Басты ақпаратШартарап

Париж-2024: қарқын қалай?

Олимпиада ойындары бел ортасынан асты. Төртжылдықтың басты додасына 207 команда қатысып жатса, 71 мемлекеттің спортшысы медаль алды. 44 елдің спортшысы алтын медальмен жанкүйерлерін қуантты. Әзірге Қытай Халық Республикасының құрама командасы жүлде жинаудан дес бермей келеді.

5 тамыз сағат 12:00-дегі мәліметтер бойынша қытай спортшылары 20 алтын, 15 күміс, 12 қола медаль жинап үлгерді. Бұған дейін өткен Олимпиа­да турнирінде 18 рет бас жүлдені алған АҚШ командасы оңайлықпен беріспейтіні белгілі. Жеңіл атлеттері мен жүзгіштеріне басымдық беретін америкалықтарда қазірдің өзінде 72 медаль жиынтығы бар. Оның 19-ы – алтын, 26-сы – күміс, 27-і – қола.

Өз елінде жанкүйерлерін жерге қаратпауға күш салатын Франция үздік үштікті түйіндеп тұр. Спорт державасына жататын Аустралия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Нидерланды, Германия спортшыларының қарқыны қатты. Турнирдің байрағы түсірілгенге дейін осы командалар өзара орын алмастырып, үздік ондыққа кіретін құрамаларды анықтайтын шығар.

Жә, өзгелердің жүлдесіне тамсанбай, өзіміздің көрсеткішке тоқталатын болсақ, Қазақстан 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен үздік отыздықты түйіндеп тұр. Біздің құрама команда бұдан төмен болар ма еді, Нариман Құрбановтың күміс медалі болмағанда. Иә, Париж төрінде спорттық гимнас­тиканың ат снарядындағы жаттығуда 15,443 ұпай жинап, күміс жүлдеге қол жеткізіп, тарихи сәтке куә болдық. Бұл – спорттың осы түрінен Олимпиада ойындарында ел қоржынына түскен алғашқы медаль.

– Нариман Құрбанов жанкүйерлердің үмітін ақтап, Қазақстан қоржынына күміс жүлдені салды. Бұл медаль – осы күнге дейін төгілген тер мен еселі еңбектің өтеуі деп білемін. Қазақстандық спортшылар әлемдік аренада кәсіби шеберлігін көрсетіп жатыр деп мақтанышпен айта аламыз. Бұл – Олимпиададағы соңғы жүлдеміз емес екеніне, әлі де Көк туымыз көкте желбірейтініне сенімдімін, – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Министр айтқандай, Нариманның күмісі соңғы жүлде емес, әлі екі боксшымыз бар. 80 келіде сынға түскен Нұрбек Оралбай ширек финалда доминикалық боксшы Кристиан Пиналесты 3:2 есебімен ұтып, финалға шықты. 8 тамызда Астана уақыты бойынша сағат 01:50-де украиналық Александр Хижнякпен алтын медальды сарапқа салады. Хижняк қатардағы боксшы емес, Токиодағы күмісін Парижде алтынға алмастыру үшін келген-ді. Ол Олимпиада ойындарын екі рет ұтқан Арлен Лопесті жарыстан шығарды. Біздің Нұрбек жаттықтырушылармен бірге Хижнякты ұтатын тактика ойлас­тырып, жеңістің жолын табатынына сенеміз. Н.Оралбай артында қалың қазақ елі тұрғанын жақсы біледі, намысты қолдан бермейтіні анық.

Олимпиаданың ширек финалында Назым Қызайбай Колумбия спортшысы Ингрит Валенсияны 4:1 есебімен ұтты. Назым үшін «қола – қолда, алтын – алда». Енді жартылай финалда қытайлық Ву Юмен жұдырықтасады. Боксшымызға сәттілік тілейміз!

Бокс тақырыбы қозғалғанда өзбек боксын тақырыптан тыс қалдырмайтын әдетіміз емес пе?! Ала шапанды көрші елдің спортшылары 1 алтын, 2 қола медальмен 32-орында тұр. Ендігі үміттері – боксшыларында. Біздің Сәкенді ұтқан Хасанбой Дусматов екінші рет Олимпиада чемпионы атануға ниетті. Әрі бұл мақсатын орындауға бір қадам жақындады. 92 келідегі Лазизбек Муллажонов жартылай финалда тәжік боксшысы Давлат Болтаевты ұтты. Одан бөлек, Абдумалик Халоков, Асадхужа Мўйдинхужаев, Баходир Жалолов сапалы медаль алуға күш-жігерін салатын болады. Егер өзбек босшылары кем дегенде екі алтын медаль алса, командалық есепте біздің алдымызды орайтыны анық.

Өзбекстан ғана емес, Қырғызстан тарихи жетістікке жетуге дәмелі. Бүгін айыр қалпақты ағайынның балуандары кілемге көтеріледі. Соңғы екі-үш жылда лайықты қарсылас таппай жүрген. Жоламан Шаршенбеков екі жыл қатарынан әлем чемпионатын ұтты, Азия ойындарын жеңді. Ендігі мақсаты – Олимп шыңы. Жоламанмен бірінші айналымда біздің балуан Айдос Сұлтанғали күреседі. Айдос жеңістің жолын табатынына сенеміз.

Қырғыздар үкілеп отырған Ақжол Махмұдов, Айсұлу Тыныбекова, Айпері Медетқызы кілемде бар күшін сарқып, өз еліне жүлде алып береді. Айтқандай, қырғыз боксшысы Мунарбек Сейитбек уулу тұңғыш рет Олимпиада да медаль алды. Енді сапасы қандай болатыны жартылай финалдағы өнеріне байланысты.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button