Партия бағдарламасын талқылады

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штаб мүшелері «ҚазЖол» ғылыми-зерттеу институты ұжымымен кездесті.
Былтыр «Ақ жол» фракциясы жол құрылысының құнын төмендету мен сапасын арттыру, битум тапшылығын шешу, жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу мәселелерін парламентте бірнеше рет көтерді. Осы мәселе бойынша жол-көлік саласы кәсіпорындары қауымдастығының, Индустрия министрлігінің, автомобиль жолдары комитетінің, «Қазавтожол» АҚ және ғылыми ұйымдардың қатысуымен фракцияның екі отырысын өткізді. Үкіметке бірқатар сауалдар жолдады. Нәтижесінде Индустрия министрлігі осы саладағы технологиялық зерттеулер мен жаңашылдықтарды қолдауға, ғылыми кадрлар мен зертханалық базаны нығайтуға шешім қабылдады.
Кездесу аясында ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен «Ақ жол» партиясының бағдарламасы талқыланды. Ұжымда жастар көп, сондықтан сайлаудың әділ өтуі үшін IT технологияларды қолдану, сайлаушының дауысы кімге жазылғанын кері бақылау мүмкіндігі, сайлау бюллетеньдерін беру кезінде бейнебақылау және құжаттарды сканерлеуді енгізу және т.б. туралы сұрақтар қойылды. Сондай-ақ кездесуге қатысушыларды ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру, ШОБ-ты дамыту мүмкіндіктері мен шенеуніктердің қысымынан қорғау мәселелері де қызықтырды. Шағын кәсіпкерлік үшін патентті қолданудың шекті деңгейін ЖЖА-да 60-70 млн тг дейін кеңейту қажеттілігі; бизнеске негізсіз зиян келтіргені үшін лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін енгізу және т.б. туралы айтылды.
«Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Берік Дүйсембинов пен партияның Астана қалалық филиалының төрағасы Асқар Смағұлов парламенттік талқылау мен қалалық мәслихаттағы фракция жұмысынан мысалдар келтірді.