Басты ақпаратҚоғам

Париж-2024: сәтті басталды

Париж Олимпиадасының екінші күні Қазақстан қоржынына 1 алтын, 2 қола медаль түсті. Сөйтіп, Токиодағы сәтсіздікті жеңіске айналдырды. Ойындардың екінші күні жалпы саны
82 медаль сарапқа салынды. Әзірге 28 мемлекеттің спортшылары жүлде алды.

12 елдің мықтылары алтын медаль алып үлгерді. Жапония мен Аустралия спортшылары 4 алтын медальдан еншіледі. АҚШ, Франция, Корея, Қытай 3 алтын медальдан олжалады. Қазақстан, Бельгия, Германия, Гонконг, Өзбекстан атлеттері 1 алтын медаль алды.

Алтын демекші, ұлттық құрамаға сапалы медальды Елдос Сметов салды. Қазақ жанкүйер­лері Елдостың жолын бағып, тақымын қысып, теледидарға телмірді.

Бірінші айналымда Нидерланд мықтысы Торнике Чакадуамен белдесті. Викингтердің өкілі турнирге жақсы дайындықпен келіпті. Күрес қосымша уақытқа ұласып, Елдостың қарсыласы үш ескерту алып, жарыстан шықты. 1/8 финалда украиналық Дильшот Халматовты визари ұпайымен жеңді. Тартысты белдесу ширек финалда орын алды. Спорт сарапшылары Токио Олимпиадасында күміс жүлде алған тайпейлік Ян Юн Вейді Парижде алтын медальға таласатын дзюдошының бірі деген-ді. Елдос өзіне сенімді қозғалып, ұрымтал сәтте орындаған тәсілі визари ұпайымен бағаланып, жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда Еуропаның үш дүркін чемпионы, испан Франсиско Гарригоспен жолы түйісті. Франсиско қатардағы спортшы емес, ол да Парижге алтын алу үшін келді. Бұған турнирдің негізгі фавориті жапон Рюдзю Нагаяманы ұтқаны дәлел болады. Елдос сақтанып күрескені сырт көзге көрініп-ақ тұрды. Өйткені испан спортшысы физикалық тұрғыда мығым, әдіс-тәсілдерді шапшаң орындайды. Бұл белдесу қосымша уақытта ұласып, иппон нәтижесімен Елдос басым түсті.

Ақтық сында жергілікті дзюдошы Лука Мхеидзе арқаланып, жеңіске жететініне сенімді шықты. Оны қолдайтын француз жанкүйерлері қалың болды. Франция Президенті Эммануэль Макрон да арнайы қолдау үшін жанкүйерлер арасынан табылды. Бірақ біздің Елдос мықты екенін дәлелдеп, вадза-ари ұпайымен жеңіске жетті. Ол 3 олимпиада циклында өз биігінен түспей, Рио-де-Жанейрода күміс, Токио­да қола, енді Парижде алтын медаль олжалап, алаш жұртының атын әлемге әйгіледі.

– Алтын жүлдені оң жақтан да, сол жақтан да көрдім. Енді алтынды жоғары тұғырда тұрып көру бұйырды, – дейді Олимпиада чемпионы.

Қазір әлем спорты қатты дамып кетті. Әсіресе ғылыммен қаруланған озық елдердің атлеттері турнирлерге рекорд орнату үшін қатысады. Жапонияның дзюдошыларын осы қатарға жатқызуға болады. Біздің Елдос табысты өнерімен ерекшеленіп, елді рухтандырып тастады. Бұл туралы белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек: «Елдос жеңісімен қазағының рухын шырқау биікке көтерді. Ел жеңіске сусап отыр екен. Қоң етінен ет кесіп алсаң да, қыңқ демейтін небір жігіттер кеше Елдостың жеңісіне балдай еріп, көз жастарына ерік берді. Қуаныштың көз жасы, бақыт жасы!» деп толғанды.

Париж төрінде алғашқы медальды оқ атудан Ислам Сәтпаев пен Александра Ле қола жүлде алды. Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеген Ислам мен Ленің германия­лық мергендермен бәсекесін көрдік. Нысананы дәл көздеуде қырағылықтан бөлек, сабыр мен шыдамдылық керек екені анық. Біздің мергендер сын сағатта салқынқандылық танытып, жеңісті жұлып әкетті.

Тағы бір қола медальды дзюдошы Ғұсман ­Қырғызбаев еншіледі. Жарыс жолында Олимпиаданың басты фавориті корейлік Ан Ба Улды жеңді. Ал ширек финалда жарыс ­қожайыны Валид Хярдың жауырынын жерге тигізді. Жартылай финалда бразиялық Уильян Лимадан жеңілгенімен, қола медальға таласта серб
Страхиня Бунчичті жықты.

Өкініштісі, дзюдошы Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиа­дасының қола жүлдесі үшін белдесуде Тара Бабулфаттан (Швеция) жеңіліп қалды. Ұлттық құраманы бастап барған боксшы Асланбек Шымбергенов те келесі айналымға өте алмады.

P.S. Елдос Сметовтың жеңісті жолы өзге қазақ спортшыларына жұғысты болып, мемлекеттік туды төбеге көтеретін сәттерді көп көрейік. Боксшылар, ­балуандар, жеңіл атлеттер, гимнасшылар мен ­мергендер қуантады деп ойлаймыз.

Нұрлат Байгенже

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button