мен тарих жадысы екенін ұқтым. Оның жаны нәзік, талғамы биік. Үйіне барсаң, баурап әкететін картиналар галереясы бар. Әсемдігі мен айтар ойы жағынан бірінен бірі өтеді. Байқағаным, ол отандық суретшілердің шығармаларын қастерлеп жинайды. Картиналардан өзге ұлттық бұйымдар көзге тап тастап, құлқыңды алады. Қылыш, найза, қалқан, қобыз, домбыра, айбалта… Үйінің өзі музейден кем емес. Сөйтсек, көз алдындағы Отырар мұражайы оның ішкі әлемі мен шікәмшіл талғампаздығын әбден шегіне көтеріп жіберген екен.

Ерекеңнің ата-анасы Сағындық көкеміз бен Тазагүл анамыз өте бір мейірман әрі зиялы адамдар. Әкейдің оқығаны көп, мамандығы энергетик-инженер болғанымен өзі де жазуға құмар. «Өмір өткелдері» деген парасат пайымға толы бір кітабы жарыққа шыққан. Әлі бірнеше қолжазбалары суырмасында жатыр. Сөйлеп кетсе, әңгімесінің иірімімен баурап әкетеді. Білетіні өте мол, әрі жан-жақты. Ара-тұра астанаға келгенде, арнайы сәлем бере барып, әңгімесіне қанып қайтамыз. Сондайда «сен ана кітабыңда былай жазып едің» деп, өзіңе қатысты жайларды да алдыңа көлденең тартады. Қарап отырмай, бәрін оқып отырады және кем-кетігін тап басып аңдайды. Мұндай жанашыр «редакторлардың» болғаны қандай жақсы, келесі жолы қалам алып, үстелге қонжиғанда, ақсақалдың айтқаны жадыңда тұрады. Жазуға сергек қарауға ұмтыласың, шалыс баспауға, аңдаусызда қиыс кетпеуге тырысасың.

Тазагүл анамыздың да мейіріміне шомып, мелдектеген мейіріне қанбай қалатынымыз бар. Жатсынуды білмейтін, бәрін өз баласындай көретін ғазиз жүректің жылуын қимай аттанасың. Ерекеңнің бетегеден биік, жусаннан аласа қалпымен, талай шаруаны ың-жыңсыз тындыратын нағыз істің адамы болып қалыптасуы өз жұрты мен нағашы жұртынан берілген мінез екені сөзсіз. Әсіресе шығармашылық жағына ауып кетуі нағашыларынан дарыған қасиет, қабілеті тәрізді. Қара сөзге қаймақ тұрғызған қазақтың қабырғалы ақыны Ғафу Қайырбеков пен халықаралық телевизия журналистикасына синтез жасаушы ғалым Марат Барманқұловтың өнегелері талапшыл жігітті бейжай қалдыра қоймаған. Бір аулаға қолдың сүтін әкеп сатушы өнімінің тазалығы жөнінде жұртқа «өзім – мал дәрігері, әйелім – адам дәрігері, енді не сұрайсыңдар?» депті. Сол айтқандай, Ерекеңнің нағашыларының кімдер екенін білгеннен кейін оның шығармашылық жолын таңдауына қатысты еш сауалымыз жоқ. Інісі Уәли де қанында бар істі кәсібіне айналдырып, еліміздегі кәнігі журналистердің белдісіне айналған. «Оңтүстік» телеарнасының тізгінін лайықты ұстап келеді. Ал оның баласы Ғафу Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Хабар» арнасында еңбек жолын бастап та кетті. Сөйтіп, Сағындық ақсақал әулеті журналистер өсіп шыққан династияға айналған.

Жігіттің бойындағы қасиетін жан-жақты қарастырғанда, «ұстазы кім екен?», «ұстазы бардың ұстамы бар» деген де нақыл көкейде тұрады. Ерекең өзі төбесіне көтеріп құрметтейтін басты ұстазының бірі, қазақтың қара шаңырағы «Егеменде» алдын көріп, тәлім алған – Халық жазушысы, қазақтың Шерханы, алаштың абыз Әбіші, елдіктің Ержұманы. Осы ұлт тұлғаларына айналған азаматтардан ғибрат пен өнеге үйренген Ерекең салт-дәстүр мен құндылықтарымызды қастерлеген заманауи азамат. Қашан да қазақ мәдениетін әлем мәдениетімен салыстыра отырып, ерекшелігіміз бен басымдығымызды насихаттап келеді.

Бүгінде ол – байтақ астанамыздың бас басылымы «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы. Өткенде ғана Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев қандай күнделікті басылымға назар аударып отыратынын айтқанда, ең бірінші аузына «Астана ақшамы» газеті ілінді. Қалалық газет бола тұра, Қазақстан Республикасының Президенті оқитын басылым. Бұл дегеніміз – Ерекең басшылығымен жұртшылыққа ұсынылған «өнім» қоғам көкейіне қонып, жүрегіне жетіп жатыр деген сөз. Бұдан артық оның еңбегіне баға да қажеті жоқ шығар.

Ерекеңмен талай сапарлас болдық, бірге демалдық. Қандай жағдайда да өзінің парасат биігімен, қарапайымдылығымен баураған үстіне баурай береді. Гауһар жеңешеміз де Ерекеңді дәл тауып қосылған. Қыздай сызылып, жүзінен нұр шаша күлімдейді. Бір уақыттарда Ерекеңдер «Айман-Шолпан» деген көшеде тұрды. Дәл жандарында «Гауһар ана» деген көше болды. Әлгі көшені «Гауһар жеңешелеріңнің құрметіне алып бергенмін» деп қояды, қуақылана күліп. Оған жеңешеміз мәз. Берсе бергендей-ақ, жеңешеміз ұзақ жылдар ұлт қазынасын түгендеп жинайтын мұражайда қызмет етіп келеді. Талғамы – биік, түйгені – терең, ұстағаны – халық құндылықтары.

Ерекеңмен замандас іні, үзеңгілес серігі ретінде қатар келе жатқанымды өмірдің маған берген үлкен сыйы деп ойлаймын. Оның маңына топтасқан жақсылардың арасында мен де бармын деп мақтанышпен айта аламын. Өмірдегі жүріп өткен жолы «журналист болсам» деген жастарға үлкен өнеге, мектеп.

Көне медине Отырардың төрінен шығып, Ақмоланың айдынын асыруға атсалысып жүрген ағаға азаматтың жасы 60-қа толғанында жақсылықтан басқа тілеріміз де, айтарымыз да жоқ. Алты Алаштың баласы ат басын тіреген байтақ астанада бағың жанып, дәуірің дүрілдей берсін демекпіз. Заманның әлпетіне қарап бір данышпан: «Бәрі өзгереді: бөгделер туғаныңдай болып, туғаның жатқа айналады» депті. Шынында да, нарық қағидасына құрылған қоғамда алым-берім алға озып, кейбіреу­лер үшін достар көлденең көк аттыдай бөгдеге, бір кездегі сүйгені әшейін танысындай ғана елеусізге айналғанын талай көрдік. Бірақ Алланың бізге берген несібесі төңірегіміздегі дос-жарандарымыздан ешкім жүзін сыртқа салған жоқ. Заманына қарай адамы болғанымен, біздің Ерекең қазақы жадыдан жаңылған емес. Біз де маңында аға сыйлаған ұғыммен тірлік кешіп келеміз.

Жалпы көкейге түйгенім: жарқын жандар бақыт алып келеді, жамандар өмірді тануға үйретеді, нашарлар сабақ болады, ал бекзат болмысты тектілер ғанибет естелік сыйлайды. Әрқайсының өзіне лайықты бағасы бар. Ерекең бізге өзінің ешкімге ұқсамайтын қалпымен бақыт алып келді, көңілімізде тек жақсы естеліктер қалдырды. Ол алпысында туған Отанына тамырын терең жіберіп, атажұрттай алыпқа айналды. Жетпісінде жұрт іздеген жерұйыққа ұласатынына еш шүбәм жоқ.

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ, жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button