Жаңалықтар

ПАРЫЗЫН ӨТЕГЕН ПАРТИЗАН

ERA_4818

Астана қаласындағы Ұлттық кітапханада соғыс ардагері Рахметолла Егізбаев туралы жазылған «Майдангер партизан» кітабының тұсаукесері өтті. Кітап авторы – танымал тележурналист, ҚР Мәдениет қайраткері Баян Мұхамбеталиев.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жарық көріп отырған бұл туынды «Дәйекке негіз деректер», «Өнеге толы естеліктер» атты екі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімнің «Дәйекке негіз деректер» деп аталуы кездейсоқ емес. Өйткені, майдангер парти­занның өзі де, онымен бірге жау тылында соғысқан қаруластары да өмірден озып, жарық дүниемен қош айтысқан. Сондықтан қаламгер Беларусь еліне арнайы барып, мемлекеттік Ұлттық мұрағаттағы партизан қозғалысы туралы материалдармен танысады. Нәтижесінде, Рахметолла Егізбаевқа қатысты құжаттармен қатар, құрамында жерлестеріміз болған «Чекист» бригадасының ерлік істері де кітапқа енеді.
Автордың мұрағат құжаттарын зерттеу қорытындылары алғашқы бөлімдегі «Сегіз жылға созылған екі жыл», «Партизандық өмір соқпағы», «Мұратты күндер мұрағаты» атты тарауларда беріледі.
Екінші бөлімде ардагер пар­ти­занның 1947 жылы туған елге аман-есен оралғаннан кейінгі бейбіт өмірі суреттелген.
Кітаптағы «Әкелер даңқы жолымен», «Бейбіт өмір бейнелері» атты топтамамен берілген фотосуреттер мен дерек-дәйектер шығарма мазмұнын аша түседі.
Таныстырылымда сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов өз ойын «…Біз бір ауылдың шаңын жұтып, бір өзеннің суын іштік. Рахметолла ағаның көзін көріп, Зина апамыздың қолынан талай дәм таттық. Рахаң қанша адамның өмірін қиған қан майданнан аман-есен оралып, он бала тәрбиелеп өсірді. Осының өзі де ерлік емес пе?! Сондықтан бұл кітап – тек біздің ағамызға ғана емес, соғысқа қатысқан барша майдангерлерге арналған ескерткіш. Ал аталар ерлігін ешқашан естен шығармай, құрмет тұту – ұрпақ парызы!» деп түйіндеді.

Тұрмағанбет КЕНЖЕБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button