Жаңалықтар

ПАРАСАТТЫ ПОЛИЦЕЙ

ЖГУН1

Полиция старшинасы Николай Жгун қазақ тілінде қатырып сөйлейді. Қолға түскен бұзақылар өздерін ұстаған полицейге деген наразылығын қазақшалап соғып жатқанда, орта жолдан әңгімеге Жгун қосылады. Осылай, талай қылмыскердің аузын жапқаны бар.

«Өзге ұлтты көрсек болды, орысша сөйлейтін әдетіміз емес пе? Николайдың қазақшаға судай екенін естен шығарып, оған да орысша сөйлеп кетеміз. Ал ол қазақша жауап беріп, адамды ұялтып тастайды» дейді қазақ әріптестері.
Николай Қазақстанда тұрып жатқан кез келген азамат ұлтына қарамай мемлекеттік тілді білуі міндет деп есептейді. Өзі Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында оқушы болып жүргенде, қазақша үйренуге ден қоя бастапты. Қазақтың қара домалақтарымен бірге ойнап, сөйлесіп жүрген ол бір-бірте тілдік қорын көбейте бас­тайды. Абай өлеңдерін дауыс­тап оқып, тілін ұстарта түседі. Онымен қоймай, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен де етене таныса бас­тайды. Осылайша, айналдырған бірнеше жылдың ішінде беларусь ұлтының өкілі қазақ тілін меңгеріп шығады.
– Көптеген замандастарым қазақ тілін үйренуді қиынсынады. Оларға айтарым, қазақша үйренудің ешқандай қиындығы жоқ, тек ынта-ықылас болса жеткілікті. Қазір біз өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлегеніне емес, керісінше, сөйлемегеніне таң қалуымыз керек. Тілді үйренетін уақыт жетті. Болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келген әрбір азамат мемлекеттік тілді меңгеруге тиіс, – дейді Николай.
Астана қаласы ІІД «Сарыарқа» аудандық ІІБ полицейі жан жарын да қазақ қыздарының ішінен таңдапты. Жұбайы Жанна да құқық қорғау органында жұмыс істейді. Екеуі Ислам, Илана және Имран атты тәтті балдырғандарды тәрбиелеп отыр. Айтпақшы, екі үлкені қазақ балабақшасына барады.
Қазақстан халқының бірлігі күні – Николай мен Жаннаның сүйікті мерекелерінің бірі. Осы күні бұл шаңырақта қазақтың қазысы асылып, дастарқанға беларусь халқының қытырлақ картошкасы қойылады. Жылылық ұялаған отбасының тілегі де бір: елімізде тыныштық пен бейбітшілік болсын дейді.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button