Мәдениет

«Париж кәдесыйы»

«Астана Операның» бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың «Парижден кәдесый» атты авторлық бағдарламасымен 14-15 шілдеде «Астана Операның» IX театрлық маусымын аяқтайды.

[smartslider3 slider=3455]

Бұл концерт тыңдарманға бір гала-опера аясында жиырмадан аса танымал, сондай-ақ француз композиторларының өте сирек орындалатын жауһарларымен танысуға мүмкіндік береді. Барлық шығармалар XIX ғасырдағы француз мәдени өмірімен өзара тығыз байланысты. «Бұл жоба – XIX ғасырдың француз романтикалық операсы секілді шоқтығы биік мәдени құбылысты бүкіл кеш бойы қамтуға жасаған шығармашылық талпыныс. Бұл ұғымның кеңдігі сонша, осынау жалпыланған терминнің ішінде ол көптеген бағыттарға бөлінеді. Гуноның «Фауст», Бизенің «Кармен» немесе Делибтің «Лакме» секілді үш атақты француз операсын атасақ та, олардың романтизм, реализм және ориентализм секілді түрлі ағымдарды білдіретінін көреміз. Біздің концертімізде ұсынылған барлық композиторларды не біріктіреді десек, ол жоғары талғамға, тапқыр­лыққа, кемелдікке, мәнер көркемдігіне, әуен әсемдігіне, драмалық көріністердің көзтартарлығына, әуенді әрі үйлесімді айналымдардың төлдаралығына құштарлық. Мәселен, ұлы Жорж Бизе сөзге екпінді дұрыс түсірмегенде сөз өзі шығарған әуенге «қонып» тұрса, ол әуен үшін екпінді солай қате күйінде қалдыра салады. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, үйреншікті болмау – француз операсы мәнерінің ең маңызды құрау­шы тұстарының бірі» дейді Алан Бөрібаев.

Айта кету керек, Қазақстан мен Францияны, әсіресе Парижді берік шығармашылық көпірлер байланыстырады. Әміре Қашаубаевтың 1925 жылы Париждегі өнер көрсетуін екі елдің мәдени қатынастарының бастауы деп есептеуге болады. Ол біздің өнерімізді еуропалық сахнада таныстырған алғашқы қазақстандық орындаушы атанды. Парижде ұлы қазақ ойшылы Абай, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезовтің мерейтойлары да өткен болатын, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде қазақтың ұлы композиторы Ахмет Жұбанов­тың 100 жылдық мерейтойы өтті, оған Алан Бөрібаевтың өзі дирижерлік етті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button