Қоғам

Параспортшымен кездесті

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Amanat партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Пара Азия ойындарының жеңімпазы Сиязбек Дәлиевпен кездесу өтті.

Жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сиязбек ­Дәлиев бала кезінен футбол, күрес сынды спорт түрлерін жақсы көріп өсті. Алайда жазатайым оқиғаға ұшырап, екі қолынан айырылды. Соған қарамастан, бүгінде ол – паражүзуден Азия және Еуропа чемпионы, әлем кубогының иегері.

Іс-шараға 60-тан астам студент қатысты. Жастар қауымының алдында спортшы қоғамның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасы, отбасының көрсеткен қолдауы және Паралимпиада ойындары алдындағы дайындығы жөнінде әңгіме өрбітті.

«Мен қатысқан алғашқы халықаралық жарыс 2009 жылы Токиода өткен Азия жасөспірімдер ойындары болды. Онда мен екі екінші және екі үшінші орын алдым. Осылайша, жеңістің дәмін татқаннан кейін менде ерекше ынта, қызығушылық пайда болды. Өзіңді сүйікті ісіңе арнаған кезде ғана мол нәтижеге қол жеткізуге болады. Бүгінде 2 баланың әкесімін. Оларды өмірлік жолыммен ынталандырамын деген ойдамын. Әркімнің жетістікке жетуге мүмкіндігі бар» деп атап өтті Сиязбек.

Айта кетейік, «Кедергісіз келешек» жобасы ерекше қажеттілігі бар отандастарымыздың өмір сапасын жақсартуға жәрдемдеседі. Жобаның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта құру, инклюзивті білім беру, жұмысқа орналасуға көмектесу және осы саладағы ел заңнамасын жетілдіру.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button