Париж-2024: нәтиже көңілден шықты ма?
Төрткүл дүниенің назарын өзіне аударған төртжылдықтың басты додасы аяқталды. Енді Париж Олимпиадасында жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді саралап, өзге елдермен салыстыруға болатындай.
Спорт ағылшын тілінен аударғанда «ойын, көңіл көтеру» дегенді білдіреді. Қазір спорт ойын-сауық мәніне қарағанда, саясаттың ажырамас бөлшегіне айналды әрі елдердің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-инновациялық әлеуетін бағамдайтын өлшемі саналады. Осы себепті Олимпиада ойындарында әлем елдері адами әлеуетін көрсетуді басымдық етіп, командалық есепте жоғарыдан көрінуге күш салады.
Соңғы онжылдықта АҚШ пен Қытай барлық салада бәсекелестікті күшейтті. Ғарышты игеруден бастап жоғары жетістіктер спортына да ерекше мән беруде. Мәселен, Токио Олимпиадасында АҚШ құрамасы 39 алтын, 41 күміс, 33 қола медаль жинап, командалық есепте топ жарды. Ал Қытай 38 алтын, 32 күміс, 18 қола медальмен екінші орын алған-ды. Қытайлықтар кеткен есесін Парижде қайтаруды ойластырып, соңғы сәтке дейін бірінші орында тұрды. Тек спорт ойындарынан дараланған АҚШ спортшылары жеңісті жұлып әкетті. Париж-2024 қорытындысы АҚШ 40 алтын, 44 күміс, 42 қола, Қытай 40 алтын, 27 күміс, 24 қола медаль еншіледі. Яғни қос командада алтын медель тең болғанмен, америкалықтарға күмістің көптігі көмегі тиді.
Соңғы сәтке дейін үздік үштікті Аустралия түйіндеп тұрған-ды. Жапония бір есебі бар екен, соңғы күні күрес түрлерінен екі алтын медаль еншілеп, жеңісті жұлып әкетті. Жапонияда – 20, 12, 13, Аустралияда 18, 19, 16 медаль жиынтығы бар.
Олимпиада қорытындысы бойынша үздік ондыққа енген командалардың қай-қайсысы да осал емес. Әлемдік экономикада өзіндік орны бар, ғылымды дамытуға басымдық берген, индустрия-инновация өндірісі дамыған елдер. Олар – Франция (16, 26, 22), Нидерланды (15, 7, 12), Ұлыбритания (14, 22, 29), Оңтүстік Корея (13, 9, 10), Италия (12, 13, 8), Германия (12, 13, 8).
Халықаралық спорт индексі Олимпиада ойындарындағы жетістік, элиталық спорттағы көрсеткіш, FIFA рейтингісі және тағы басқасы арқылы әлем елдерінің бұқаралық және жоғары жетістіктер спорт түрлерінің даму деңгейін саралайды. Халықаралық ұйымның көрсеткішін талдайтын болсақ, Париж Олимпиадасында үздік ондыққа кірген елдерде спорт инфрақұрылымы жоғары деңгейде, ғылыммен байланысы жақсы, медицина мен фармакология саласы дамығанын көруге болады.
Соғыс оты өршіп тұрған Украина спортшылары өрлікті, ерлікті, ірілікті көрсетіп, 3 алтын, 5 күміс, 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрінді. Грузияның табысы жаман емес, 3 алтын, 3 күміс, 1 қола медальмен 24-орынға жайғасты. Үздік отыздықты 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен Әзербайжан түйіндеді.
ТМД және Орта Азия елдері арасында ең жоғары көрсеткішке Өзбекстан қол жеткізді. Ала шапанды көршіміз 8 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жинап, жалпыкомандалық есепте 13-орынға көтерілді. Сөйтіп нағыз сенсация тіркеді. Жоқ, мұны сенсация дегеннен гөрі, ұзақ жылдық жүйелі жұмыстың жемісі, спортқа деген дұрыс көзқарастың нәтижесі дегеніміз дұрыс-ау. Айтқандай, 3 өзбек спортшысы 2 дүркін Олимпиада чемпионы атанды және 5 боксшы Олимп турнирінде дараланды. Мұны да зор жетістік деуге болады.
Біздің еншіге 1 алтын, 3 қола, 3 күміс жүлде бұйырып, 43-сатыдан көріндік. Әрине, өз-өзімізді ақтап алатын болсақ, оның жолы көп. Мәселен, 207 мемлекеттің арасында 43-орыннан көріну де жетістік. Екінші жағынан, Токио Олимпиадасында 8 қола медальмен 83-орыннан көрінген едік. Салыстырмалы түрде жоғарыладық. Бірақ біздің елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін есепке алсақ, үздік жиырмалықтың ішінде тұрақты көрінуге мүмкіндік бар деп есептейміз. Атланта, Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында соған жақын болдық та. Енді спорт саласындағы олқылықтардың орнын толтырып, 2028 жылы өтетін Олимпиада ойындарында үздік 20 команданың қатарында болатын шығармыз. Айтқандай, Париж төрінде күміс медаль олжалаған боксшы Нұрбек Оралбай Лос-Анджелес Олимпидасында күмісті алтын медальға алмастыруға уәде етті. Сөйтіп, чемпион рухты спортшы Нұрбек әуежайға күтіп алуға келген жерлестерін қуантты.
Елдегі бірқатар сарапшымен пікірлесіп, спортты іргелетудің, бәсекеге қабілетті етудің жолын түйіндедік.
Біріншіден, спорт пен ғылымның байланысын күшейтіп, спорт медицинасы мен фармакология игілігін мейлінше пайдалану керек.
Екіншіден, спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық спортты, әсіресе ауыл спортын бәсекеге қабілетті ету маңызды.
Үшіншіден, керексіз оқу-жаттығу жиындарын азайтып, спортшылармен бірге жаттықтырушыларды мемлекет өз қамқорлығына алып, жүйелі жұмыс істеу керек. Бүгінде бапкерлер бірнеше жерде жұмыс істеп, көп жағдайда шәкіртінің қасынан табыла алмай жатады.
Төртіншіден, отандық спортшылар арасында бәсекелестікті арттыру мақсатында алыс-жақын шет елдерден легионерлер алдыртқан жағдайда, тек үздіктерін шақыру керек. Бұл жағынан Өзбекстанның тәжірибесіне сүйенуге болады. Бұған Олимпиада бағдарламасы бойынша еркін күресте 74 келі салмақта 1-орын алған Дағыстан балуаны Разамбек Жамалов айқын дәлел болады.
Бесіншіден, спорт саласында психологтарды мамандандыру маңызды. Жекпе-жек түрлерінде біздің спортшылар өзімен деңгейлестерін ұтқанмен, әлемдік деңгейдегі спортшылармен шыққанда әдіс-тәсілдерді дұрыс орындай алмай, жүрісінен жаңылады. Осы жерде кәсіби психологтардың көмегін сезінеміз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ