Басты ақпаратЖаңа Қазақстан

Париж-2024: үміт басым, күдік те жоқ емес

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасына қатысатын ұлттық құрама команданың мүшелеріне сәттілік тілеп, Мемлекеттік туды тапсырды. 11 күннен кейін басталатын Олимпиада ойындарында біздің спортшылар нәтижелі өнер көрсетуге бар күш-жігерін салады.

Сәтсіздіктен сабақ алдық па?

Қазір спортшылар дайындығын пысықтап жатса, сарапшылар әлем елдері спортшыларының медаль алу мүмкіндігін талдауда. Мәселен, Gracenote сараптамалық компаниясы әлем және құрлық чемпионатының қорытындысын есепке алып, төртжылдықтың басты додасында қай мемлекет көш бастайтынын саралады.

Парижде 33-ші рет өтетін Олимпиада бағдарламасына 32 спорт түрі енсе, спортшылар 329 жүлде үшін бәсекелеседі. Бізді Gracenote компаниясы біздің спортшылардың мүмкіндігін қалай бағалағаны қызықтырды. Мәліметке сенсек, Қазақстанға 2 алтын, 2 күміс, 6 қола медаль бұйырып, жалпы командалық есепте 26-орынға тұрақтайды. Егер нәтижеміз осылай болатын болса, онда Токио Олимпиадасымен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш. Естеріңізде болса, 1996 жылы Қазақстанның олимпиадалық командасы алғаш рет үздіктердің бәсекесіне қатысып, 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальмен командалық есепте 24-орыннан көрінді. Одан кейін Сиднейде – 22-ші, Афинада – 40-шы, Пекинде – 29-ші, Лондонда – 24-ші, Рио-де-Жанейродо – 30-орын алса, Токиода 83-орынға құлдырады. 2000 жылы ең нәтижелі Олимпиада болып, төрт боксшымыз финалға шыққан еді. Одан кейінгі жылдары спорт саласындағы нәтижелер біресе төмендеп, біресе жоғарылады. Спорт сарапшылары мұның түрлі себеп-салдарын алға тартты. Саланы дамытуда ғылыммен байланысты күшейтіп, спорт медицинасын ілгерілету керектігін айтатындар көп. Соның бірі – белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбек.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары спорт пен ғылым ажырады. Спорт саласында ғылым кенжелеп, соның салдарынан сапалық деңгейіне әсер етті. Қазір он бапкердің сегізі қолына қалам ұстап, жеке жоспар құрып, әр спортшының мүмкіндігін зерделей бермейді. Керек десеңіз, он бапкердің тоғызы жоспарсыз жұмыс істейтін жағдайға жеттік» дейді спорт сарапшысы.

Біз спортты дамытудың жолы қандай, неден, қалай қателік жібердік деп жүргенде, Өзбекстан спорты қарыштап дамып келеді. Мәселен, Рио-де-Жанейрода – 21-ші, Токиода – 32-сатыға тұрақтады. Бұл көрсеткіш біздің нәтижемен салыстырғанда жоғары. Тіпті біздің спортшылардың жетістігіне қызығып жүретін Қыр­ғызстан спортшылары әлемдік рейтингте көш басында тұр. Мәселен, Gracenote компаниясы зерттеуінде Өзбекс­танды Қазақстаннан жоғары қойып, көрші елдің ­спортшылары 3 алтын, 2 күміс, 6 қола бұйырады-мыс.

Спорты дамыған алпауыт ел – АҚШ командасы 37 алтын, 34 күміс, 52 қола медальмен топ бастайды деп тұжырымдайды. Үздіктер қатарына Қытай, ­Франция, Нидерланды, Ұлыбритания және Жапонияны жатқызады.

Олимпиада ойындары спортшылардың бабы мен бағын сынайтын алаң ғана емес, әлем елдерінің экономикалық және әлеуметтік қуатын бағалайтын платформаға айналды. Мәселен, 2012, 2016, 2021 жылы өткен Олимпиада ойындарында АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Жапония спортшылары көп медаль жинап, спорттық держава екенін дәлелдеді. Бұл елдердің жаһандық экономика динамикасына әсері де белгілі.

Токио төріндегі Қазақстан спортының деңгейін көріп, сәтсіздіктің себеп-салдары аз талданған жоқ. Енді сәтсіздіктен сабақ алып, Парижде ұпайымызды түгендеп, жоғары жетістікке қол жеткізетін шығармыз.

 

Астана –

ұлт спортының

биік тұғыры

 

Париж Олимпиадасына Қазақстан атынан 80 спортшы қатысады. Олар 25 спорт түрінен 92 жолдамаға ие. Көп лицензия­ны боксшылар алды. Ерлер 7 салмақ дәрежесінде, әйелдер 3 салмақта сынға түседі. Ал дзюдошы ерлер 5 салмақта, әйелдер 3 салмақта медальға таласады. Көп жолдаманы спорттық гимнастика өкілдері алды. 2 гимнаст 8 бағдарлама бойынша өнер көрсетеді. Жеңіл атлеттерде де 8 жолдама бар. Байдарка мен каноэде есу мен оқ ату түрінен 6 олимпиадашы бақ сынайды. Семсерлесуге 5 жолдама тиесілі. Садақпен ату, еркін және грек-рим күресінің шеберлері 4 лицензиядан алды. Одан бөлек, стендтік ату, үстел теннисі, теннис, веложарыс, жүзу, қазіргі бессайыс, таэквондо, бадминтон, ескек есу, көркем гимнастика, триатлон, брейкинг және құзға өрмелеу­шілер ел қоржынына медаль салуға күш салады.

Қазақстан олимпиадашыларының 54-і – ер адам, 26-сы – әйел адам. Оның 54-і турнирдің мұндай деңгейінде алғаш рет өнер көрсетеді. Команданың жалпы орта жасы – 26,5 жас. Ең жас спортшы – 17 жастағы Төлеуғали Батырхан. Жас таек­вондошы 80 келі салмақта өнер көрсетеді. Көркем гимнасшы Эльжана Таниева 18 жаста. 37 жастағы семсерлесу шебері Эльмир Алимжанов пен 36 жастағы мерген Мария Дмитриенко команданың ардагерлері саналады. Астаналық спортшылар арасында ең жасы – 24 жастағы Әділбек Мусин, ағайынды Айбек және Нұрбек Оралбайлар.

Алматы қаласының спортшылары 17 лицензия алса, Астана қаласының 13 спортшысы 15 жолдамаға ие.

Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий ­Левиттен олимпиадашылардың спорттық бабы туралы сұрадық.

– Париж Олимпиадасына Астана қаласының 13 спортшысы қатысады. Қазіргі бессайыстан Елена Потапенко мен жүзу шебері Әділбек Мусин екі жолдамадан алды. Токиода Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген жас спорт түрі – құзға өрмелеу бойынша Әмір Маймуратов қатысады. Бабы мен бағы сай келсе, Елена Рыбакинадан жүлде күтеміз. Боксшылар Айбек пен Нұрбек Оралбайлардың ұлттық құрамаға медаль салуға қауқары жетеді. Әрине, біздің өзге спортшылардың да Олимпиада бәсекесін қыздыруға әлеуеті жетеді, – деп бағасын берді.

Рио-де-Жанейро Олимпиадасында атой салған Василий Левитті түсінуге болады. Ол «Арық айтып, семіз шық» дегенді ұстанып тұрғаны анық.

Жоғары жетістіктер спортының жетілдіруде спорттың бұқаралық сипат алуы маңызды десек, елордада 551 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады. Бұл – елордалықтардың 39,1 пайызы. Спорт және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 1081 ұжым жұмыс істейді. Бас қалада халық санының көбеюімен бірге спорт инфрақұрылымы жетіліп келеді. Қазір қалада 680 спорт ғимараты жұмыс істейді. Бұған мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативті есептеу бойынша жұмыс істейтін мыңдаған секциясына қосу керек.

 

Сарапшылар  не дейді?

 

Сан болған жерде сапа болады. Яғни бұқаралық спорт – жоғары жетістіктер спортының негізгі фундаменті. Токио Олимпиадасындағы есемізді Парижде орнын толтыруға мүмкіндік бар. Спорт сарапшыларынан осы туралы сұрадық.

Спорт журналисі Аслан Қаженов:

– Президент Үкіметке Токио­дағы сәтсіздіктен қорытынды шығаруды тапсырды. Нәтижесінде министр мен Ұлттық Олимпиадалық комитет басшысы ауысып, ішінара өзгеріс­тер орын алуда. Бірақ мұның бәрін серпінді бастамалар дей алмаймын. Отандық спортты түбегейлі реформалау маңызды.

Өкініштісі, төрт жылда төрт министр ауысты. Әр басшының өз көзқарасы болады дегендей, өзінің жаңа бастамаларымен келеді. Бір басшы бастаған істі екіншісі жалғамай, бәрін басынан бастайды. Ведомостваға қарасты мекеме жұмысымен танысып бірнеше ай жүреді…

Заманауи спорт қатты дамып кетті. Адамның физикалық мүмкіндігі жетпейтін нәтижеге қол жеткізуде. Бәрі ғылым мен медицинаның арқасында. Озық елдердің тәжірибесінен осыны көруге болады. Бізде спорт ғылымы мен медицинасы кенжелеп қалды. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев осы саланы жүйелеуге басымдық беріп, нақты тапсырма жүктеуде. Енді министр көтерген бастамалар федерация мен басқармалар тарапынан қолдау тапқаны дұрыс. Болмаса бастама баянсыз болады, – деді.

Спорт сарапшысының жоғарыдан көтерген бастамалар жергілікті жерлер қолдауы керек дегені өте орынды. Себебі басқармалар әкімнің сойылын соғады, өзін бөлек мемлекет сезінеді. Федерациялар қолы ұзын адамдардың уысында. Оларға бюджеттің қаржысы болмаса, көп жағдайда қаржы егесінің сөзін керек етпейді.

– Біздің елде 180 спорт түрі қаржыландырылады. Бұл – бюджетке үлкен салмақ. Ұлтымыздың қарым-қабілеті мен болмыс-бітіміне жақын спорт түрлері бар. Бұрыннан нәтиже беріп жүрген, мектебі қалыптас­қан спорты ерекшелеп, соларға басымдық беру керек. Өзбекс­тан 11 ұлттық, 17 олимпиадалық спорт түріне басымдық береді. Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен ақша бөлсе, Франция 17, Германия 18 спорт  түріне қазынадан қаржы қарайды. Қалған спорт түрлері коммерциялық бағытта өз жолын табады. Бізге атын білгенмен, затын білмейтін спорт түрлерін дамытуға бас ауыртпай, Олимпиада бағдарламасына және ұлттық спортты ілгерілетуді ойлау керек. Қазір жоғары жетістік спортында орта жас ұлғайып келеді. Осыған көңіл бөліп, буын алмастыруды ойлау керек. Сонда ғана спорттағы жетістігіміз оң нәтиже береді. Токиода кейінгі циклда қандай ауқымды жұмыстар атқарылды, мұның жауабын Париж төрінде білетін боламыз. Бұл жолы салыстырмалы түрде нәтижеміз жақсарады, өйткені соңғы Олимпиадасына жақсы көрсеткіш үшін баратын сақа спортшыларымыз көп, – деді Аслан Қаженов.

Кейде күтпеген спорт түрінен спортшылар медаль салып жатады. Азия ойындарында көзге түскен мерген қыздарымыздың жүйкесі сыр бермесе, жүлде алуы әбден мүмкін. Боксшылар ауыр жауапкершілікті арқалайды. Өйткені бір алтын медальды спорттың осы түрінен күтеміз. Атлантадан Риоға дейінгі алты Олимпиада ойынында боксшылар тұрақты алтын медаль алып келген-ді. Күрес түрлерінен Ресей балуандары қатыспайды. Бұл турнирдің деңгейіне әсер етіп, біздің балуандарға тамаша мүмкіндік береді. Жүзу, теннис,  гимнастика, велоспорттан олжалы болсақ, қанжығамызға тар келмейтін еді.

P.S: Токио Олимпиадасындағы сәтсіздікке пандемия кінәлі болған-ды. Енді келешектен жақсылық күтіп, Парижден үміт етеміз, бірақ күдік те аз емес. Өйткені, спорт саласындағы проблеманың барлығын шешіп, серпінді дамытуға әлі талай жыл кетеді.

 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button