БілімТаным

Парасатты полковник

Әр заман өз қаһармандарын тудырмай тұра алмайды. Алдыңғы толқын аға буын кейінгі жас толқынға әрдайым үлгі көрсетуі керек. Жас ұрпақ батырлықтың не екенін өз елі мен өз ағаларынан көріп өскені ғанибет. Ол ертең өзінен кейінгі ұрпаққа алдында өткен сол жақсылармен марқайып, соларды дәріптейді. Бұл, бір жағынан, патриоттық тәрбие болса, екінші жағынан, елдің қауіпсіздігі мен беріктігі. Жастарға үлгі болу – қазіргі аға буын үшін зор жауапкершілік.

Текті топырақтан түлеген сондай тұлғалардың бірі, кеудесі марапат белгілерге толы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, отставкадағы полковник шенінде жетпістің жотасына шыққалы отырған ардақты азамат – Қазкей Ысқақұлы Дангулов дер едік.

Қазкей Ысқақұлы 1951 жылдың 4 қарашасында Целиноград облысы Ақмола қаласында дүние есігін ашқан. 1968 жылы Қорғалжын кентіндегі №1 орта мектепті тәмамдап, талапты жас 1970 жылы Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесіне оқуға түседі.

Көптеген танымал қазақстандық әскери жетекшілер – жоғары әскери училище түлектері, мәселен генерал-полковник А.Қасымов, генерал-лейтенант Б.Ертаев, А.Тасболатовтар қатар оқыған Қазкей Дангуловты жақсы қырынан таниды.

1970 жылдан 2021 жылға дейін Қазкей Ысқақұлы әскери салада 50 жылдан астам қызмет атқарды. Полковник Дангулов курсанттан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы департаменті бастығының орынбасарына дейінгі жолдан өтті. 1974 жылы АЖӘКУ-ды бітірген бойда сол жылдың қыркүйегінен 1975 жылдың қарашасына дейін кеңес офицерінің дәстүрлі жолынан өтті – ЖЖМ оқу взводының командирі, бір жылдан кейін оқу ротасының командирі болып тағайындалды. 1977 жылдан 1979 жылға дейін Мозамбик Халық Республикасында шетелдік іссапарда болды, онда мотожаяуәскер бөлімшелерінің командирлерін даярлау жөніндегі маман қызметін атқарды.

Отанымыздың қорғаныс қабілетін нығайту ісіндегі ерен еңбегі үшін полковник Қазкей көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Уақыт тапшы дегеннің өзінде, ол жас ұрпақ үшін тәжірибе мен білім беруге қашан да ықыласты. Соның айғағы іспетті, 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің әскери кафедрасында жұмыс істейді.

Біз осындай тұлғамен қасиетті қара шаңырақ астында бірге әріптес болып жүргенімізге бек ризамыз. Оның Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде өзіндік сара соқпағы бар тұлға екенін мақтаныш етеміз.

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» деген сөз бар. Көптеген шәкіртке білім берген, дұрыс бағыт көрсеткен Қазкей Ысқақұлының шәкірттері осы күні биік белестерді бағындыруда. Парасатты полковник білім берген әскери кафедраның оқу взводтарының көптеген түлектері қазір ҚР Қарулы күштері қатарында әскери қызмет етуде. Мәселен, капитан Әлихан Құдайбергенов Нұр-Сұлтан қаласының 68665 әскери бөлімінде, аға лейтенант Біржан Жүнісов Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде қызмет етеді.

Әр адам ғұмырында оның өмір жолын айқындайтын ұстаздар мен жетекшілер болады. Солардың көмегімен жастар өз мүмкіндігін жетілдіріп, елге қызмет етеді. Сондай ұстаз – Қазкей Ысқақұлының ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.

Амангелді ЫБЫРАЕВ,

М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ

әскери кафедра басшысы,

полковник

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button