Парсыша білімін сынады
Елордадағы Иран Ислам Республикасының елшілігінің мәдени орталығында парсы тілін үйреніп жүрген астаналықтар арасында «Ирантану және парсы тілі мен әдебиеті» бойынша олимпиада өтті.
Иран елшілігінің мәдени өкілдігі дос әрі бауырлас Қазақстан халқының өз тарихын жаңғырту жолындағы парсы тілінің маңыздылығын назарға ала отырып әрі екі ел халықтарының бір-бірімен таныстығын арттыру және көне замандардан келе жатқан мәдени байланыстарды қайта жаңғырту мақсатында бірнеше жылдан бері 15-60 жастағы астаналықтар арасында парсы тілі курстарын өткізіп келеді. Курс қатысушылары арасында олимпиада өткізу арқылы олардың тілдік деңгейін анықтаумен қатар, халық арасында парсы тілін оқудың маңыздылығы мен артықшылықтары жайында ақпараттандырды.
Олимпидада Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі әрі шет елдерде парсы тілі мен иран мәдениетін насихаттауға бағытталған Иранның Саади атындағы мемлекеттік қорының Қазақстандағы ресми өкілі Али Акбар Талеби Матин мен Ираннан арнайы шақыртылған парсы тілін шетелдіктерге оқыту саласының PhD докторы Марзие Разави төрелік етеді.
Саади атындағы мемлекеттік қордың осы Олимпиадаға арнап дайындаған сауалдарына жауап беріп, қатысушылар арасында ең көп ұпай жинап, үздік білімін көрсеткендерге сертификаттар мен жүлделер табысталды.
Айгүл УАЙС